1705
Талғамы дұрыс еместің алғаны дұрыс емес
Талғамы дұрыс еместің алғаны дұрыс емес

«Талғамға талас жоқ» деген бір тәмсіл бар, кей жағдайға дұрыс келгенімен жалпы пайдалы сөз емес. Неге? Өйткені адамзат ақыл-ойының дамуы көп нәрсенің терістігін дәлелдеумен келеді. Адамның ақыл-есімен бірге талғамының да қалыптасатыны белгілі, бірақ соған дер кезінде мән бермеген ата-ана ұрпағының өскенде рухани жарымжан болып қалуына жол береді. Ендеше «талғамға талас» бар.
Биік талғамға зеректік пен білімділік, рухани бекзаттық жол бастайды. Ал оның бастауында дұрыс тәрбие тұрады.
Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген бар, яғни отбасының өнегесі бәрінен маңызды деген сөз. Әрине, Абай айтпақшы, «ойға түсіп ойланып, өз мінін қолға алып», отбасынан кемел тәрбие алмаса да ізденіп, өзін-өзі жетілдіріп, ортасынан оза шауып шыққандар болады, бірақ олар некен-саяқ және олардың солай дұрыс жолға түсіп кетуіне бәрібір талғамды өсіретін жағдайлар себеп болады.
Ертеде қазақ көргенді адамдарды «ел көрген, жер көрген» дейтін болған. Демек, ондай ел көрген, жер көрген кісілердің талғамының да ерекше келетінін білген. Ал халық қай жерден нені үйренуге болады, қайткенде адам көп біледі, сол арқылы қалай жетіледі дегенді жақсы ескерген. Бұл нәрсеге өнер адамдары да көп көңіл бөлген.
Шаршы топқа түспеген
Сөз қадірін білмейді,
Иығына ілмеген
Бөз қадірін білмейді.
Елден шығып көрмеген
Ел қадірін білмейді,
Шомылмаған суында
Көл қадірін білмейді, – деген халық термесі соның нақты айғағы болса керек.
Сол сияқты Абайдың:
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің-бірің сөйле сөзін тосып.
Біріңді-бірің ғиззәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес, – деуінде де талғам қалыптастыру мәселесі бар. Бұл – тұтас қазақи тәрбиенің қағидасы. Қазақта үлкеннің сөзін сыйлау, білгеннің ойын тыңдау деген өнегенің мәні.
Әр ұлттың өзіндік болмысы, соған сай тәрбиесі болады. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» деген де қазақи мәрттік, сөзге тоқтау деген өнегенің көрінісі, яғни, талғам. Сөзді, сөз білгенді сыйлау.
Сұлулыққа сүйсіну, үйлесімділікті бағалай білу деген өздігінен пайда болатын нәрсе емес, оған талғам қалыптастыру жолында ақылды, талантты біліммен толықтыру арқылы жетсек керек. Өнерде классика деген ұғым бар. Ол жалпыға таныс, көпшіліктің мойындаған зат не құбылысқа қарата айтылады. Классикалық дүниелердің бәрі қай салада болса да әбден жетілген ұғым не үлгі. Сондықтан түрлі талғамның себебінен пайда болған зат не құбылысты классикалық үлгімен салыстыра отырып бағалай аламыз.
Әдебиет пен музыка, өнер мен ғылымда да классиканың рөлі зор. Себебі классика да талғамды қалыптастырушы ұғым.
Айталық, Абай, Мағжан, Мұқағали, Төлеген өлеңдерін оқып, бойына сіңірмеген адамға ұйқасқанның бәрі өлең көрінуі мүмкін. Ал өмір бойы көше әндерін тыңдап өскен адам Димаш Құдайбергенді тыңдап, түсініп, қызығып ләззат ала алмауы мүмкін. Неге? Себебі әдебиет пен музыканың ең озық түрімен таныс емес адамның талғамы да биік болмайды. Сол сияқты драма дегеннің не екенін білмейтін адам театр сахналарынан көрсетіліп жатқан спектакльдерді түсінбейді. Ал опера туралы түсінігі жоқтарға олар әнді ретсіз айқайлап қатты дауыспен айтатын адамдар мен аяқтарын оңды-солды сермейтін біреулердей көрінеді.
Қайсы бір сала бойынша шала білімді адамдарды әдетте дилетант дейміз. Дилетантизм де талғамды бүлдіретін нәрсе. Сондықтан нені болса білу бір басқа да, оны терең түсінудің жөні бөлек.
Қайсы бір нәрсе болса да олардың ғылыми анықтамасын білудің артықшылығы жоқ. Мәселен, «Жантану атауларының түсіндірме сөздігі» деген кітапта (Алматы: «Сөздік-Словарь», 2006) талғам туралы былай дейді: «Талғамдар – жеке адамның немесе әлеуметтік топтардың көркем шығарманы, сұлулықты кейіпсіздіктен ажырата білу қабілеті. Талғам – эстетикалық сананың саласы. Өмірдегі сұлулықты, табиғат көріністерін, еңбек пен әлеуметтік қарым-қатынастағы, жеке адам бойындағы әсемдік көріністерді бағалай, қабылдай білу қасиетін талғампаздық қасиет деп бағалайды. Талғам адамның дүниеге, қоршаған ортаға деген көзқарасын білдіреді». Демек, талғамның өзі де бір қабілеттілікті – таным қабілетінің жетілгендігін білдіреді екен. Сондықтан біздің «талғампаз» дейтін адамдарымыз- құбылыстар мен заттарды қадір-қасиетін білетіндер.
Ал өнерге келгенде эстетикалық талғам дегенді жиі қолданамыз. Ол не? Бұл туралы «Философиялық сөздік» кітабында мынадай анықтама берілген: «Эстетикалық талғам – әртүрлі эстетикалық қасиеттерді көңіл күй сезімімен бағалау, ең алдымен сұлулықты, әсемдікті ұсқынсыздықтан ажырата білу жөнінде қоғамдық практика қалыптастырып тастаған адам қабілеті. Өнер шығармалары бағаланатын жағдайда эстетикалық талғам деп көркемдік талғамды атайды. Эстетикалық талғам шын мәніндегі сұлулықтан ләззат алу қабілетін, еңбекте, тұрмыста, мінез-құлықта, өнерде әсемдікті қабылдап, жасау қажеттігін білдіреді. Керісінше, нашар, эстетикалық талғам адамның шындыққа эстетикалық көзқарасын бұрмалайды, оны нағыз сұлулыққа немқұрайлы етеді, ал кейде адамның сұрықсыз нәрселерден ләззат алуына апарып соғады. Эстетикалық талғамның дамуы оның өмірі мен өнердің эстетикалық игіліктерді қаншалықты терең және жан-жақты танып-білуімен сипатталады. Дамыған эстетикалық талғам қалыптастыру – эстетикалық тәрбиенің аса маңызды міндеттерінің бірі».
Түсінген адамға осы анықтамада үлкен шындық бар. Қазіргі дәуірде бос сөз, мәнсіз музыка, натуралистік көріністері мен дөрекі сөздер, қарым-қатынаста алдау мен алаяқтық неге көбейіп кетті деген сауалға бір ғана адамдар эстетикалық талғам қалыптастырудан айырылып қалды деп жауап беруге болады. Эстетикалық талғам қалыптаспаған жерде көр-жерді ұйқастыра беретіндердің бәрі ақын, тіліп бұрап, алқынып-жұлқынып ән салатындардың бәрі әнші, аузы-аузына жұқпай сөйлегеннің бәрі шешен секілді болып көрінеді. Қазір бізде осы үрдістер бел алып кеткені сонша, талғамы қалыптаспаған жұрт қайсысының шын, қайсысының жалған екенін айырудан қалды...
Бүгінгі қоғамда тіл безегіштер қит етсе «талғамға талас жоқ», «әркімнің өз шындығы бар» деп шыға келеді. Талғамға талас болмаса, сұлуды сұлу, кесірсізді кеспірсіз дей аламыз ба? Табиғи сұлулық пен жасандылықты айыра аламыз ба? «Әркімнің өз шындығы» болса, шындық әлдебіреулердің жеке меншігі бола ма сонда? Шындық деген бәріне ортақ факт пен көзқарастың бірлігі емес пе?
Адамзат қоғамы бүгінге жетем дегенше талай-талай дәуірлерді асып өтті, ақыл толысты, сана өсті, ғылым дамыды, көзқарас қалыптасты. Демек, талғам мәселесінде талас болуы да, шындық жайында ортақ көзқарас болуы заңды. Әрине, саясат, мәдениет жөнінде ұлттық шеңберде түсінік болуы мүмкін, бірақ кейде оны айыптаудың да қажеті жоқ, себебі елдік мүдде қай мемлекетте де болады. Оған да әсер ететін талғам деген құбылыс.
Жаһандану дәуірінде дамыған ақпараттық технология тұрмыстық деңгейде болмаса, рухани жағынан біртектілікке жеткізбейді. Себебі ол – құрал. Сондықтан бұл мәселеде де талғам болуы тиіс.
Талғам адамның болмысын белгілейді, сондықтан адамның сөзіне, көзқарасына қарап отырып оның талғамының қандай екенін білу қиын емес. Тіпті талғамға белгілі бір саяси жүйе мен дәуірлердің де қаншалықты әсер еткені де оңай байқалады.
Ұлттың болмысы тілі мен дінінен, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпынан құралады. Сондықтан ол өзінде жоқ әдет пен құбылысқа тітіркене қарайды. Мәселен, бір кезде мектеп оқулықтарында жүрген көрнекті қазақ жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Талпақ танау» деген әңгімесі болды. Осы бір әңгімеден кеңестік кезеңде қазақтың діни түсінігі мен ұлттық дәстүріне қалай шабуыл жасалғаны, кеңестік кезеңнің қаламгеріне сол кездегі саясаттың қалай әсер еткені – бәрі-бәрі айқын көрінеді. Әңгіменің кейіпкері – қазақ кісінің қалай шошқа бағуға жегілгені, шошқаларды жаюға шыққанда оның жұрттан қуыстануы, шошқаларды қазақ ауылына әкелген адамның оның қорсылдаған дауысын ұнатпай «әй, арамсың-ау» деп жақтырмай тұруы, қазақтың әйелі болған орыс келіншектің торайларды сүйсіне көтеріп алып қораға тасуы... мұның бәрі кеңестік саясаттың тек төрт-түліктің еті мен сүтін тұтынып үйренген елдің талғамын бұзу үшін әдейі жасалған қысастық екенін танытып тұр.
Ұлттың талғамы өзге жұрттармен араласқанда да бұзылады. Мәселен, бүгінгі қазақтың темекі тартатыны да, арақ ішіп тост айтатыны да, шошқаның майы салынған колбасаны шімірікпей жеуі де – орыстармен араласқаннан кейінгі дәуірдің жемісі. Демек, біздің бүгінгі талғамымыз белгілі бір дәрежеде орыстанды. Оны жасырудың керегі жоқ.
Қазіргі ең нәзік мәселенің бірі – наным-сенім жөніндегі талғамымыз да өзгерді. Бұрын қазақтың мұсылманшылығы діннің халық дәстүрімен үйлесімділігіне негізделсе, бүгінгі діни жоралғыларымыз арабтанып бара жатыр. Тіпті діни түсініктердің өзін де арабша ұғыммен атаймыз (бәрекелді демей машалла, бұйырса деудің орнына иншалла, ауыз-
ашар демей ифтар, т.б.).
Солайша, бүгінгі қазақтың талғамына шеттен келген түрлі экспанциялық үдерістер қатты әсер етіп жатыр. Демек, не нәрсеге де қазақи тұрғыда қарау, бағалау, тұтыну қиындап бара жатыр. Ал мұның соңы ұлттық сана-сезімнің күйреуіне әсер етпесе не қылсын...
P.S. Өткенде бір жігітпен таксиде келе жатып әңгімелесіп қалдым. Сөзінен нағыз қазақи ортада тәрбие алған жігіт екені байқалып тұрды. Әңгімеден әңгіме шығып, бүгінгі жастар туралы айтыстық. Ақыры әңгіме қазақ қыздарының шетке кетіп жатқанына ойысты. Сол кезде әлгі жігіт: «Бұрын ауылдан шыққан қазақтың қыздары өзге ұлтқа үрке қарап тұратын еді, қазір кез келген елдің азаматының етегінен ұстап кете беретін болды. Тіпті ол еуропалық па, араб па, африкалық па – таңдап, талғап жатқан жоқ. Бұл неден екен? Әлде отбасында қазақы тәрбие аз ба немесе шетелде өмір сүру қызық деп ойлай ма? Ата-анасы оларға өз ұлты жайлы түсінік бермей ме, әлде» деп таусыла сөйледі ол. Мен не дейін, «қазіргі жастардың көзі ашық қой, ел көрген, тіл біледі. Өмірін өзгеше қылып сүргісі келетін шығар. Оның үстіне, мына заманда біреуге бірдеңе деудің өзі қиын ғой» дедім. Әрине, менікі де оңған жауап емес екенін білемін, бірақ одан артық не дей алам? Сол кезде есіме өзімнің жас кезім түсті. Ол заманда қыздар қалай еді? Артық әрекетке жол бермейтін, бүгінгідей жігітпен көшеде қалай болса солай қол ұстасып кете бермейтін еді ғой. Ал әдемі қыздар... паң, тәкаппар келетін. Оларға кез келген жігіт сөз айта алмайтын, олар да кез келген жігітке бұрылып қарай бермейтін. Бір сөзбен айтқанда, өз бағасын жақсы білетін. Ал қазір ше? Қалада жүрсең кез келген елдің жігітінің қолтығынан ұстап бара жатқан әп-әдемі қаракөз аруларды жиі ұшыратасың... Жақында желіден оқып қалдым, бір әйелдің кішкене қызы дүкенге барғанда құбыжықтар туралы мультфильм кейіпкерінің қуыршақ мүсіндерін әпер деп қиғылық салыпты. Әйелдің өзі де таңданып «баяғыда біздер мұндай ойыншықтармен ойнамақ түгілі, түрінен қорқатын едік қой» деп таңданады. Әрине, ондай кеспірсіз нәрселердің талғамды бұзатыны анық. Құбыжықпен ойнап өскен бала әдемілікке құштар бола қояр ма екен?.. Демек, талғамы дұрыс емес баланың ата-ана тәрбиесінен, қоғамнан алғаны дұрыс емес.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ