50444
Тоқаев Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдады
Тоқаев Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдады
Президент Қазақстанға ресми сапармен келген Жапонияның Сыртқы істер министрі Ёшимаса Хаяшиді қабылдады деп жазды turkystan.kz. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.
Кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ёшимаса Хаяшиге ілтипат білдіріп, екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілету үшін оның бұл сапарының мәні зор екенін атап өтті.
«Жапония – еліміз үшін достас мемлекет. Біз екіжақты қатынастарды жоғары бағалаймыз. Биыл екі ел арасындағы қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл – тарихи белес. Осы кезең ішінде конструктивті ынтымақтастық орнаттық, стратегиялық серіктестікті кеңейттік. Бұл өзара атқарған жұмыстың оң нәтижесі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықта экономикалық қатынастар маңызды рөл атқарады. Президент сауда және инвестициялық ықпалдастықтың әлеуеті зор екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы Жапониямен арадағы көпжақты экономикалық байланыстарды күшейтуге ниетті екенін айтты. Бұдан бөлек, екі елдің БҰҰ аясындағы табысты ықпалдастығын, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Ёшимаса Хаяши Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды қолдады және Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігеріне жоғары баға берді. Бұған қоса, әңгімелесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. «Орталық Азия – Жапония» форматындағы диалогты одан әрі дамытудың маңызды екені атап өтілді.