50528
«Бәсекеге қабілетті экономика құру үшін нені өзгерту керек?» – Премьер-министр жауап берді
«Бәсекеге қабілетті экономика құру үшін нені өзгерту керек?» – Премьер-министр жауап берді
Қазақстанда Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленіп жатыр деп хабарлады turkystan.kz.
Бүгін Үкімет отысында импортты алмастыру мәселелері қаралды. Қазақстанда бәсекеге қабілетті экономика құру үшін нені өзгерту керектігі де талқыланды. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, импортқа тәуелділікті азайту үшін, елде ипмортты алмастыратын тауарлар болуы керек. Былтыр импорт шамамен 8%-ға өскен. Импорттың басым бөлігі – қосылған құны жоғары өнімдер болса, экспорттың дені – негізінен өңделмеген өнімдер.
«Импорттың орнын алмастыру үшін шығарылатын өнім бәсекеге қабілетті және сапасы жоғары болуы тиіс. Сондықтан орталық және өңірлік деңгейдегі барлық мемлекеттік органдар жүйелі және үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Қазақстанда бәсекеге қабілетті экономика құрамыз десек, біз осы бір үрдісті түбірімен өзгертуіміз керек. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды», – деді Әлихан Смайылов.Бұдан бөлек, Үкімет басшысы ірі инвестициялық жобаларды іске асыратын компаниялардың айналасында шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылып, олар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік әсер беретінін алға тартты. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, импорт алмастыру жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды уақытында жүргізіп беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, айтылған тәсілдерді ескере отырып, 16 мамырға дейін Импортты алмастыру жөніндегі бағдарламаның жобасын пысықтап, Үкіметке енгізу тапсырылды. Тағы оқи отырыңыз: «Қазақстан экономикасы қиын кезеңді бастан өткереді» – сарапшылар