1061
Түрікменстан қазақтары: Қандастар қандай қиындыққа тап болды?
Түрікменстан қазақтары: Қандастар қандай қиындыққа тап болды?

2020 жылдың басында әлемді құрсауға алған жаһандық пандемияның алдында ғана түрікмен елінен қандастардың көші атажұртқа бет түзегелі отырғаны хабар тараған. Бірақ пандемияға байланысты елдердің арасындағы шекара бекеттері жабылғандықтан құжатын хаттап, елге әне-міне ораламыз деп отырған елдің біраз қиналып қалғаны бар. Себебі олар түрікмен елінің есебінен шығып, Қазақстанға көшуге дайындалғанымен елден шыға алмай қиындыққа тап болды. Солай болса да, 319 аса түркіменстандық қазақ 2020 жылы Түрікменстаннан Қазақстанға көшіп келді. Ал елге оралуды бір жылдан аса уақыт күткен 160-тан аса қандас 2021 жылғы 26 ақпанда атажұртына оралды. Ал биылғы маусым айында сол елден тағы 490 қазақ келеді деген хабар тараған еді. Бірақ олар Қазақстанға өтетін кезде проблема туындапты. Бұл жайында белгілі тұлғалар әлеуметтік желілерде дабыл қағып, туындаған мәселе жайында елді хабардар қылды. Қазір оған тиісті орындар назар аударып жатқан көрінеді. Бірақ қандастарды елге көшіруден алдын ел үкіметінің арнайы шешім шығарып, елге келетін қандастарға байланысты нақты бір бағдарлама жасамағаны байқалып жатыр.
Дегенмен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі «Этникалық қазақтардың Түрікменстаннан қоныс аударуы туралы анықтама» құжат жасағаны жөнінде мәлімдеп, өздеріне сұрау салған азаматтарға былай деп жауап қайтарыпты:
«2022 жылғы 3 мамырда ҚР СІМ
№-22/27908 ҚР ЕХӘҚМ-ге ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін Түрікменстан Республикасынан (бұдан әрі – ТР) 821 этникалық қазақтарды Қазақстан Республикасына (бұдан әрі – ҚР) жаппай қоныс аударуды ұйымдастыру туралы хабарлама жіберілді.
Бұл азаматтар мемлекеттік шекарадан өтуге құқық беретін С10 визасын (этникалық қазақтарға жеке сапарға арналған виза) алды.
Алдын ала деректер бойынша, барлық қоныс аударған қазақтар Маңғыстау облысын тұрғылықты жер ретінде таңдады, 342 адам Ақтау қаласына, 450 адам Маңғыстау облысының аудандарына, 19 адам Алматы қаласына, 2 адам Нұр-Сұлтанға және 8 адам Жаңаөзен қаласына көшуді жоспарлады.
490 адамнан тұратын топ құрылды, ұйымдастырылған сапар 2022 жылдың маусым айында Түркіменбашы – Болашақ және соңғы Жаңаөзен станциясы бағыты бойынша темір жол көлігімен жоспарланған болатын.
Маңғыстау облысының халқының көптігін ескере отырып, этникалық қазақтар – Түрікменстан азаматтарын оларды қоныстандыру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу үшін қабылдауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды.
Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы құрлық шекарасының ашылуына байланысты ковидтік шектеуді алып тастағаннан кейін ағымдағы жылдың 17 шілдесінде 77 этникалық қазақ өз бетінше Маңғыстау облысына көшті.
Көші-қон шиеленісіне және мемлекеттік шекараны өз бетінше кесіп өтуге жол бермеу мақсатында бұрын берілген С10 визаларын жою туралы шешім қабылданды.
Этникалық қазақтарды қабылдаудың жаңа тетіктері шеңберінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың визалық режимі бар елдерден Қазақстан Республикасында қандастарды қабылдау, қоныстандыру және бейімдеу бойынша өзара іс-қимылының қадамдық алгоритмі әзірленді.
Бұл алгоритм тұрақты тұру үшін белгілі бір аймақтың атауын көрсете отырып, С10 визаларын беруді қамтиды.
Биыл 23 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның Түрікменстандағы Елшілігі 222 этникалық қазаққа келу өңірлерін көрсете отырып, С10 визаларын рәсімдеді.
– Ақмола облысына 183 адам;
– Павлодар облысына 27 адам;
– ШҚО-да 10 адам;
– СҚО-да 2 адам;
Бүгінгі таңда 522 этникалық қазақ бойынша келу аймағын іріктеу бойынша жеке жұмыстар жүргізілуде.
Анықтама:
Өңірлер бойынша қандастарды қабылдаудың толтырылмаған квотасы 983 бірлікті құрайды: оның ішінде Ақмола – 186 бірлік, ШҚО – 44 бірлік, Абай – 25 бірлік, Павлодар – 678 бірлік, СҚО – 50 бірлік.
Осылайша, уәкілетті мемлекеттік органдар көшуге ниет білдірген этникалық қазақтарды қабылдау және орналастыру бойынша қажетті шаралар қабылдауда және Қазақстанға көшуге тыйым жоқ».
Келтірілген құжаттың мәтініне қарағанда, Түрікменстаннан көшіп келуге тиіс қазақтарға олардың елге келген қай жерге қоныстануына байланысты ерекше шарт қойылып отырған тәрізді. Құжаттағы «Маңғыстау облысы халқының көптігін ескере отырып, этникалық қазақтар – аталған ел азаматтарын оларды қоныстандыру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу үшін қабылдауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды» деген сөйлем соны білдіреді. Демек, мұндағы шеттен келетін қазақтарға қатысты көші-қон мәселесін шешетін құзырлы орындар көшіп келушілерді еліміздің белгілі бір аймағына бағыттап, ал онымен келіспейтін қандастардың елге оралуына шектеу жасайтын сияқты. Ал бізге сырттағы қандастардың елге оралғаны керек. Сондықтан оларға «мына жерге қоныстанатын болсаңдар қабылдаймыз, келіспесеңдер өздерің білесіңдер» дегендей талап қою орынсыз болса керек. Ең басты мәселе – дәл қазір Түрікменстаннан елге келгісі келетін қандастарды Қазақстан аумағына көшіріп алу. Қалған мәселені елдің ішінде шешкен дұрыс.
Ал нақты мәселеге келсек, Түрікменстаннан елге оралып жатқан қандастарға елге келу визасын беру ол жақтағы Қазақстанның консулдығы тарапынан қиындатылған сияқты...
Кенжебек Мыңжасов,
Түрікменстаннан оралған қандас:
– Екі жылдан бері түрікмен елінен атажұртқа оралғысы келетін этникалық қазақтардың көбейгені рас. Дегенмен кейінгі кезде оларға Қазақстанға көшетін кезде алатын визаны алуға деген талап өзгерген. Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін Түрікменстанда өмір сүріп келген қазақтардың басым көпшілігі – кеңес өкіметі орнаған кезде қудалауға ұшырап, көрші елге еріксіз бас сауғалаған бұрынғы маңғыстаулық қазақтардың ұрпағы. Сондықтан олардың елге келгенде Маңғыстауға қоныс басқысы келетіні табиғи жағдай. Сондай-ақ көшіп келіп жатқандардың түгелге жуығының отбасының бір мүшесі бұрыннан Маңғыстауға орналасып алған. Олардың арасында осында үй салып, отбасының қалған мүшелерін күтіп алуға әзірленіп отырғандары бар. Ал енді сол отбасы мүшелерінің кейін келгендеріне Қазақстанның солтүстігіне не шығысына көшіп баруларың керек деп шарт қоюды қалай түсінуге болады? Мәселен, балалары бұрыннан осында орнығып, өздері енді көшіп келіп жатқан үлкен кісілер бар. Ал зейнет жасындағы адамдарға елдің шығысына, солтүстігіне баруың керек деп талап қою әділетті ме? Менің өзіме келсем, бір балам бұрыннан осында тұрады. Соған байланысты өзім өткен жылы келдім, әйелім биылғы жылдың басында келді, ал жақында кіші ұлым елге оралды. Қызым әлі түркімен елінде. Осылайша, бөлініп-бөлініп келуіміз әлгі визаның әлегі...
Қазір Түрікменстанның бес облысының қазақтары Түрікменбашы (бұрынғы Красноводск) қаласында орналасқан Қазақстанның консулдығына барып елге оралу үшін арнайы виза алуы керек. Ол визаны алу үшін «Қазақстанның солтүстігіне не шығысына көшіп баруға келісемін» деп келісім беруі керек, содан соң ғана оларға виза беріледі. Ал ол визамен келгендердің Маңғыстауға орналасуына мүмкіндік берілмейтін аян... «Виза алуға неге ондай талап қойылып отыр?» деп сұрасаң, ешқандай құжат көрсетпей, «Қазақстан басшылығының ауызша тапсырмасы», – дейді.
Осындай қиындықтардың кесірінен бұрынырақ виза алып қойғандарды шекарадан өткізбей жатыр. Қазірде консулдық ол жақтан келетіндердің күніне 15-20 адамына ғана виза беріп жатқан көрінеді, сондықтан шекарадан бері қарай күніге сонша адам ғана өтіп жатыр. Шекарадан бері өткендерді Қазақстан жағы елдің ішіне жеткізіп тастап жатқан жоқ, оны туыстары барып күтіп алып әкеліп жатыр. Өткенде сонша адам визасы дұрыс болмағанның кесірінен күннің ыстығына қақталып, бері өте алмаған соң келген жағына қайтуға мәжбүр болды. Қазір түрікмен еліндегі қандастарымыз әйтеуір елге келсек болды деп, консулдықтың талабына көніп отыр. Бірақ осыны заңмен реттеуге болар еді ғой. Егер Түрікменстаннан келетіндерді еліміздің шығысына не солтүстігіне орналастырғысы келсе, алдын ала оларды көшіріп алып, сол жаққа қоныстандыру мәселесін шешіп алмай ма?
Шынына келгенде, ол жақтан келетіндердің көбінің Қазақстанға келген соң елдің бір облысынан екінші облысына көшіп-қонып жүруге жағдайы жоқ. Оларға еліміздің солтүстігіне бар дегенмен ол жаққа қалай барады? Уақытша болса паналайтын жерді кім береді, жұмыс қалай болады, оның бәрі алдын ала ойластырылуы керек емес пе?
Сондықтан Түрікменстаннан елге оралуға асығып отырған қандастарға рұқсат берілген жерлерге ғана барып қоныстанасыңдар деп талап қоя бермей, алдымен бәрінің елге оралуына жағдай жасау керек деп ойлаймын. Елге келіп алған соң құжаттарын туралап алып, мемлекеттен жәрдем болса, өздері-ақ айтқан жерге барып қоныс басып сіңісіп кетер еді деп ойлаймын.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ