3 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толуына орай ЭКСПО көрмесінің аумағында «Менің Елім» мерекелік концерті өтті деп хабарлады turkystan.kz.
Сахнада елімізге әйгілі жұлдыздар Роза Рымбаева, Ұлықпан Жолдасов, «Жігіттер» тобы, Айқын, Raim, Қуандық Рахым, Садраддин, Мансұр және Қобыланды, «Алашұлы» тобы тағы басқа әншілер өз өнерлерімен қуантты.
Іс-шарада отандық белгілі әншілер әннен шашу шашып, елордалықтардың көңіл күйін көтерді. Жастар Мәслихатының депутаты, Еркеғали Рахмадиев атындағы филармониясының солисі Алтыншаш Мұқатаева мерекеге орай тыңдармандарға өзінің авторлық әнін шашу ретінде орындады.

«Бұл әнім негізі өзімнің өмір жолым туралы өрбиді. Жалпы мен қаладағы барлық қоғамдық іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Өйткені мемлекеттің өзгеруі әрбір адамның алға қойған мақсатына байланысты деп ойлаймын. Барлық отандастарды мерекемен құттықтаймын! Туымыз әрқашан желбіреп, Әнұранымыз асқақтай берсін!» ,- деді Алтыншаш Мұқатаева.
Сондай-ақ ол алдағы референдумнан үлкен үміт күтетінін жеткізді. «Біз секілді мүмкіндігі шектеулі адамдардан «мүмкіндігі шектеулі» деген тіркесті алып тастауын қалаймын. Себебі адамның қолынан келмейтін іс жоқ деді сөзінің соңында.

Мерекелік концертке қатысу үшін арнайы Алматыдан келген Халық әртісі Роза Рымбаева да өз құттықтауын жолдап, алдағы референдум жайлы да пікірін білдірді.

Ал 5-і күні болатын референдум біздің еліміз үшін өте жауапты кезең. Жаңа Қазақстанда жаңа өмір бастауға қадам жасап жатырмыз. Ата заңымызға көп өзгерістер еніп, халық игілігі үшін жұмыс істейтін заңдар қабылданбақ. Мен өзім 5-і күні астанамызда референдумға қатысып, өз дауысымды беремін. Халқымды өз дауысын беріп, елдегі өзгерістерге ат салысуға шақырамын», - деді Роза Қуанышқызы.
AMANAT партиясы «Bizbirgemiz» еріктілер қозғалысының төрағасы, осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан жандардың бірі Перизат Қайраттың айтуынша, бұл мереке- мемлекетіміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейді.
