Қарағандыда мектептер оқу жылына әлі дайын емес

Қарағандыда мектептер оқу жылына әлі дайын емес

Қарағандыда мектептер оқу жылына әлі дайын емес
ашық дереккөзі
50344
Қарағандыда 20-дан астам білім нысаны жаңа оқу жылына дайын емес. Оның кейбірінде әлі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деп хабарлады turkystan.kz. Белгілі болғандай, Қарағандының 23 білім ордасы оқу жылының басталуына 100 пайыз дайын екені туралы акті алмаған. 9 мектепте әлі де жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қалалық білім бөлімінің басшысы мердігер ұйым орындалмаған жұмыс үшін бюджеттен бір тиын да алмағанын атап өтті.
«Бізде тоғыз мектепте жөндеу жүргізетін Алматыдан келген бір мердігер бар. Ол компания жұмысшыларды жалдауда үлкен қиындықтарға тап болған. Бұл мәселені біз бақылауда ұстап отырмыз», - деп сендірді Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Әшімов.
Мектептердің жаңа оқу жылына дайындық барысын облыстық мәслихат депутаттары тексерді. Олар күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілген 12 оқу орнында болды. Мониторинг барысында халық қалаулылары білім бөліміне, мектеп директорларына және мердігерлерге жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау керектігін еске салды.
«Атап айтқанда, депутаттар №30, 50, 65, 85, 74, 35, 82, 21, 23, 59 мектептерге және №97, 38 гимназияларға барды. Қалалық мәслихат депутаттары жөндеу жұмысын аяқтау үшін берілген ұсыныстардың орындалуын бақылады. Жыл сайын қала бюджетінен білім саласын қаржыландыруға айтарлықтай сома бөлінеді, шамамен 40 пайызы», - деп хабарлады Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Алтынтөре Бөкенов.
Сондай-ақ, депутаттар Қарағандының білім нысандарын жөндейтін жосықсыз мердігерлерге алаңдаулы. Кейбір құрылыс ұйымдарында арнайы техника мен жұмысшылар жетіспейді. Бұл өз кезегінде орындалатын жұмыстың сапасы мен мерзіміне әсер етеді. Сондықтан қала билігі Қарағандының білім нысандарын жөндеумен айналысатын мердігерлерге байланысты бүкіл проблемаларды ел Үкіметіне жібермекші. Бұл мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру бойынша шара қабылдау үшін жасалатын қадам болмақ.  

Серіктес жаңалықтары