50420
АҚШ Ресейдің тәркіленген активтерін Украинаны қолдауға жіберетін болды
АҚШ Ресейдің тәркіленген активтерін Украинаны қолдауға жіберетін болды
27 сәуірде АҚШ Конгресі Өкілдер палатасы Ресейдің активтерін тәркілеуді және оларды Украинаға, соның ішінде әскерилерге көмек көрсету үшін сатуды ұсынатын заң жобасын мақұлдады деп жазды turkystan.kz. Бастаманы 417 конгресмен қолдаса, 8-і қарсы болды.
«Америка Құрама Штаттарының президенті Ресей билігімен байланысы болуы мүмкін, ақшалары ішінара сыбайлас жемқорлық жолымен алынған шетелдіктердің АҚШ-тың юрисдикциясындағы активтеріне тыйым салуы және тыйым салу үшін барлық конституциялық шараларды қабылдауы керек», – делінген құжатта.Сондай-ақ, Ресей билігіне қолдау көрсету арқылы алынған мүлікті де тәркілеу ұсынылды. Құжат авторлары ресейлік энергетикалық компанияларға тиесілі активтерді қоса алғанда, құны 2 миллион доллар немесе одан да көп активтерді тәркілеуді ұсынды. Активтерді сатып, одан түскен қаражатты Украинаны қалпына келтіруге, елге әскери және гуманитарлық көмек көрсетуге және украиналықтардың басқа елдерге қоныс аударуына көмектесуге жіберу ұсынылады. Заң жобасында ұсынылғандарды жүзеге асырудың конституциялық тетіктерін айқындайтын АҚШ Мемлекеттік хатшысы басқаратын ведомствоаралық топ құру ұсынылды. Бұған қоса, құжат АҚШ билігін ресейлік дипломаттарға қарсы қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін қарастыруға шақырады. Бұған дейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джейк Салливан америкалық үкімет ірі ресейлік кәсіпкерлерге олардың санкциялар аясында тәркіленген активтерін қайтарғысы келмейтінін айтқан.