50692
Соңғы қоңырау: Нұр-Сұлтандағы «Білім-инновация» лицейінен биыл 85 түлек ұшты
Соңғы қоңырау: Нұр-Сұлтандағы «Білім-инновация» лицейінен биыл 85 түлек ұшты
Елордадағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында 2021-2022 оқу жылындағы түлектермен қоштасуға арналған «Ақ жол, лицей түлектері» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік жиынды «Білім инновация» лицейінің директоры Эльбрус Пириев құттықтау сөзімен ашты. Ол бітіруші түлектерге алдағы сынақтардан сүрінбей өтіп, еліміздің кемел болашағына үлес қосатын азамат атануларына тілектес екенін айтты.
«Бүгін лицейімізден 85 түлек ұшқалы тұр. Бұл күн – осы жерде отырған әр адамға ерекше. Бәрімізге ортақ мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Түлектеріміз осы жаңа ғимаратымызда толыққанды 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін оқыған алғашқы түлектер болып тарихымызда қалады. Алдағы ҰБТ-ны тапсырып, ең жақсы маман атанып, ел үшін адал қызмет атқаратын азамат болыңыздар» – деп атап өтті мектеп директоры.Салтанатты шарада лицей түлектері мен оқушылары өз өнерін ортаға салып, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, түлектер білім мен тәлім-тәрбие берген мұғалімдеріне қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде алғыс айтып, олардың үмітін ақтау үшін барын салуға уәде берді. Шара соңында мектеп директорынан биылғы оқу жылының қорытындысы жайлы пікірін білдік.
«Дарынды ер балаларға арналған мектебімізді биыл 85 түлек бітіріп жатыр. 3 «Алтын белгі», 10 үздік аттестат үміткері бар. Осы оқу жылы мектебіміз үшін өте жемісті болды. Мектебіміз елордада 20 жыл қатарынан «Ең үздік білім ордасы» атанды. Қазақстанда 8 мың мектеп бар. Сол мектептер арасындағы рейтиңінде мектебіміз биыл да алғашқы бестікке енді. Тек білім-ғылымға емес, спорт пен өнерге де көңіл бөлеміз. Қазақ күресі, домбыра, футбол, үстел теннисі, баскетбол, волейбол сынды салаларда оқушылармыз жүлделі орындар алды. Оның ішінде халықаралық та, республикалық та байқаулар бар. Түлектерге ақ жол, армандары орындала берсін! Бұл оқушылардың бәрі 5 жыл бұрын 2 мыңға жуық баланың ішінен емтихан арқылы іріктеліп өткен еді. Сондықтан да біз бұл балалардан үлкен үміт күтеміз. Жақсы маман иесі болып, елге-жерге қызмет ететініне сенімдіміз» – деп жауап берді Эльбрус Пириев.