Бала құқы бәрінен биік

Бала құқы бәрінен биік

Бала құқы бәрінен биік
ашық дереккөзі
50391
«Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» деп ұрпақ жалғастығы, перзент мәсе­лесін әрқашан биік қойсақ та, сол бүлдіршіндер тәлім алатын балабақша төңірегінде де мә­селе жоқ емес. Оған себеп – сондағы педагогтер мен тәрбиешілердің қолдарына се­ніп тапсырылған сәби тағдырына салғырттық танытып, өз кәсібіне нем­құрай­лықпен қарауы. Әсіресе, бүлдіршіндерге қол көтеріп, ұрып-соғып, моральдық эти­каға мүлдем жат әрекет жасайтын пе­дагогтер де кездесіп қалады. Әр сәт сайын әлеу­меттік желіні шарлап жүретін фото, бейнежазбалар мен жүрек сыздатар жаңалықтар – соның дәлелі. Оның өзі жасырын жағдайда, үшінші бір тараптан түсірілген болып шығады. Әйтпесе, ел назарынан тыс, төрт қабырғаның ішінде ғана қалып жатқандары қаншама?! Әлі тілі шығып, ойы қалыптаса қоймаған баланың тәрбиесі – ең өзекті мә­селе. Ата-анасы перзентінің шектен тыс мазасыздығы, ұйқысының бұзылуына қа­рап қана бағдарламаса, ол да беймәлім қалуы әбден мүмкін. Ал аутизм­мен ауыратын немесе инклюзивті балалардың көретін күні мен кешетін күйі бәрінен күр­делі. Ақыл-ойы мен тұла бойында ерекшелігі бар бүлдіршіндер өзін қорғай алмай­ды ғой. Жақында ғана интернетте, барлық БАҚ беттерінде шу тудырған елор­далық «Сати» инклюзивті балабақшасы – соның айғағы. Тәрбие­шілердің балаларға үне­мі дәрекі қарым-қатынас жасап, ұрып, тепкілейтінін бө­бекжай басшылығы біл­се де, еш әрекет жа­са­маған. Ең сорақысы, бұл мекеме Білім және ғылым ми­нистрлігінде заңды түр­де тіркелмеген және жұмыстарын бастағаны туралы Білім бас­қармасына ха­бар да бермеген. Білім және ғылым вице-ми­нист­рі Шол­пан Карино­ва­ның айтуын­ша, қазір аталған бала­бақ­шада тексеріс жүріп жатыр. – Тексеріс аяқталған соң тиісті шара­лар қабылданатын болады. Білім жә­не ғылым министрлігі мұның өте қиын жағдай екенін мойындайды. Мұн­дай жағдай қайталанбауы тиіс, сон­дық­тан біз қазір балабақшаларға қойылатын та­лап­ты күшейту бойынша шараларды қа­растырып жатырмыз, – дейді вице-ми­нистр. Өз сөзінде ол балабақшаларға да, тәрбиешілерге де қойылатын та­лапты қатаңдату жоспарланып жатқа­нын айтып, қандай шара қолданылуы мүм­кін екенін жеткізді. Енді балаларға ар­налған мекемелерге тексеріс жүргізу тәр­тібі өзгеріп, кейбір балабақшалар ли­цензиясы қайтарылуы мүмкін. Тағы бір ескеретін жайт, бөбек­жай­ларда қызмет ететін маман­дар­дың көбісі негізгі кәсіби талапқа сәй­кес келмейді. Атап айтсақ, еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдарда 96 мыңнан астам педагог болса, оның 30 мыңында тех­никалық және кәсіптік білім. Ал бір жарым мыңнан астамы тек мектеп бі­тірген. 130 тәрбиеші педагогикалық сы­ныпты ғана тәмамдаған. Шамамен 9 мыңға жуық маман тапшы. Кәсіби білім­сіз жұмысқа орналасудың өзі педагогтің сол сала алдындағы жауапкершілікті се­зінуі төмендеп, ұстаз этикасына сай емес әрекеттерге баруына себеп болуы мүмкін. Бұл мәліметті Білім және ғылым вице-министрі растап отыр. Оның ай­туынша, мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілердің 27 пайызында осы сала бойынша нақты білімі жоқ. Тек 51 пайы­зында ғана тиісті квалификациялық санат­тарын өзгерткен. Сондықтан биыл ве­домство іске асыратын мектепке дейін­гі білім берудің жаңа моделінде осы бағыттар бойынша жұмыс жүр­гізіл­мекші. Балаларға арналған мекемелерді сұрыптап, мемлекеттіктен бөлек, жекеменшік балабақшалардың да жұ­мыс тәртібін қадағалап, тексерісті кү­шей­ту қазір кезек күттірмейтін мәселе болуы тиіс. Өйткені көңіл көншітпейтін фактілер бар. Мысалы, биыл қыркүйектен бас­тап жүргізілген тексеріс нәти­же­сінде 78 балабақшаның 80 пайызы ат­тестаттаудан өте алмапты. Ең қызығы, сол аттестаттаудан өтпеген бөбек­жай­дың бірде-бірі жұмысын тоқтатпаған. Жал­­пы, елімізде 10 мыңға жуық бала­бақ­­ша бар екен. Білім сапасын қам­та­ма­сыз ету комитетінен хабарлағандай, олар­­дың барлығын тексеруге 5 жыл уа­­қыт кетеді. Демек, бір өңірдегі бала­бақ­­шаны аттестаттағанша, келесі өңір­дегі бүлдіршіндер мектеп жасына жетіп қоя­ды. Еліміздегі мектепке дейінгі меке­ме­лер мен педагог-тәрбиешілер­дің көбіне сападан бұрын сан маңызды екені жасырын емес. Әр бала үшін ата-ана­дан алынатын айлық төлемақыға са­нитарлық-гигиеналық талаптары сай келетін балабақшалар некен-саяқ. Бала бағатын көмекшісі жоқ отбасылар үшін қал­тасы көтеретін, орта деңгейлі бала­бақ­шаның табылғанының өзі көңілге ме­деу. Ал ондағы педагогтердің кәсі­би­лігі аса маңыз берілмейтін мәселе бо­лып қалады. Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Лей­ла Куленованың сөзінше, балалармен жұ­мыс істейтін педагогтердің көбі осы са­ла бойынша ізденіп, кәсіби қабілет­терін арттыруға құлықсыз. – Шындықты айту керек, біріншіден елі­мізде жоғары санатқа ие тәрбиешілер аз. Екіншіден, мектепке дейінгі білім беру орталығындағы мамандар әрі қа­рай өздерінің білімін дамытқысы кел­мей­ді, – дейді ол. Өз кәсібіне бей жай қарап қана қой­­май, баламен қарым-қаты­нас кезінде де олқылық пен озбырлық көрсететін педагогтер әрекетінен зардап ше­гетін тағы да бүлдіршіндер. Осы орай­да «еліміздегі бала құқығын қорғаумен ай­налысатын ұйымдар не істеп жатыр?» деген сұрақ туады. Осыған байланысты Бала құқықтары жөніндегі уәкілдікке ха­барласып, бала құқығына қатысты тір­келген мәліметтер сұрадық. Уәкілдік кеңсесіне 2019-2021 жыл­дар аралығында мектепке дейінгі мекемелерге (балабақша) қа­тысты 22 өтініш түскен. Олардың ішінде ба­лабақшадағы балаларға дөрекілік көр­сету, ұрып-соғуға байланысты 6 жағ­дай, балабақшада жүріп жарақат алуға бай­ланысты 3 жағдай, сондай-ақ педа­гог­тің қызметтік міндеттерін дұрыс орын­дамау оқиғалары тіркелген. Ал 2022 жылға сәуір айына дейін ба­­­лабақшаға қатысты қаралған өтініш са­ны 4-еу екен. Осы ретте мектепке дейінгі білім беру қателіктердің алдын алу жә­не балабақша мен инклюзивті орта­лық­тарындағы балалардың құқығы, тәр­биешілердің тәртібіне қатысты Білім жә­не ғылым министрлігі мен Бала құ­қық­тары жөніндегі уәкілдің пікірін сұраған едік.
Ардақ ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ, БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің басқарма басшысы:
БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛІП ЖАТЫР – Қазір әрбір мұғалім жұмысқа қа­был­дан­ғанда ол арнайы мұғалім, ар­найы пе­дагог бола ма, пәндік мұғалім бо­ла ма, олар­дың барлығына бірдей кон­курс жа­рия­ланады. Оның барлық ере­желері тал­қыланып, бекітіліп жатыр. Нақ­ты ерекше кү­тімді қажет ететін бала­ларға келсек, олар­ды оқытатын, тәр­биелейтін мамандар, пе­дагогтер, әрине біліктілігін арттырып, дайын болуы керек. Оларды дайындайтын жоғары оқу орындарының да білім беру бағ­дарламаларына өзгерістер енгізіліп жа­тыр. Дегенмен министрлік өзі шешім қа­был­дап, ЖОО-ға ресурстық орталықтар жүйе­сін кеңейту тапсырмасы берілді. Қазір ЖОО сол тапсырманы орындап жатыр. Сол ре­сурс­тық орталықтарда педагоги­ка­лық ма­­мандық бойынша оқып жатқан сту­­дент­тер тәжірибеден өтеді. Олар ба­ла­лармен қа­лай жұмыс істеу керек, түзету жұ­мысын қа­лай өткізеді, қандай тәсілдер қол­­да­ны­ла­ды, соның бәрін өз көзімен кө­ріп, білік­ті­лік арттырған маман болып шы­ғады. Бүгін­­де сондай жағдайлар жа­са­лып жатыр. Әзір оның нәтижесін айту ерте.

Аружан САИН, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

БАЛАЛАР МЕКЕМЕЛЕРІНЕ ЕСКЕРТПЕСТЕН, ТОСЫННАН ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗУ КЕРЕК – Балалармен әрқашан тек кәсіби ма­ман­дар жұмыс істеуі қадағалануы тиіс. Олар­ды жұмысқа алар кезде жеке деректері мұ­қият тексеріліп, әлі де моральдық прин­ц­ип­тері дұрыс қалыптаспаған немесе әкім­шілік, тәртіптік жауапкершілікке тар­тылған қызметкерлер жұмысқа алынбауы тиіс. Осы мақсатта аталған деректерді есеп­ке алатын орталықтандырылған жүйе құруды ұсындық. Үміткерді жұмысқа қабылдағанда сол деректер ескерілуі керек. Бірақ мұндағы басты мәселе, Кәсіп­кер­лік кодекстің 23-бабы бойынша балалар ме­кемелері кенеттен тексеріс жүргізуден қор­ғалған. Соған сәйкес құзыретті орган­дар тексерілетін ұйымдарды алдын ала хабардар етуге міндетті (жоспарлы тексеру – 30 күн бұ­рын, жоспардан тыс тексеру – 1 күн бұ­рын). Бірақ бұл жағдайда тексерістер ал­дын ала хабарланатындықтан, балалардың құқы­ғын бұзу фактілері мен басқа да заң­сыздықтар жасырын қалуы мүмкін. Сондықтан мен Мемлекет басшысына ба­лалар мекемелеріне ескертпестен, то­сын­нан тексеру жүргізу мүмкіндігін қай­тару керек екенін жаздым. Және бұл бар­лық ба­лалар мекемелеріне, соның ішінде мек­­тептерге, балабақшаларға қатысты болуы керек. Негізі, Кәсіпкерлік кодексінің 134-ба­бы­на сәйкес, балалар мекемелерін денсау­лық сақтау, білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдары ке­неттен тексеріс жүргізуге мүмкіндігі бар. Деген­мен әлеуметтік желілерде үнемі дау бо­лып жататын мектептер мен балабақ­ша­лардағы балалар құқығының бұзылуы мы­салынан байқайтынымыз, бұл ұйымдар мұн­дай тексерулермен айналыспайды. Мұндай ескертусіз тексерістер тек бел­гілі бір орындар үшін. Тіпті, ол тізімге же­тім балалар мен мүгедек балаларға ар­нал­ған мекемелер де кірмейді (ҚР КК 141, 144, 147-баптары). Сондықтан прокура­турадан, СЭС-тен, есеп комиссиясынан, бала құқықтары жөніндегі уәкілден және бас­қа да мемлекеттік органдардан сыртқы бақылаудың мүмкіндіктерін күшейту қажет деп есептеймін. Тек осындай кешенді тәсілдер жағдайды қорқынышты оқиғаға жеткізбей, алдын алуға мүмкіндік береді. Ешқандай ерекшелігіне, айырмашылығына қарамастан, әрбір перзент бақытты болуға құқылы. Түптеп келгенде, психологиялық, физиологиялық жағынан өзінен әлсіз жанға зәбір көрсету – ешқандай моральдық қағидаларға жатпайтын әрекет. Сондықтан бүлдіршінге озбырлық көрсетуді ешқандай аргумент ақтап ала алмайды.

Серіктес жаңалықтары