Егемен елдің еңселі қаламгерлері

Егемен елдің еңселі қаламгерлері
Әрдайым ұлттық болмыстың таза сақталуына ғана емес, оның дәуірлер тоғысында тоқырамай одан әрі дами беруіне зор пайдасын тигізетін қаламгерлер қауымы ойдағыдай еңбектенуі үшін рух азаттығы қажет екені белгілі. Сондықтан кеңестік дәуір цензурасы аяқ-қолын матап ұстаған қазақ ақын-жазушылары сана еркіндігіне тәуелсіздіктен кейін ғана қол жеткізді. Сөйтіп, тәуелсіздікпен бірге ел тарихының жаңа парақтарын ашқан еліміздің көркемсөз шеберлері енді әдебиетке ұлттық мүдде тұрғысынан ғана қарап, жаңа туындыларын жарыса жарыққа шығарып жатты. Өз кезегінде мемлекет те олардың еңбегін лайықты бағалап, үздік шығарма иелерін екі жыл сайын Мемлекеттік сыйлықпен марапаттап келеді.
Әрине, мемлекет болған жерде идеология бар. Сондықтан мемлекет саяси тұрғыдан қоғам дамуына қызмет етті деп саналатын адамдарды түрлі дәрежедегі орден-медальмен марапаттап, сыйлық беріп отыратыны белгілі. Бұл үрдіс бұрында болса, тәуелсіздіктен бері де жалғасын тауып келеді.
Бұрын кеңестік Қазақ Республикасында қазақ қаламгерлеріне берілетін Абай атындағы республикалық сыйлық болатын. Ол 1965 жылғы 15 наурызда Қазақстан КП ОК мен ҚазКСР Министрлер кеңесінің қаулысымен белгіленген еді. 1966 жылдан 1990 жылға дейін бұл сыйлыққа көптеген ақын-жазушы, сыншы, драматург, әдебиетші ғалым ие болды. Олардың аты-жөндерін атап өтсек, оқырмандар үшін қажеті болар деп ойлаймыз. Өйткені олардың бәрі қазақ көркемсөзі үшін тер төккен болатын. Сол бәйгеде оза шауып, Абай атындағы сыйлықтың лауреаттары болғандар қатарында ретімен айтсақ, Тахауи Ахтанов, Хамза Есенжанов, Сәбит Мұқанов, Әнуар Әлімжанов, Ілияс Есенберлин, Николай Анов (Иванов), Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Бауыржан Момышұлы, Иван Шухов, Ғабиден Мұстафин, Қалижан Бекхожин, Шерхан Мұртаза, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзалиев (Мырза Әли), Әзілхан Нұршайықов, Хамит Ерғалиев, Максим Зверев, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Мағауин, Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Морис Симашко, Сәкен Жүнісов, Рымғали Нұрғали, Сафуан Шәймерденов, Қабдеш Жұмаділов болды. Шынын айту керек, бұлардың арасында осы қалай дейтіндей қаламгерлер жоқ, бәрінің де шығармашылығы мойындалған, өздері қалың қазаққа танылғандар. Олардың сыйлық алған шығармалары да, арасында кейбіреуі болмаса, негізінен қазақ ұлтының көркемсөз өнеріне үлес болып қосылып жатты.
Заман өзгергенде уақыт талабына сай кейбір нәрселердің аты да, заты да өзгеруі мүмкін. Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналған соң бұрын қаламгерлерге, өнер адамдарына беріліп келген Абай атындағы республикалық сыйлық кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы деп аталатын болды да, ол 1992 жылдан бастап беріле бастады. Бұл тәуелсіз мемлекеттің ұлт қаламгерлеріне деген құрметі ғана емес, жаңарған әдебиетке деген үлкен қолдау еді.
Еске түсіріп көрейік, 1992-2020 жылдар арасында кімдер Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары болды? Оларды ретімен атасақ былай екен:
1992 жылы Дулат Исабековке («Ай-Петри ақиқаты» повестер мен әңгімелер жинағы үшін), Қалихан Ысқаққа («Ақсу – жер жәннаты» романы), Сейіт Қасқабасовқа («Ертегіден тыс қазақ прозасы» монографиясы), Әнес Сарайға («Еділ-Жайық» романы үшін);
1996 жылы Асқар Сүлейменовке (қайтыс болған соң «Ситуациялар» үштағаны − «Жетінші палата», «Қыздай жесір штат қысқарту», «Төрт тақта жайнамаз» драма-диалогтері үшін), Дүкенбай Досжановқа («Құм кітабы» романына), Қойшығара Салғаринге («Қазақтар» трилогиясына), авторлар тобына − Зәки Ахметовке, Серік Қирабаевқа, Жұмағали Ысмағұловқа, Қайым Мұхамедхановқа, Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Мекемтас Мырзахметовке (Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу және бастырып шығару жөніндегі жұмыстары үшін);
1998 жылы Зейнолла Қабдоловқа («Менің Әуезовым» романы үшін), Шерияздан Елеукеновке («Мағжан» монографиясы үшін);
1999 жылы Мұқағали Мақатаевқа (қайтыс болған соң «Аманат» кітабына);
2000 жылы Темірхан Медетбекке («Тағдырлы жылдар жырлары» өлеңдер жинағы үшін), Баққожа Мұқайға («Өмірзая» романы үшін), Оразбек Сәрсенбаевқа («Шеңбер» романы үшін), Рамазан Тоқтаровқа («Абайдың жұмбағы» романы үшін), Әшірбек Сығайға («Сахна саңлақтары» еңбегі үшін);
2001 жылы Әлібек Асқаровқа («31 томдық қазақша-орысша және орысша-қазақша ғылыми салалық терминологиялық сөздіктер сериалы» үшін);
2002 жылы Нұрлан Оразалинге («Ғасырмен қоштасу» өлеңдер жинағы үшін), Ұлықбек Есдәулетке («Киіз кітап» өлеңдер жинағы үшін), Иран-Ғайыпқа («Қорқыттың көрі» өлеңдер жинағы үшін), Марфуға Айтхожинаға («Аңсау» өлеңдер жинағы үшін), Әкім Таразиге («Жаза» романы үшін), Зейнолла Серікқалиға («Алтын жамбы» сыни мақалалар жинағы үшін);
2004 жылы Төлен Әбдіковке («Парасат майданы» повесі үшін);
2006 жылы Күләш Ахметоваға («Құт» өлеңдер жинағы үшін), Сайын Мұратбековке («Жусан иісі» шығармалар жинағы үшін), Есенғали Раушановқа («Періштелер мен құстар» жинағы үшін), Алдан Смайылға («Тамұқтан келген адам» романы үшін);
2010 жылы Жұмекен Нәжімеденовке (қайтыс болған соң «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін);
2012 жылы Несіпбек Айтұлына («Арқатірек» поэмалар жинағы үшін), Сәбит Досановқа («ХХ ғасыр» трилогиясы үшін);
2014 жылы Қажығали Мұқанбетқалиұлына («Тар кезең» романы үшін), Гүлнәр Салықбаеваға («Кешіріңдер келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы үшін);
2016 жылы Бексұлтан Нұржекеұлына («Әй, дүние-ай» романы үшін);
2018 жылы Ақұштап Бақтыгерееваға («Ана сыры» өлеңдер жинағы үшін), Өтеген Оралбаевқа («Шуақты шақ» өлеңдер жинағы үшін), Тыныштықбек Әбдікәкімовке («Алқоңыр дүние» өлеңдер жинағы үшін);
2020 жылы Сауытбек Абдрахманұлына («Абыз Әбіш» зерттеуі үшін), Серік Ақсұңқарұлына («Көкейімде Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы үшін), Ғарифолла Есімге («Ғұлама-наме» трилогиясы үшін), Мырзатай Жолдасбековке («Ұлы дала әдебиеті» тарихи-әдеби зерттеулер жинағы үшін), Бақытжан Қанапияновқа («Достояние души» өлеңдер жинағы үшін), Роза Мұқановаға («Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы үшін), Тынымбай Нұрмағанбетовке («Періштелердің өлімі» прозалық шығармалар жинағы үшін) Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы беріліпті. Сонда ақыны, жазушысы, әдебиеттанушы ғалымы, эссейстері бар – тәуелсіздіктің 28 жылы ішінде 49 қаламгер Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атаныпты! (Айта кету керек, 2020 жылы бұл сыйлық Абай атындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы деп аталды). Егер осы сыйлықтар 30 жылдай уақыт ішінде 14 рет берілгенін ескерсек, бір жылда 3 не 4 қаламгерге беріліп отырған. Демек, тәуелсіз қазақ мемлекеті өз қаламгерлерінің мерейін көтеріп, еңбегін бағалауда сараңдық танытпаған.
Ендігі бір нәрсе – қаламгерлерге берілетін құрметті атақ. 1984 жылы 20 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестің президиумының қаламгерлерге «Қазақ ССР Құрметті Жазушысы» деген құрметті атақты белгілеу туралы Жарлығы шыққан еді. Ол тәуелсіздікке дейін 6 жыл ішінде Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Дмитрий Снегин, Тұрсынхан Әбірахманова, Әлжаппар Әбішев, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбділдә Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Мәриям Хакімжанова, Мұхамеджан Қаратаев, Зия Сәмәди, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Олжас Сүлейменов секілді ақын-жазушыларға берілген болатын. Ал сол атақ тәуелсіздіктен бергі жерде «Қазақстанның Халық жазушысы» деп жаңғыртылып, ол Әбіш Кекілбай, Мұзафар Әлімбаев, Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Қуандық Шаңғытбаев, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов секілді қаламгерлерге берілді.
Кеңес дәуірінде «Социалистік Еңбек Ері» деген ең құрметті жоғары атаққа қазақ қаламгерлерінің ішінде Ғабит Мүсіреповтің ғана қолы жетсе, тәуелсіздіктен бергі жерде «Қазақстанның Еңбек Ері» атты еліміздегі ең жоғары атақ қазақ қаламгері арасынан 2009 жылы Әбіш Кекілбайға, 2016 жылы Олжас Сүлейменовке, 2019 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовке, 2021 жылы Әкім Таразиға беріліп, өңірлеріне «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені тағылды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның өз ақын-жазушыларына деген үлкен құрметі.
Жалпы, қаламгерлер қауымы жас-кәрі деп бөлінбейді. Бірақ шығармашылық тұрғыдан алғанда, олар жазған туындыларға қойылатын көркемдік талабы ортақ болғанымен, әдебиетке еткен қызметіне қарай жас, жасамыс деп жіктейтіні бар. Сондықтан жас ақын, жас жазушы деген шартты түсінік оларды мемлекет тарапынан марапаттауда да қолданылатын, ол кеңестік кезде де, қазір де солай.
Жастарды шығармашылық тұрғыдан қолдау олардың алдағы өміріне үлкен із қалдыратыны белгілі. Сол үшін кеңестік әдебиетте комсомол сыйлығы деген сыйлық болды. Ол негізінен жас қаламгерлерге, оның ішінде ақындарға көп берілетін. Оны былайғы жұрт «ақындардың сыйлығы» деп те атайтын. Оның «бүкілодақтық», «республикалық» деген түрлері болды. Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын қазақтардан Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов алса, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алғандар қатарында Саттар Ерубаев (қайтыс болған соң), Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов (қайтыс болған соң), Күләш Ахметова, Надежда Лушникова, Ұлықбек Есдәулетов, Байбота Серікбаев (Байбота Қошым-Ноғай), Ерік Асқаров, Асқар Егеубаев, Есенғали Раушанов, Қасымхан Бегманов, Тұрсынжан Шапаев секілді қаламгерлер болды. Қарап отырсаңыз, бәрі де талантты қаламгерлер. Демек, ол тұста елге танылған ақын-жазушылар өздеріне лайықты сыйлығына ие болған. Кейін бұл сыйлықтың аты өзгеріп «Жастар одағының сыйлығы» атанып, бірталай қаламгерге берілгені белгілі. Дегенмен Қазақстан жастарға арнап «Дарын» мемлекеттік сыйлығын ұйымдастырып, оны жастар арасында көзге түскен талантты ақын-жазушыларға, өнер иелеріне, журналистерге беріп келеді.
Бірнеше сала өкілдеріне беріліп келе жатқан бұл сыйлықтың әдебиетке қатысты иелеріне тоқталсақ, 1992 жылдан бері Әбубәкір Смайлов, Светқали Нұржан, Бауыржан Жақып, Амантай Шәріп, Дидар Қосылбеков (Дидар Амантай), Маралтай Ыбыраев (Маралтай Райымбекұлы), Айгүл Кемелбаева, Ақсұңқар Ақынбабақызы, Нұржан Қуантайұлы, Талғат Қырықбаев, Бекжан Әшірбаев, Ақберен Елгезек, Алмас Темірбай, Жанарбек Әшімжан, Қалқаман Сарин, Азамат Тасқараұлы, Ерлан Жүніс, Динара Мәлікова, Жадыра Байбұланова, Батырхан Сәрсенхан, Біржан Ахмер секілді жас ақын-жазушылар осы сыйлықтың иегері болды.
Ашығын айту керек, посткеңестік елдер ішінде біздің ел сияқты қаламгерлерге сыйлық, атақтар беріп, орден-медальмен марапаттап, кітаптарын мемлекеттік тапсырыс негізінде басып шығарып, кітапханаларға тегін таратып, азды-көпті қаламақы төлеп отырған мемлекет жоқтың қасы. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанның қаламгерлерге жасап отырған қолдауы мен құрметі жайында айтып өтуді жөн көрдік. Елі құрметтеп отырған әдебиет пен соны жасаушылар әрдайым мемлекет назарында болғаны жақсылықтың белгісі.