1950
Әлемдік діндер съезі және Қазақстан
Әлемдік діндер съезі және Қазақстан

Әлемде түрлі халықтар бары секілді наным-сенімдердің де түрі көп. Сондықтан дін мәселесі де маңызды мәселелердің бірі. Ал әлем халқын зорлық-зомбылықтан сақтау және түрлі нәсілдер мен сенімдер арасындағы түсінбестікті шешу мен өшпенділікті жою үшін әлем діндер өкілдерін келісімге келтіру жаңа ғасырдағы ең игілікті де ізгілікті істің бірі екені күмәнсіз. Бұл орайда, осыған дейін алты рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізген Қазақстан Республикасының қызметі зор.
6 қыркүйекте Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 14-15 қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық туралы мәлімет берілді.
Парламент Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев дінаралық форумға 50-ден аса елден 100-ден астам делегация келетінін жеткізді. Аталған жиынға Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да діндер көшбасшылары қатысады деп жоспарланып отыр.
Сенат Төрағасының айтуынша, алдағы іс-шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр. 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен. Бұл аталмыш басқосудың маңыздығын көрсетсе керек.
Съезд аясында Декларация қабылданып, қорытынды құжатта форумға қатысушылардың өркениетаралық және конфессияаралық, сондай-ақ жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне деген ұстанымын білдіреді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда Съезд өткізудің маңызы жоғары екеніне тоқталып, жаһандық диалог мәдениетін ілгерілету қажеттігін және Қазақстанның осы үдеріске қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысына Сенаттың алдағы уақытқа арналған жұмыс жоспары баяндалды.
Бұған дейін Қазақстанда
өткен әлемдік діндер көшбасшыларының съездерінде қандай мәселелер көтерілді?
Бұл бағыттағы іс ең әуелі 1986 жылы басталған болатын. Сол жылдың қазан айында және 2002 жылдың басында Италияның Ассизи қаласында конфессияаралық келіссөздерді орнатуға бағытталған әлем діндері мен конфессиялары өкілдерінің кездесуі болды. Кейін тоқтап қалған осы бір әлемдік маңызы бар істі жаңа ғасырда Қазақстан қолға алып, бірнеше рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін бірнеше рет өткізді. Сөйтіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты. Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Түрлі дін өкілдерінің көшбасшылары алғашқы съезде басқосуды дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор секілді дау-дамайды шешу тәсілі ретінде пайдалануды мақсат тұтып, бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу жасады. Қазақ жеріндегі түрлі дін өкілдері бас қосқан шараның идеясын К.Аннан, Дж.Буш,
М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлерінің қолдауы біздің еліміз мұрындық болып отырған халықаралық деңгейдегі басқосудың маңыздылығын танытты.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі 2006 жылы 12-13 қыркүйекте Астанада өткізілді. Съезд арнайы форум өткізу үшін салынған жаңа «Бейбітшілік және келісім сарайы» ғимаратында өтті. Форум «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты жалпы тақырып аясында «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген екі негізгі бағыт бойынша өткізілді. Форум жұмысына 29 делегация қатысты. Бұл съезд нәтижесінде қатысушылар «Дінаралық диалог қағидаттары» атты құжатты талқылап, барлық дін мен этникалық топ өкілдерін мәдени және діни ерекшеліктер негізіндегі дау-жанжалдарға жол бермеуге шақырған бірлескен декларация қабылдады.
2009 жылы 1-2 шілдеде Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының III съезіне Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың 35 елінен 77 делегация қатысты. Бұл съездің басты тақырыбы –мәселенің оң шешілуіндегі рухани көшбасшылар рөлін олардың өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген толерантты әлемді қамтамасыз етуге қосқан үлесі аясында арттыру мәселесі болды. Талқыланған мәселелер мынадай бес тақырыпта өтті: 1. Моральдық және рухани құндылықтар. 2. Әділеттілік, бейбітшілік және қауіпсіздік; 3. Қоршаған орта және үйлесім; 4. Диалог және әріптестік; 5. Дағдарыстар кезеңінде аса қажет ынтымақтастық. Ал съезд қорытындысы бойынша қатысушылар жұртшылықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көшбасшылар мен ұйымдардың күш-жігерін қолдауға және арттыруға, діндер мен өркениеттердің өзара түсіністік пен құрметті жақсартуға бағытталған үнқатысуын қолдауға ықпал етуге шақырған бірлескен декларация қабылдады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өтті. IV съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы ретінде» деп аталды. Бұл басқосуға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты. IV съезд аясында Діни көшбасшылар кеңесінің бірінші отырысы болып, онда діни көшбасшылар кеңесінің мақсаты – жұмысы мәдениеттер диалогына және экономикалық өзара ықпалдастыққа бағытталған өзге де форумдар мен халықаралық ұйымдармен диалог және ынтымақтастықты қамтамасыз етудің басымдықтары мен тетіктерін айқындау мәселесі қаралды. Съезд жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылардың үндеуі қабылданды. Үндеуде діни көшбасшылар бүкіл адамзатты ғаламшарымыздың болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа шақырды.
2015 жылы 10-11 маусымда Астана қаласында өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне 42 мемлекеттен 80-нен астам делегация келіп, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия Президенті Саули Ниинисте қатысты. Форумның жұмысына аса бір өзектілік берілгені сол уақыттағы әлемнің әртүрлі нүктелерінде этникалық және діни қақтығыстардың өршіп тұруы мен әлемде геосаяси қысымның жоғарылауы болды.
Астанада 2018 жылдың 10-11 қазанында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы басқосуы өтті. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өткен съезге саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысты. Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен даму үшін диалог» болып белгіленді, себебі әлемде тыныштық пен келісімді орнатуға негізгі қадам – ымыраға келуге дайын болу. Съезд жұмысының қортындысына сәйкес, қатысушылар тарапынан бірлескен декларация қабылданып, түрлі елдердің барлық саяси және діни қайраткерлеріне XXI ғасырдың сын-тегеуіріндері мен қауіптеріне қарсы бірлесе қарсы тұру қажеттігі туралы үндеу жасалды.
Әлемдік және дәстүрлі
діндер көшбасшыларының
VII съезінің маңызы қандай?
Съезд – әлемдік бейбітшілікті сақтауға қосылған үлес. Қазіргідей күрделі кезеңде әлемге және біздің өңірімізге ең бірінші кезекте тыныштық, тұрақтылық, береке-бірлік ауадай қажет. Діндердің негізгі миссиясы да осы құндылықтарға қол жеткізу, оларды кеңінен тарату. Сондықтан алда өтетін Дін лидерлерінің съезі Қазақстанның әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесі, татулық үндеуі деп қабылдауға болады.
Қазақстан – жаһандық ауқымдағы конструктивті диалог алаңы. Оның дәлелі, елімізге белгілі дін лидерлері келе жатыр. Олардың қатарында Рим Папасы, әл Азхардың шейхы, Бас имам Ахмед әл Тайеб (сонымен қатар Түркия Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары доктор Селим Аргун, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллахшукюр Паша-Заде және т.б.) бар.
Бүгінде әлем тұрақсыз. Қарулы қақтығыстар да, ақпараттық, идеологиялық негізі бар «гибридті соғыстар» да орын алуда. Осындай кезеңде кез келген деңгейдегі басқосуларды, кездесулерді өткізу оңай шаруа емес. Бұл біздің елімізге деген үлкен сенімнің белгісі деп айтуға болады.
Биыл Қазақстанда 14-15 қыркүйекте Қазақстан астанасында жетінші рет өткелі отырған діндер съезіне Рим Папасы қатыспақ. Оның бұл сапарының маңызы қандай?
Ең алдымен, бұл Қазақстанның оң имиджі үшін маңызды. Рим Папасы секілді ірі діни қайраткерлердің елімізге келуі Қазақстанның татулық пен тұрақтылықты, толеранттылықты қолдайтын ел деген көзқарасты бекемдей түседі.
Рим Папасының келуі инвестициялық, туристік тартымдылықты арттыратыны анық. Көпшілікке белгілі, Еуропаның көптеген мемлекетінде католицизм – негізгі дін. Олардың қатарында Франция, Италия, Испания, Аустрия, Бельгия және тағы да басқа көптеген ел бар. Осындай елдердің Қазақстанға назарын аудару инвестициялық тұрғыдан маңызды екені сөзсіз.
Сонымен қатар Рим Папасының сапары туралы ақпарат тарату үшін көптеген шетелдік журналистер келеді. Қазақстанда Рим Папасы көпшілікке арналған месса өткізеді. Оған бүкіл Орталық Азиядан 10 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Мұның бәрі отандық туризм үшін өзіндік серпін беретіні анық.
Съезд – Қазақстанның халықаралық имиджін жақсарту бастамасы. Шынын айту керек, қаңтар оқиғасы еліміздің имиджіне кері әсерін тигізді. Еліміз қосалқы санкцияларға ілініп кетуі мүмкін деген қауіптер де жиі айтылып жүргені белгілі. Осындай қиын кезеңде біз халықаралық беделіміз туралы шындап ойлануымыз керек. Міне, сол үшін діндер съезі –үлкен мүмкіндік. Осы арқылы Қазақстан соғыссыз, бейбіт, татулыққа негізделген әлемді қолдайтынын анық көрсете алады.
Съезд Ислам дінін терроризммен байланыстыру әрекетін айыптайды. Ал аталған шара Ислам дінін қорғайтын негізгі халықаралық алаңдардың біріне айналды десек қателеспейміз. Көпшілікке белгілі, әлемде асыл дінімізді терроризммен байланыстыру әрекеті тоқтаған емес. Аталған шара қолға алынғалы бері жиынға қатысушылар дін атын жамылып жасалатын экстремизм мен терроризм әрекеттерін айыптап келеді. Барлық дін лидерлері бұл мәселеде бірлесе әрекет ету туралы келісімге келіп, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сондықтан бұл – мұсылман әлемі үшін, халқының дені мұсылман біздің еліміз үшін аса қажет алаң.
Съезд – рухани және моралдық тәрбиені насихаттап келе жатқан бірегей алаң. Осы мәселе үнемі айтылып жүргенімен, оған жоғары деңгейде жүйелі назар аударылып жатқан жоқ. Съезд сол олқылықтың орнын толтырып келеді. Пандемиядан кейін рухани болмыстың маңыздылығы қайтадан назарға алына бастады. Съезд әрдайым қоғамның моральдық және рухани негіздерін нығайту бойынша маңызды ұсыныстар беріп келеді. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта құру мәселелері төңірегінде де пікір алмасулар болғаны белгілі. Бұл мәселелер биылғы съезде де көтерілуде. Рухани, моральдық құндылықтар құлдыраған заманда мұндай талқылаулар бізге өте қажет.
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев отандық телеарналарға берген сұхбатында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңызы туралы айтып, биылғы форумның жаңа геосаяси ахуалдағы ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды.
Дін лидерлерінің съезін шақыру Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ортақ күш-жігерді біріктіруге деген ұмтылысынан туындағанын атап өткен Мәулен Әшімбаев съезд Хатшылығының басшысы ретінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумды өткізудің бастауында тұрғанын айтты. Сенат Спикері әлемдік қоғамдастықтың форумға деген қызығушылығының артуы оның қазақстандық сыртқы саясаттың қажеттілігі мен тиімділігін баса көрсетіп отырғанын да тілге тиек етті.
«Алғашқы съезд 2003 жылы өткізілді. Оған 17 діни ұйымның, оның ішінде әлемдік діндердің лидерлері мен өкілдері келді. Содан бері арада 20 жыл және 6 съезд өтті. Әр съезд әлемде диалог мәдениетін тарату, өзара түсіністікті арттыру, әлемдік және дәстүрлі діндерді жақындастыру, рухани көшбасшылардың адамзат дамуының өзекті проблемалары бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеуі тұрғысынан маңызды рөл атқарды.
Біздің халқымыз ежелден ашықтық, бейбітшілікке төзімділік қағидаларын ұстанған. Біз әрқашан басқа діндерге құрметпен қарап келеміз. Ашықтық және толеранттылық мәдениеті белгілі бір дәрежеде біздің тарихымыздың, географиямыздың және шексіз даламыздың көрінісіндей. Дәл осындай құндылықтар біздің ұлттық кодымыздың маңызды бөлігін құрайды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан этникааралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырды. Ол уақыт сынынан өтіп, өзінің тұрақтылығы мен келешегі зор екенін көрсете алды.
Қазір 100-ден астам дін лидерлері мен діни ұйымдар басшылары өздерінің қатысатынын растады. Бұдан басқа, жетінші съезд кезінде әлемнің көптеген елі мен әлеуметтік топтар үшін өзекті мәселелер көтеріледі. Атап айтқанда, радикализмді, сенімсіздікті, ксенофобияны еңсеру жолында білім беру мен діни ағартуды дамытуға, әр діннің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді қозғайтын секциялық отырыстар болады. Секциялық отырыста әйелдердің отбасы мен қоғамдағы мәртебесін нығайтудағы қазіргі діни ұйымдардың рөлі туралы мәселе де сөз болады. Сондықтан бұл съезден әлемдік қоғамдастық, әлемдік БАҚ үлкен үміт күтіп отыр», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бүгінде сыртқы сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеу және әлемдік діндер арасында өзара іс-қимыл үрдісі кеңінен байқалып отыр. Сонымен қатар соңғы жылдары рухани көшбасшылар ымыралы шешімдер мен ынтымақтастықтың ортақ платформасын іздеудің үлгісін көрсетті.
Елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII қорытынды құжаты – съезд декларациясы – съезд жұмысының нәтижесі болмақ. Онда әлемдік діндер лидерлері неғұрлым көкейтесті әлемдік проблемаларды шешудің маңыздылығы туралы өз пікірлерін білдіреді. Олардың ішінде геосаяси шиеленістер мен қақтығыстарға байланысты түйткілдер, әлеуметтік проблемалар және басқа да мәселелер бар. Декларация БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде таратылады.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ