50737
«Дос-Мұқасан» тобының 55 жылдығына арналған фильм күзде көрсетіледі
«Дос-Мұқасан» тобының 55 жылдығына арналған фильм күзде көрсетіледі
Биыл аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобына – 55 жыл. Айтулы датаға орай отандық кинематографтар музыканттардың шығармашылығына арналған көркем фильм түсірді деп хабарлады turkystan.kz.
Топтың атын арқалаған фильм жарты ғасырға жуық тарихы бар алғашқы ансамбльдің құрылу және қалыптасу хикаясын баяндайды. Бұл - музыка, талант, алғашқы махаббат, сенім мен нағыз достыққа құрылған шынайы жүрекжарды оқиға. Фильмде ғылым мен өнер арасындағы күрделі таңдау, топтың өміршең әндерінің арқасында жетістікке жету жолы сипатталады.
«Дос-Мұқасан» – әр түрлі жастағы аудиторияны өзіне баурап алатын отбасылық кино. Егде жастағы адамдар жастық шақты, сол кездегі әндерді сағынышпен еске алса, жастарға өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының лебін сезініп, қазақ «Битлз»-нің қалыптасу тарихымен танысу мүмкіндігі. «Дос-Мұқасанды» атақты «Ливерпуль төрттігімен» салыстыруымыз бекер емес. Себебі, батыс аудиториясы үшін «Yesterday» мен «Twist and Shout» хиттері қаншалықты маңызды болса, «Той жыры» мен «Сағындым сені» қазақ ән өнерін бағалаушылар үшін соншалықты маңызды.
«Дос-Мұқасан» – Ефрат Шәріповтің сценарийі бойынша «Aray Media Group» студиясы түсірген өмірбаяндық көркем фильм. Музыкалық драманың продюсері – Айгүл Байбек, режиссері – Айдын Сахаман. Түсірілім жұмыстары 2021 жылы сәтті аяқталды. Аталмыш картина қазақстандық көрерменге осы күзде барлық кинотеатрлардан көрсетіледі. Фильм қазіргі уақытта бірқатар фестивальдерге қатысып, көптеген кино өнерін бағалаушылар тарапынан оң бағаға ие болып үлгерді.
Актерлік құрам портреттік ұқсастық бойынша таңдалды. Басты рөлдерді Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұргиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков сынды дарынды актерлер сомдады. Сондай-ақ бұл фильм Артур Асқарұлы мен Зухра Сайпи сияқты танымал блогерлер мен вайнерлерге кино әлеміне жол ашты. «Дос-Мұқасан» вокалдық-аспаптық ансамблінің негізін қалаған Досым Сүлеев пен Мұрат Құсайынов түсірілім барысында кеңесші болды.
Көркем фильм Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша түсірілді.