805
Жәркен жыраудың жылдығы
Жәркен жыраудың жылдығы
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі ақын Жәркен Бөдешұлы өмірден өткеніне тура бір жыл болды. Әлемге жайылған алапат індет көптеген отандасымызбен қатар әр салада зор еңбек сіңірген танымал тұлғаларды арамыздан алып кетті. Көзі тірісінде «Жәркен жырау» атанған Жәркен Бөдешұлының есімі қашанда ұмытылмақ емес. Тіпті, қайтыс болғаннан кейін көп өтпей, ақын інісі Ержанат Байқабайұлы Жәркен ақынға арнап «Боталар неге боздайды?» атты жыр кітабын шығарды. Сонымен қатар ұлылардың алтын бесігі Кеңсайда мәңгі дамыл тапқан ақынның басын көтеріп, көктас орнатуға бастамашы болған да осы Ержанат Байқабайұлы екен. Жас ақынның аға ақын жайлы толғаныстарымен бірге, бірқатар ұсыныстары айтылған мақаласын жариялап отырмыз.
Ақынның артында не қалды? Өлмес, өшпес өлең қалды. Ақын жанның сыры, көрген жанның көкейінде нар маңдайы, құлан қабағы, сағынышқа толы жанары, асқақ рухы қалды. Алтын басы Алатаудың бауырына жерленді, сағынышын Сауыр тау мен Жайыр тауға көмді...
Жәркен жырау өмір есігін өткен ғасырдың қиыншылығы мол қырқыншы жылдарының бел ортасына жете Майлы-Жайырдың көш жолында ашып, кіндігін Қату таудың қара тасымен кесті. Тарбағатайдың таулары мен шалдары жарыса азан шақырып «Жармұхаммед» деп атын қойды. Жайыр тау жайнамазын жайып, ақ сәбиімді маңдайыма сыйдыра көр деп алақан жайды. Жоқшылық жылдарда әкесі Бөдешұлының қалжасына бөдене сойып қарап отырмады, жон таудағы арқардың құлжасын шалмалап әкеліп сойды. Содан да болар, Жәркен жырларындағы ішкі-сыртқы иірімдері ақбас құлжаның ай мүйізіндей неше айналып үйіріліп, буындары бір-біріне бүгіліп, ұйқастары оюласып, өрнектеліп біте қайнасып, қан мен кемік кеңесіп кете беретіні. Ал жыраудың өмірі де оққа сүйенген арқардың қорғасын уыты бойына тарағанша адалдық пен тазалықтың құз-жартасынан кең дүниеге кемсеңдемей керіле қарап тұрды, құламады. Өйткені сағыныштың алып самұрығы іліп әкетуін күткен еді. Ее, «балықтың да көз жасын су біледі» дейтін баянсыз өмір осы да.
Бөкеннің желісіндей болдырмас күндер өтіп, қозы жайған бала Жәркен бозбала болып қоңыр құнанға ер салды. Оқыды, ақындық арман жолын арши түсті. Ақыры «бір қиырдың әйтеуір дәмір тартып, туған жерінен әкетті ажыратып». Заманның зар дауысы ақ түтек ақ боранында бір-ақ түнде соны таудың соқпақшыл бөрісіндей Арқаға ауды да кетті. Атамекенге жетті, туған жермен қоштаса алмай аттанды. Бел асып келіп бесігін ұмытпады, әйтпесе «не келіп, не кетпеді жігіт басқа». Бекінген бетінен, берген сертінен айнымаған, көрген дертіне қажымаған, дүние-қоңызға қолын бірақ сілтеген ары таза адал ақын еді. «Осы Жәркеннен жақсы ақын шықпаса, мұрнымды кесім берейін» деп ақиық Мұқағали бекер айтпаған. Батасын беріп, «бауырым» деп бауырына тартқан. Жәркен жыраудың өміріндегі ең алғашқы, ең үлкен сыйы да, қуанышы да, ең соңғы марапаты да сол шығар.
Ақ бауыр жылдар аунаған сайын су тиген арқандай ширай түсті. Туған жер туралы ғажап жырлар жазыла берді. Ол жақтың ауылында, бауырында, аруында, бұлағында, жыланын да, қоңызын да, «өреден құрт-ірімшік алып қашатын кезқұйрығы мен қарғасын да» сағынды. «Тіс шұқитын жалғыз тал аршасына да зар болған» запыран түндер басынан өтті. Қылыш жүзді қырқында да, егеулі елуінде де, алқынбас алпысында да ата жұртын, туған жерін сағынып жүрді. Жылқы мінезді ақын жаны, ақ жүрегі жүлдеге емес, пендешілікке жүдеді. Ыстық құшақ, жылы қабақ болмағасын тобырлардың тойынан жалғыз шығып, жалын күнге иіскетіп, кісінеп кісілік тауына жал асып езбен емес, желмен сырласып баратын. Ол сағыныш арқылы жалғыз ғана Жайырды емес, жарық әлемді жырлады. Опалылық, мейірімділік, адамдық ар-ұжданды жырлады. Айтарын ащы айғаймен емес, пері қыздың беташарындай ажарлы айтатын. Сондықтан соны жырдың нілін сорған Жәркен – жырдан жылқы айдаған қара өлеңнің Қамбары, оқырманы ең көп ақын, бақытты ақын. Бозадыр маңдайлы, аңыз текті, жырымен қара тасты да жылатып, жылан түлейтін қазақтың жырауына айналды.
Бұл сөздер аруақты асыра мақтау емес, енді не десек те Жәркенге бәрібір. Жәкең өрт өмірде, мұз тағдырда өзінен бұрын өзгелерге гүлістан бақыт тілейтін. Тірісінде қысылғанда жанынан табылған жандар, жанашыр бауырлары болды. Жарты құртты бөліп жеп, жартылықты бөле ішкен сырлас-сыйластары да болды. Алпысында күміс шапанын жауып, астына ат мінгізген інілері мен бауырлары болды. Оған әуелі Алла, одан соң өлең мен Жәркен атамның өзі риза болар. Алайда қазақтың кеше ғана көзі тірі жырауы өзі әбден лайық ат-атағын ала алмай, жетерлік сый-сияпатын көрмей кетті. Тіпті, жыр маңғазы Жәркенге кейбір ауыл арасының өлеңшілеріне де бұйырған Мемлекеттік сыйлықты да қимағанымыз қынжылтады. Енді қандай атақ берсек те, Жәркен жырау қайта оралмас.
Дегенмен аруағын әспеттеп, орнын суытпай, есімін ескіртпейтін өткен мен болашақ алдындағы, жыр мен Жәркен алдындағы елдік өтеуімізді өтеуге тиістіміз. Аруақты көлденең тартқанымыз емес, бұл ретте мынадай ұсыныс айтар едік:
Жәркен Бөдешұлы шығармалары мен оған қатысты зерттеу, эсселер қамтылған толық томдық құрастырылса;
Жәркен Бөдешұлы атындағы халықаралық жыр мүшәйрасы дәстүрлі түрде өткізіліп тұрса;
Көзі тірісінде тұрған Құлагер ықшам ауданында немесе сондағы паркке ақынның монументі орнатылса;
Өмір бойы туған мекенін жырлап, сағынып өткен ақынға Қазақ елінен бір елдімекеннің немесе ірі қалалардағы бір көшенің аты берілсе;
Жоғары оқу оырндары мен кітапханалардан Жәркен Бөдешұлы атындағы оқу залы ашылса;
Бұл ұсыныстарымызды мәдениетке жауапты құзырлы орындар мен Қазақстан Жазушылар одағы жағынан ескеріледі деп үміттенеміз. Ал Жәркен жырын оқыған, қадыр-парқын білетін жаны жылы, қолы жомарт жандардың ақынның артында қалған жары Гүлшат Бөдешова апайға қолдан келген көмегін аяп қалмауын өтінер едік. Мәртебелі қазақ поэзиясында сағыныш жырының дабылын қаққан дауылпаз жыраудың аруағы риза болып, болашақ ұрпақтың алдында жүзіміз жарық болғай!
Ержанат БАЙҚАБАЙ