Біздің Туымыз ха­лықаралық деңгейде 4 000 рет көтерілген – Асылбек БАЙЖҰМА, Геральдикалық зерттеу орталығының директоры

Біздің Туымыз ха­лықаралық деңгейде 4 000 рет көтерілген – Асылбек БАЙЖҰМА, Геральдикалық зерттеу орталығының директоры

Біздің Туымыз ха­лықаралық деңгейде 4 000 рет көтерілген – Асылбек БАЙЖҰМА, Геральдикалық зерттеу орталығының директоры
ашық дереккөзі
50970

4 маусым – біздің Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданған күн. Ал біздің Туымыз бен Елтаңбамызда елдің өткені мен болашағын байланыстырып тұрған сан түрлі сим­волика мен элемент бар. Олардың біз білетін сипаттамаларынан бөлек, бейнеленген таңбалардың тамыры тым тереңде жатқан тарихы бар екен. Жалпы, қазіргі уақытта рәміздердің насихатталуы мен зерттелуі, заңдық тұрғыда қорғалуы қандай дәрежеде екенін білмекке Геральдикалық зерттеу орталығының директоры Асылбек Баяжұма мырзамен сұхбаттасқан едік. Айта кетсек, бұл орталық өткен жылы Үкіметтің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысына сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті жанынан ашылған болатын. Құрылғанына бір жыл ғана болған мекеме мемлекеттік рәміздеріміз бен ұлттық тарихи таңбаларды зерттеумен айналысады. – «Геральдикалық зерттеулер ор­та­лығы» мемлекеттік рәміздер мен ұлттық тарихи таңбаларды зерттеумен, наси­хат­таумен айналысады. Биыл біздің мем­лекеттік рәміздерімізге 30 жыл толады. Осыған орай қандай шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар? – Геральдикалық орталық былтыр Мем­лекеттік хатшының тапсырмасымен құрыл­ды. Негізгі мақсаты – біздің тарихи таңба­лары­мызды, геральдикалық петроглиф, ирог­лифтік белгілерді, тастардағы таң­ба­лар­ды зерттеу, екінші ол мемлекеттік рәміздерді на­сихаттау, үшіншісі – ведомстволық наг­радаларға сараптама жасау. Ал рәміздердің 30 жылдығына байланыс­ты бірқатар шара өткізіп жатырмыз. Мен осы қызметке сәуір айында келдім. Содан бері Елтаң­бамыздың авторы, сәулетші, профессор Жан­дарбек Мәлібеков ағамызбен елордалық білім ордаларында, Қорғаныс министрлігі Ұлт­тық ұланында кездесулер ұйымдастыр­дық. Сосын Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, ғалымдарды шақырып Елтаңба ав­торымен бірге конференция өткіздік. Енді 2 маусым күні Еуразия ұлттық университетінде «Мем­лекеттік рәміздердің қоғамға әсері» та­қырыбында республикалық жиын, ал 4 мау­сым күні қалалық филармонияда алғаш рет патриоттар форумын өткіземіз. Рәміздер пат­риоттық сананың қалыптасуына да ті­ке­лей әсер етеді ғой. Сол үшін де осы форумда ел­ге еңбегі сіңген, халықтың құрметіне бө­лен­ген азаматтарды «Қазақстан патриоттары» медалімен марапаттаймыз. Оның ішінде өткенде ғана 8-қабаттан құлағалы жатқан сәбиді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев бар. Алдағы уақытта да бұл форум жалғасын тауып, спорт сайыстарында ғана емес, өнер, ғы­лым мен білім бәсекелерінде де еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жандар мара­патқа ие болмақ. Сонымен қатар 4 маусым күні тағы бір үлкен шара өтпек. Президенттің қа­тысуымен мем­лекеттік Ту көтеріледі. Ал сағат 11-де бү­кіл ел болып мемлекеттік Әнұран­ды бірге шыр­қайтын боламыз. – Асылбек мырза, сіз бір сұх­ба­тыңыз­да «Мемлекеттік рәміз экспонаттық дү­ние емес, бұл – рух, бүкіл халықтың бет­кеұстар айбары» деген едіңіз. Жалпы, түркі мемлекеттерімен салыстырғанда біздің халықтың рәміздерге деген құр­меті қай деңгейде? Осы тұрғыда мем­лекеттік рәміздердің маңызын, мәнін тереңірек ұғындыру үшін не істеуге болады деп ойлайсыз? – Шынына келгенде, біздің халық ара­сын­да мемлекеттік рәміздердің насихатталуы керемет деңгейде деп айта алмаймын. Бұл жағына келгенде түркі мемлекеттерімен өзі­мізді салыстыру қиындау. Мысалы, Түркия пре­зиденті Режеп Ердоғанның үлкен Ха­лық­аралық саммиттің өзінде жерде жатқан туды көтеріп алып, қалтасына салып алғаны бүкіл әлемге үлкен үлгі болды. Кейін де осы түркі елдеріндегі бір тудың астына жиналу, ұлттық идеология жолында бір жұдырықтай жұмылу сияқты жайттарға куә болып жүрміз. Қазір біз сол процестердің бәрін зерделеп жатыр­мыз. Бір өкініштісі, осы тұрғыда елдегі рес­пуб­ликалық үлкен қалаларда іс-шаралар өт­кізілгенімен, жергілікті аймақтарда рәміз­дерді насихаттау жұмыстары төмен деңгейде деп айтуға тура келеді. Рәміздердің мәртебесін кө­теру мәселесі тек 4 маусымға дейін қозғал­май, одан кейін де жалғасын табуға тиіс. Осы тұста айта кетсем, Шығыс Қазақстанға барған кезде бір әдемі көріністі көріп, көңілім қуанып қайтты. Өскемен қаласының орталық көшелерінің біріндегі үйлердің балконына жағалай Туымызды іліп қойған. Көргенде көз сүйсінеді, ерекше әсерленіп қалады екенсің. Мысалы, осыған ұқсас еліміздің өзге де өңір­лерінде «Мың Тулы қала» деген сияқты түрлі акция ұйымдастырылса деймін. Біз алдағы уақытта жергілікті аймақ­тарға барып, семинарлар өткізіп, мем­лекеттік рәміздерді насихаттау жолдары туралы дөңгелек үстелдер жасауды жоспарлап отырмыз. Үмітсіздікке салынуға болмайды. Қазірдің өзінде ел тұрғындары арасында патриоттық сезімнің оянуы бар. Жақында ғана Шымкент қаласында болған жағдай соған дәлел. Стадионның шатыры құлаған кезде сол жердегі жігіттер жанкештілікпен қиранды арасынан Туымызды көтеріп алып шыққан. «Шатыр ауыр болды, астында қалып кет­сем ше деген үрей де болды басында. Бірақ қас­терлі Туымыз жерде тапталмасын деп алып шықтық» деген еді сол жігіттердің бірі. Бұл – үлкен ерлік, мақтауға тұрарлық іс. Осын­дай мысалдарға қарап, қазіргі жастары­мыздың Отанға, елге, жерге деген құрметі артып келе жатыр деп айтуға негіз бар. Біз тек оны алға қарай дамытып жіберуіміз ке­рек. – Әңгімеміз Ту төңірегіне ойысыпты. Ендеше геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытатыны сияқты аспандай көк түс адам бойындағы адал­дық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқ­ты қасиеттерді білдіреді екен. Әрі көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды Тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейне­леді. Соған қатысты пікіріңіз... –Қазақ жеріне ислам діні таралғанға дейін біз шаманизмнің ықпалында да бол­дық, Көк тәңіріне табынып, өзімізді көк бөрі­нің ұрпағы санадық. Әйтеуір, ғаламат күш­тің аспанда бар екенін білдік. Яғни, оны­мен тілдесетін ортадағы перде – көк аспан. Бұл ұғым жалпы қазаққа да, іргедегі моңғол, буд­дизм дінідегі қытай халықтарына да ор­тақ. Осы елдердегі көк аспан түсінігі жара­ту­шы күшпен байланыстыратын киелі саты бо­лып саналса, қазіргі заманда көк түсті біз бей­бітшіліктің, кеңдіктің, тазалықтың белгісі деп бағалаймыз. Ал күн мен бүркітке қатысты біз білетін­нен бөлек мынадай қызық ақпарат бар. Та­рих­­та қазақты ғұннан тарады дейді. Сонау ертедегі ғұн тайпасының елтаңбасының бел­гісі алтын түсті күн мен ай болған екен. Екеуінің орналасуы тура біздің Тудағы іспетті. Біз тек айдың орнына бүркітті бейнеледік. Тарихшы-ғалым Қаржаубай Сартқожа ең­бектеріне сүйенсек, 13 ғасыр бұрынғы ғұн дәуірінде де біздің өз елтаңбамыз болған. Ал Туымыздың ортасында орналасқан күн – түркі дәуірінен, бағзы заманнан бері ке­ле жат­қан қасиетті белгіміз. Ал бүркітке кел­сек, біз қаншама ауыр кезеңді бастан өт­ке­ріп, қиындықтарды қанатымен көтеріп ке­ле жатқан қыран елміз ғой. 300 жыл жоң­ғар­мен соғыстық, қалмақтың да бетін қай­тар­дық, отарлықтың да қамытын тастап шық­тық. Енді азат аспанда еркін қалықтауға бет алдық. Жалпы, біздің Туымыз тәуелсіздік ал­ған­нан бері әлемдік оқиғаларда, ха­лықаралық деңгейдегі спорттық шараларда 4 000 рет көтерілген екен. Оның ішінде ғарыш­қа Талғат Мұсабаев ағамыз алғаш рет алып шыққан. Одан кейін Айдын Айымбетов ағамызбен бірге Жер шарының орбитасын 150 рет айналып шықты. Бұл Туымыз Антарк­ти­дада, Арктикада, Оңтүстік, Солтүстік полюс­терде және әлемнің ең биік шыңы Эверестке де тігілді. – Бұрын хандарымыз, батырларымыз жо­рыққа шыққан кезде қолдарына міндетті түрде ту алып жүрген ғой. Әр ру­­­дың өз таңбасы, белгісі болғанынан бө­лек, жалпы үш жүзге ортақ ту болған ба? – Әрине, қазақ халқының ұлт болып қа­лып­тасуындағы әр кезеңінің өзіне тән бай­ра­ғы бар. Сонау сақ, ғұн дәуірінен бастап, Қа­зақ хандығы, Алашорда тұсында да жал­пыға ортақ ту болды. Ол туралы Халиолла Са­матұлы деген тарихшы ағамыз зерттеп жүр. Туға қатысты біраз даулы әңгімелер бар. «Біреулер бұл Алаштың туы» десе, екіншісі: «Жоқ, бұл – Жәнібек батырдікі» деген сияқты болжам айтады. Өйткені ол замандарда әр ба­тырдың да өз байрағы, әр рудың өз туы бол­ған. Сондықтан мына ту – мына хандікі, мы­на байрақ – мына батырдікі деп 100 пайыз сенімді түрде айта алмай отырмыз. Сол үшін де 4 маусымнан кейін осы геральдикалық зерт­теу орталығы жанынан ғылыми кеңес құрмақшымыз. Бұл кеңесте ең бірінші осы ту мәселесін көтеріп, ғалымдарымыздың басын қосу арқылы бір нақты шешімге келуіміз керек. Осы кезге дейін бір шешімге келген де, әлі де даулы боп тұрған да тулар бар. – Иә, қазір түрлі тарихи фильм жа­рық көріп жатыр. Сол кино кадрлері­нен де түрлі туды байқап қаламыз. Олардың атын атап, түсін түстеп танып отырғанға не жетсін?! – Дұрыс айтасыз. Фильмнің өзінде де режиссерлер түсірген кезде біржақты ғана қарап, «бір кітаптан ақ ту ұстағанын оқыған едім» деп батырлардың қолына ақ ту ұстатып жіберуі мүмкін. Ондай қателікке ұрынбас үшін түсірілімнің алдында тарихшылармен кеңесіп, ақылдасып алуы керек. Ал тарих­шы­лар өте көп, әрқайсысының әртүрлі дәйек­те­месі бар. Соның ішінде дәл осы ту, таңба та­қыры­бын зерттеп жүргендеріне жүгінген дұрыс. Әйтпесе, екі ортада халықты адас­тыруы мүмкін. Біздің ендігі мақсатымыз – осы ту, рәміздер мәселесіндегі даудың бір нүк­те­сін қойып, ары қарай жалпы жұртқа, біз айтып отырған режиссер, кино маман­дары­на арналған арнайы экспозициялық зал ұйымдастыру. Сол залда нақты бекітілген ту­ларды тігіп қоймақшымыз. Содан кейін ға­на «Міне, тарихшыларымыз осындай туды бе­кітті. Мұны мына хан, мынау батырымыз ұстаған екен» деп халыққа ақпарат тарата ала­мыз. – Біздің рәміздеріміздегі әр таңба тарих­­тан тамыр тартады. Тіпті, ми­фо­логиялық образдар да көрініс тапқан. Мысалы, Елтаңбамыздағы қанатты тұл­парлар. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдық пен ерліктің күшін танытқан екен. Бұл геральдикалық элемент тура­лы пікіріңізді білсек. – Біріншіден, бұл қанатты ат емес, пырақ деп аталады. Ол ертедегі халықтың «жер мен көк­тің арасын байланыстырып тұратын жан­уар болса» деген ой-қиялынан туған дүние ғой. Бұл қазақтың санасына сіңіп кеткені сон­шалық, бата бергеннің өзінде «Мінгенің пы­рақ болсын» деп айтады. Яғни, оны мінген адам өзінің арманына тез жетеді деген ма­ғынада. Бұл мифологиялық бейне ауыз әде­биетінде, фольклорымызда айтылғаннан бө­лек тас ғасыры кезеңінде тасқа қашалып са­лынған суреттері табылған. Мысалы, ар­хеолог-зерттеуші З.Самашев Шығыс Қазақ­стан­дағы Берел обасына жүргізген қазба жұ­мыстары кезінде б.з.б. IV-III ғасырға жата­тын, мүйізді және қанатты екі пырақтың бей­несін тапқан. Оның бірі ер-тоқымның сән­дік батырмасы ретінде қолданылған екен. Қазақ қашанда арғымақты, жылқыны ерек­ше жақсы көріп, құрметтеген ғой. Алайда заманның ағымы мен жедел дамуы­на сәйкес ұлттық деңгейдегі көп та­ным-түсінігіміз өзгеріске ұшырап, кейбірі ұмытылып та кетті. Сол тәрізді біздің мифо­ло­гиямызда, ертегілерімізде көрініс тапқан пырақ бейнесі де ұрпақ санасынан өше бастады. Тіпті, бұл сөздің нені білдіретінін біл­меуі де мүмкін. – Елтаңбамызға жақсылап назар ау­дар­сақ, пырақтың тек қанаты ғана емес, маңдайында мүйізі бар екенін де бай­қай­мыз. Бұрын батырларымыз жауға шап­қан кезде тудың үстіне немесе дулы­ға­ның төбесіне мүйіз қадап жүрген екен... – Жалпы, көктің сыйы, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтың сим­волдық композицияларында көрініс тапқан. Мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең типоло­гия­лық образ. Еуропа елдеріндегі «жалғыз мүйіз­ді ат» (единорог) суреттелген жейде, сөмке­лерге балалар қызығып жатады ғой. Міне, сол қанатты, мүйізді пырақты өзіміздің аңыз-әңгімелеріміз бен Елтаңбамыздан да табуға болады. Сол екі пырақтың ортасында қасиетті шаңырағымыз бен одан тараған 32 уығымыз тұр. Төбесінде «жұлдызымыз мәңгі жарқырап тұрсын» деген тілекке нұсқайтын алтын жұлдыз орналасқан. Елтаңба қабылданғаннан бері екі рет өзгертілді. Біріншісінде «Қазақстан» жазуы латыншаға ауыстырылса, екіншісінде түсі қоюланып, қанық алтын түске боялды. Айтпақшы, біздің Елтаңбамыз дүниежүзіндегі ең әдемі елтаңбалар тізімінде тоғызыншы орын алады екен. Сондықтан қай жерге, қай елге барсаң да, ұялмай алып жүруге болатын­дай, біздің нағыз ұлттық болмысымызды, қа­зақи қалыбымызды көрсететін қымбат құн­дылықтың бірі – осы Елтаңба. – Біз геральдика саласына тікелей қа­тысы болғаннан соң рәміздердегі таң­­­балар мен белгілер төңірегінде әңгі­ме­лесіп отырмыз. Дегенмен, әнұранның да «Алтын күн аспаны, Алтын дән дала­сы» деген сөздерінен Ту мен Елтаңбадағы геральдикалық элементтерді байқауға болады. – Иә, әрине, Әнұран, Елтаңба, Ту бәрі бір-бірін толықтырып тұр ғой. Біздің гимн, ең бас­­­тысы, халыққа ұнайды. Оған қатысты сын айт­қан адамды осы күнге дейін кездес­тір­ме­дім. Сөзі де, әні де бойда бұғып жатқан рухты оятады. Тек оны әлі де жақсылап насихаттауы­мыз керек. Қазір үлкен ресми жиналыс, спорт­тық шара, әскери жиындарда болмаса, бі­лім мекемелері университет, колледждерде көп орындала бермейді. Тіпті, Әнұранның мә­тінін де білмейтін азаматтар бар. Олардан бөлек, әлеуметтік желілерден Әнұран орын­далған кезде оны бірге айтпай, қолын кеу­десіне қоймай тұрған шенеуніктерді де көр­дік. Оның бәрі қоғамның, халықтың нара­зылығын тудыратын дүние ғой. Бәріміз өз еліміздің патриоты болғымыз келеді. Ал пат­риотизм деген не? Ол – өз гимніңді жат­қа білу, Елтаңба мен Туыңды көкке көтеріп жүру және өз отбасың мен Отаның үшін қызмет ету. – Сіз сұхбатыңызда мемлекеттік рә­міздер туралы заң жалпылама деңгей­де қабылданғанын, оны қолдану туралы ере­же, әдістемелік нұсқаулықтар жоқ еке­нін айтыпсыз. – Иә, мемлекеттік рәміздерді қолдану тура­лы заң бар. Осыдан 2-3 жыл бұрын бал­ко­нына Туды іліп қойған жігітке айыппұл са­лып, соған қатысты қоғамда біраз пікірта­лас туындаған болатын. Одан кейін Прези­дент тапсырма беріп, осы мемлекеттік рәміз­дер­ді қолданудың ережесін дайындауды тап­сырған еді. Сонымен, 2020 жылы 17 қа­занда берілген тапсырма бойынша бір айдан кейін 17 қарашада «ҚР Мемлекеттік рәміз­дерін қолдану мен пайдаланудың ұлттық стандарты» деген қағида бекітілді. Бұл ережелер бойынша өзінің патриоттық рухын ту арқылы көрсеткісі келетін адамдарға балкондарына, пәтердің ішіне, жер үй болса, жер үйдің үстіне іліп қоюға рұқсат берілді. Бірақ оның да өзіндік шектеулері бар. Яғни, ол Ту заң аясындағы, заңды лицензиясы бар мемлекеттік мекемелерден алынған ғана болуы керек. Бізде нормативті құжаттары тү­гел осындай мемлекеттік рәміздерді дайын­дауға арналған 27 заңды жекеменшік мекеме бар. Жалпы, менің жеке пікірім, негізі ту аса бір қатты сұраныстағы дүние емес. Тек шетелге шығатындар немесе арнайы бір жиын, спорттық шаралар үшін алып жатады. Сондықтан оны шығару құзыретін же­ке­меншік мекемелерге бермей-ақ, мемлекеттік мекемелерден ғана алатындай болса, сол дұрыс-ау деп ойлаймын. Жылдан-жыл өткен сайын рәміздерді қолдану мен пайдалану ере­желеріне өзгеріс енгізу заман ағымына сай туындап келе жатыр. Соны дұрыс білмеген­діктен, кейде заң органдары немесе әкімдік­тің адамдары кейбір қарапайым азаматқа артық тыйым салып тастауы мүмкін. Ал кей­бірі расында өрескел әрекетке де барып жа­тады. Осы кезге дейін мемлекеттік рәміз­дерді аяқасты ету немесе оны қоқысқа лақ­тыру сияқты жағдайлардың болғанын әлеу­меттік желілер арқылы байқап жүрміз. Мұн­дай фактілерге «Мемлекеттік рәміздерді қол­дануға болмайтын жерлер» деген ұлттық стан­дарттың нақты 7-8 тармағы бойынша қа­таң шектеу қойылған. Яғни, онымен бір зат­тарды буып-түюге, сыртын қаптауға бол­майды, онымен қоқыс төгу тұрмақ, жерге тас­тауға тыйым салынады. Одан бөлек, Әкім­шілік кодексте де «Мемлекеттік рәміздерді қор­лаған жағдайға байланысты» деген 371, 541-баптар бар. Бұл баптар бойынша ұстал­ған жеке тұлғаға 200 есе айыппұл немесе 1 жыл­­ға дейін бас бостандығынан айыру жаза­сы беріледі. Ал енді мемлекеттік мекемелер Туды, Елтаңбаны ілетін болса, түнгі уақытта да көрініп тұру үшін міндетті түрде оның астын жарықтандырып қою керек. Үй ішінде мұндай мүмкіндік бола бер­мейтіндіктен, бұл талап жеке адамдарға қойылмайды. Сондай-ақ мекемелер біраз уақыттан соң ілінген ту өңін жоғалтатыны себепті, оны тұрақты түрде ауыстырып отыру міндеттеледі. Ол ауыстырылған Туды лақты­рып тастай салуға болмайды, оны жоюдың да ережеге сәйкес өз тәртібі бар. – Бас прокуратурамен бірлесіп мем­ле­кеттік рәміздерді қолдану барысын тек­серу қажет деген ұсыныс айтыпсыз. Мем­лекеттік орган, жекеменшік субъекті бол­сын оны қолданудың әдіс-тәсілін үйретіп, бақылап, тексеріп отыруымыз керек пе? – Біз айтып отырған ережелердің бар­лы­ғы adilet.zan.kz сайтында «ҚР Мемлекеттік рәміздерін пайдалану қағидаларын бекіту» деген атпен тұр. Өкінішке қарай, оны кейбір жер­гілікті жердегі басшыларымыз ашып, оқы­майды. Жақында Шығыс Қазақстан об­лысында рәміздерді қолдану барысын тек­серу мақсатында 32 мемлекеттік нысанда бол­дық. Соның кем дегенде 60 пайызға жуы­ғы тіпті мемекеттік рәміздердің орналасу тәр­тібін де білмейтін болып шықты. Сол жер­де түсіндіріп, айтып, көзбе-көз көрсетіп кет­тік бәрін. Мысалы, ең қарапайым ереже қа­бырғаға ілінген кезде Тудың басы мен Елтаңба деңгейі бірдей, ал екеуінің ара­қа­шықтығы 1 метр болуы керек. Басшы үсте­лін­де отырған кезде Ту оның оң жағында тұра­ды. Мұның өзін білмейтіндер бар. Каби­не­тіне кірген кезде туды бұрышқа орна­лас­тырып, ал Елтаңбаны тым жоғары іліп қой­ған көріністерге де куә болдық. Тіпті, «Қазақ­стан» атауы кириллицамен жазылған бұрын­ғы Елтаңбаны қолданып отырғандар да бар екен. Осындай жіберілген қателіктерге ес­кертпе жасап, оны түзетуге уақыт бердік. – Шетелде жүрген біздің қандас­тары­мыз немесе сондағы отандастарымыз үйінің қабырғасына Туды жапсырып қойып жатады. Бұл ережеге қайшы емес қой? – Негізінде, олай болмайды. Ту тік ілініп тұруы керек. Дегенмен адамдарға Туды сабы­мен бірге көтеріп алып жүру қолайсыздық тудырады ғой. Мен айтып отырған ережелер мемлекеттік мекемелерге қатысты. Ал енді жеке азамат немесе шалғайдағы қандас­тары­мыз «Төрімде қазағымның Туы желбіреп тұр­сын» десе, тіпті заңға қайшы болса да, ұлт­тық патриотизмі үшін риза болудан басқа амал жоқ. Себебі шетелде, алыс жерде жүр­генде еліңді, Отаныңды сағынасың, сол кезде Туың қасыңда болса, елің қасыңда жүргендей сезімде боласың ғой. Ата-бабаларымыз қаншама жорық пен со­ғысты бастан өткерсе де, туын жыққан ха­лық емес. 30 000-40 000 әскер аттан сап, лап бергенде соның ортасында туды ұстай­тын бір адам болады. Егер де оған оқ тие қалған жағдайда екінші адам оны іліп әкетуге тиіс. Өйткені ту құласа, жеңілді деген сөз. Сол себепті туды сол стандарт, ережесіз-ақ құрметтеуді үйренсек, әр кеудені «Бұл Ту – менің Туым, менің мемлекетімнің Туы. Оны жоғары ұстауым керек» деген шы­найы сезім кернеп тұрса. Көк Туымызды желбіретіп жүрген Головкин, Димаш сияқты көп­теген азаматымыз соның айқын дәлелі бола алады. Бірақ бәрі кішкентай қадамдардан бас­талатынын ұмытпағанымыз жөн. – Осы рәміздерімізді кәдесыйларға, киімге немесе тағам қаптамаларына ай­нал­дыруға қатысты стандарт пен қағи­далар не дейді? – Мемлекеттік рәміздерді материалдық зат ретінде қолдануға рұқсат берілген. Мы­са­лы, өздеріңіз білетін «Рахат» компаниясы шығаратын ту бейнеленген шоколадтары. 70 жылдан астам тарихы бар бұл компанияға рұқ­сат 2004 жылдары берілген. Бүгінде Қа­зақ­станның брендіне айналып кеткен KAZAKHSTAN шоколодтары шетелде де үлкен сұра­ныс пен беделге ие. Тіпті, біздің Ту бей­не­ленген сол кәмпиттерді жеген соң сыр­тын­дағы қағазын жерге тастамай, жинап қоятын бауырлас халық өкілдері де бар екен. Бұл – біздің мақтанышымыз. Әр ұлтын сүйетін адам қазақтың Туы бейнеленген кесемен шай ішкісі келеді немесе Елтаңбамыз бар медальді кеудесіне тағып жүргісі келеді. Мысалы, Жан­дарбек Мәлібеков ағамыздың тапсырысымен жасалған кішкентай формадағы Елтаңба төсбелгілері бар. Кейбірі дүкендерде де саты­лады. Ту төсбелгілерін тек депутаттар ғана та­ғады деген қалыптасқан қағида бар. Бірақ көк Тудың, Елтаңбаның белгісін өңіріне та­ғып жүретін, рәміз бейнеленген киімдерді киіп жүретін азаматтарды көріп жүрміз. Тіп­ті, мініп жүрген көлігіне Ту іліп қоятындар да бар. Оған ешқандай шектеу жоқ. Бұл ел аза­маттарының патриоттық сезімі ояна бастағанын көрсетеді. Ешқандай семинар, лекция өткізбей-ақ, қазіргі геосаяси жағдайға, дүниежүзінде болып жатқан оқиғаларға байланысты халықтың да ой-санасы өзгеріп келе жатыр. Яғни, алдағы уақытта еліміздің әрбір тұрғыны мемлекетті сақтау, оның рәміздерін қорғау үшін жан беруге даяр бола­тындай күнге де жетеміз деп ойлаймын. – Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары