Еліміздегі ірі компаниялар жұмысшылардың құқығын бұзған

Еліміздегі ірі компаниялар жұмысшылардың құқығын бұзған

Еліміздегі ірі компаниялар жұмысшылардың құқығын бұзған
ашық дереккөзі
50345
Бас прокуратура еліміздің 49 ірі компаниясында қауіпсіз еңбек жағдайларының сақталуына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады деп жазды turkystan.kz. Жұмыс берушілер өндірістегі 40-тан астам жазатайым оқиғаны жасырып қалған. Атап айтқанда, жарамсыз өрт дабылдары мен желдету құрылғылары, қорғалмаған электр қалқандары, гидранттар мен өрт сөндіргіштердің болмауы сияқты кемшіліктер тіркелген.
«Мысалы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС шахталарында жұмыс шатырды реттейтін бекіткіштерсіз жүргізіледі (торкрет-бетон және болат-полимерлі бекіткіштер жоқ). Кеншілер кез келген сәтте тау массасының астында қалуы мүмкін (жазатайым оқиғалардың 60%-ы осындай заңбұзушылықпен байланысты)», – дейді Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов.
Сонымен қатар, тексеріс кезінде 1,5 мыңнан астам технологиялық жабдықтың қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні анықталған. Ал 50-інің жұмысы толық тоқтатылуы тиіс (олармен 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр). Өрт, өндірістік және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында 6,5 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелді.
«Азаматтардың еңбек құқығын бұзушылардың арасында «Қазцинк», «Қазхром», «Қазфосфат», «Аралтұз», «Қазақмыс» және «Өзенмұнайгаз» компаниялары бар», – деп атап өтті Сапарбек Нұрпейісов.
Айта кетсек, прокуратура органдары еңбек қауіпсіздігінің сақталуы бойынша 49 ірі кәсіпорынды тексерген. Тексеру қорытындысы бойынша, 69 қадағалау актісі енгізіліп, 226 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 30 мың жұмысшының жалақысына үстемеақы, 600-ден астам жұмысшыға өтемақы төленді. Қорғаныс құралдарымен және арнайы тамақпен қамтамасыз ету басталды. 22 техниканың жұмысы тоқтатылды.  

Серіктес жаңалықтары