Киіктің көбеюін қалай реттеуге болады?

Киіктің көбеюін қалай реттеуге болады?

Киіктің көбеюін қалай реттеуге болады?
ашық дереккөзі

Жалпы жаратылыста «шек» деген бар. Сондықтан қай нәрсенің тым көбеюі де, тым азаюы да зиян дегенімізбен, табиғат бәрін реттеп отырады. Оны табиғи тепе-теңдік деп түсінеміз. Ал осы тепе-теңдік бұзылып жатса қайтеміз? Әрине, адам баласы ондайда өзінің ақыл-айласымен азайғанды көбейтіп, көбейгенді азайтуға кірісіп кетеді... Жаратылыстың өзі қы­зық қой, адам баласын үнемі сынап отыратын тәрізді. Кейде өте зәру нәрсесін молай­туға мүмкіндік бермесе, кейде сұрағанынан да артық беріп, қо­балжытып қояды. Мәселен, биыл­ғы киіктің көбеюі... Жұптұяқты, күйіс қайы­ратын түз жануары ‒ ақбөкендер өте ерте кезде Анг­лия­дан Аляскаға мыңдап өріп жүрген бұл жануарлардың тұқы­мы бүгінде Моңғолияда, Қазақ­стан­да және Ресейдегі Қалмақ елі­нің далалық жерлерінде ғана сақ­талған. Біздің еліміздің аума­ғында ақбөкендердің бір-бірінен же­ке дара бөлінген Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ-Жайық ай­мақтарында тіршілік етеді. Шөл, шөлейтті және далалық аймақ­тарда тіршілік етуге бейім­делген ақбөкендер ауа райының өзгеруіне қарай тіршілік етер мекенін өзгертіп отырады. Олар жұп­тұяқты жануарлардың ішін­дегі тез өсетіні болса да, жылына бір рет мамыр айының басынан ортасына дейін төлдеп үлгереді. Бұл кезде біздің елдің біраз жерін­де күн салқын әрі жауын­ды-шашынды болады, яғни халық айтатын «Құралайдың салқыны» келеді. Осы кезде төлдеген ақбөкендер екі не үш лақтан туып, олар тез жетіліп ке­теді. Біздің даламызда өсім­дік­тердің сексеннен аса түрімен қоректенетін ақбөкендердің еті дәмді, сондай-ақ емдік қасиеті бар мүйізі (ақбөкеннің еркегінде ға­на мүйіз болады), аурулар емдеуге алынатын тұяғы, қымбат киім тігуге әдемі терісі пайда­ла­нылатын болғандықтан, бұл дала жануарын пайдақор адамдар көп аулап, бір кезде тұқымын құртып жібере жаздаған. Адамнан басқа оларға қасқырлар өш, сондай-ақ әлі жөндеп аяқтанып үлгермеген лақтары далалық жыртқыш құс­тарға жем болып та жатады. Қазақ жерінде Кеңес үкіметі 1921 жылдан бастап ақбөкенді ау­лауға заңмен тыйым салған. Сол кезде бұл үлкен мәселе бо­лып көтеріліп, қаламгерлер де оған үн қосқан. Мәселен, қазақ­тың белгілі ақыны Сәкен Сей­фул­лин әйгілі «Ақсақ киік» деген өлеңінде түз аңының аянышты тағдырын айта келе: Азайды соңғы кезде байғұс бөкен, Мың-мыңнан баяғыда өреді екен. Бұл күнде келе жатқан жолаушыға, Кез келеді анда-санда саяқ-некен, деп жырлауы сол тұста да киік­тердің тұқымының құрып кете жаздағанын көрсетсе керек. Де­генмен киіктің осылай мемлекет тара­пынан ерекше қорғауға алынуы өз жемісін берді. Тек 1957 жылы олардың жалпы саны екі миллионнан асқаннан соң ба­рып мемлекет аңшыларға оны мөл­шермен аулауға рұқсат берді. Ал одан бергі жердегі статис­тикаға үңілсек, олардың өсуі мен қырылуы туралы талай таңға­жайып деректерге куә боламыз. Мәселен, 1960 жылы оның саны 1 миллион 300 мың бас болса, 1988 жылы жарты миллионы қыры­лып қалды. 2003 жылы елі­мізде олардың саны 23 мыңға дейін төмендеді. Ал 2010 жылы Батыс Қазақстан облысында белгісіз індет тиіп, 12 мың бас киік жойылды. Одан соң 2011 жылы 400 киік қырылды, Ал Бет­пақдалада 150 мың киік қы­рылса, арадан бес жылдай уақыт өткенде олардың өсімі жақсарып, елімізде олардың саны 108 мың­ға көтерілген. 2017 жылы елі­мізде 153 мың ақбөкен болып­ты. 2019-2020 жылдары ақбөкен­дерге санақ жүргізілмеді, оған пан­демия аяққа тұсау болды. Осы­дан он жыл бұрын Үкімет қау­лысымен 2023 жылға дейін киік атуға қатаң тыйым салынды. Әлемдегі киік тұқымының 90 пайызы Қазақстан аума­ғында тіршілік ететіндіктен, бұл жануар мемлекетіміздің бренді іспеттес. Бұдан 3-4 жыл бұрын ра­қымсыз браконьер­лердің аш­көздігінен бірнеше жүз ақ­­бө­кен­нің мүйізі тәркіленіп, қорық­шы­лардың кейбірі олар­дың қолы­нан қаза тапқаннан кейін рұқ­сатсыз киік аулай­тындарға жаза қатаңдатылған еді. Ондайларға тіпті 12 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза белгіленген-ді. Ал биыл бұл түз жануар­лары­ның саны көбейіп кеткені белгілі бо­лып отыр. Атап айтқанда, олар­дың Орал өңіріндегі популя­циясы 585 мыңға жетсе, Бет­пақдалада 285 мың болған, сон­дай-ақ Үстірттегі саны 12 мың­нан асқан. Сонда ақбөкен­дердер­дің елі­міздегі жалпы саны 840 мыңнан асып кеткені туралы мә­лімет шыққан. Ал қазір олар­дың саны 1 миллион 300 мыңнан да ас­қаны жайында айтылып жүр. Бұл жайында шаруалар да­был кө­терген соң олардың өсі­мін реттеу туралы Үкімет деңгейінде мәселе көтеріліп жатыр. Негізінен, батысқа­зақ­стан­дық фермерлердің мал жайылымын ақбөкендер басып кетті, диқандардың «егінімізді киік­тер жайпап кетті» дегеніне байланысты киіктерді азайту арқылы мәселенің шешімі ізделіп жат­қан секілді. Бірақ заң бойын­ша қазіргідей төлдеп жатқан кезінде ақбөкенді атуға болмай­ды. Сондықтан Премьер-Ми­нистр ­15 шілдеге дейін шешім қа­­былдайтынын және күзге қа­рай атуға рұқсат берілуі мүм­кін екенін айтып отыр. Шынына келгенде, ақ­бө­кен таптап тастаған егіс­тіктер мен фермалар туралы да нақты дерек жарияланбаған. Ал Батыс Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы бас­шысы Наурызбай Қара­ғой­шин­нің айтуына қарағанда, оларға облыстың алты ауданы­нан 824 шаруашылық жайылым мен шабындық жер жапа шек­кені туралы айтқан, алайда түз та­ғыларынан келген шығын кө­лемі әлі нақты анықталмаған. Оны әр аудан өзінше есептеп жат­қан көрінеді. Бір анығы, 29 маусымда Экология министрлігі киік санын реттеу туралы шешім қа­­былдағаны. Ал Экология ми­нистрі Серікқали Брекешев Батыс Қазақстан даласындағы ақбөкендердің он пайызын атуға рұқсат берілетінін айтқан. Сонда шамамен 80 мыңдай киік атып алынатын болады. Бірақ қоғам белсенділері мен экологтар ақбөкендерді бұлайша азайту оның популяциясын сақтауға ба­ғытталған жұмыстарға қара­ма-қайшы деп санайды. Қалай десек те, қайсыбір жыл­дары осылай «реттеу» жұ­мыс­тарынан соң ақбөкендердің жартысының жойылып кеткенін естен шығармауымыз керек.