50312
Түркістанда 700 бала жатақханада төрт ауысыммен оқуға мәжбүр
Түркістанда 700 бала жатақханада төрт ауысыммен оқуға мәжбүр
Сарыағаш ауданында 700-ге жуық бала ескі жатақхананың аядай ғана бөлмелерінде білім алып жатыр деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv-ке сілтеме жасап.
Нұрлы жол ауылындағы жалғыз мектеп 50 жыл бұрын жатақхана ретінде салынған. Халық көбейген соң 30 жылдан бері мектеп ретінде жұмыс істеп тұр. Ширек ғасыр ауыспаған партасы мен тақтасы да тозып кеткен. 700 бала бар-жоғы 10 бөлмеде төрт ауысыммен оқуға мәжбүр.
«Үлкенім сағат 8:00-де барады, екінші ұлым сағат 12:00-де мектепке барады, үшіншім сағат 14:00-де оқиды. Төртінші кішкентай қызым, екінші сыныпта сағат 14:00-де барып, 19:30-да қайтады. Мектепте 45 минуттан емес, 35 минуттан оқиды. Себебі сынып жетпейді, уақыт жетпейді. Бізде әріпті әріпке қосып оқи алмайтын оқушылар бар. Олармен жұмыс істеу үшін сынып керек», – деді Сарыағаш ауданының тұрғыны Ботагөз Медешова.Мектепте орындық пен үстел сыйған жердің бәрі сыныпқа айналып кеткен. Тіпті, 70 мұғалім дәлізде отыруға мәжбүр.
«Санэпидстанция стандартқа сай емес» дейді. Тақта, парта тесік. Есік алдында асфальт жоқ. Оның бәрін мұғалімдер істемейді ғой. Есік алдын қолдан келгенше цемент құйдық, сөздің шыны. Оқушылар мұзда тайып, құламасын деп шатырмен жаптық. Қолдан келгенше істеп жатырмыз, сонда да мұғалімдерге 670 мыңнан артық айыппұл салады, өздері төлейді», – деді Б. Омаров атындағы №50 мектептің мұғалімі Ержан Бекназаров.2 адам қатар жүре алмайтын білім ошағының мәселесін мұғалімдер өздері шешуге тырысып та көрген. Бұрын асхана ретінде салынған ғимарат қазір акт залы, керек болса, спорт залы болып та пайдаланыла береді. Түйткілді халық 7 жылдан бері білім бөліміне де, облыс әкіміне де айтып келеді. Тіпті, тұрғындар мектепке деп өз жерлерін беріп, құжатын да реттеген. Алайда шенділер мектептің жайына енді ғана назар аударып жатыр.
«Қазір 300 орындық мектептің құрылысы жоспарланып отыр, мердігер анықталды. Биылға жоспарланған 10 миллион ақшаны қазан айынан бастап шұңқыр қазып басталады. Жалпы құны - 1 миллиард 151 миллион 712 мың теңге. Келесі жылдың оқу жылына пайдалануға беруге жоспарланып отыр», – деді Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Ақатов.Жауаптылар жаңа мектеп келер жылы қолданысқа берілетініне сендірді.