50381
5-сынып оқушысы өрттен төрт баланы аман алып қалды
5-сынып оқушысы өрттен төрт баланы аман алып қалды

Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сенбі күні Қостанайдағы «Садовод» саяжайы аумағында өрт шыққан, деп хабарлады turkystan.kz.
25 желтоқсанда сағат 11:36-да 101 қызметіне Қостанай қаласындағы «Садовод» саяжайы аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Тілсіз жау өрт сөндірушілер келгенге дейін 6 адам тұратын тұрғын үйдің 60 шаршы метр аумағын шарпыған.
Оқиға кезінде үйде ешкімнің болмағаны анықталды.
Өрттің болжамды себебі - пешті дұрыс пайдаланбау.



«Бұл күні Қостанай қаласының № 22 орта мектебінің 5-сынып оқушысы «Садовод» саяжайында тұратын Олег Пирог көшеде ойнап жүріп, көрші үйден түтін шығып жатқанын көреді. Олег мұнда кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасы тұратынын біледі. Үлкен қызы 8 жаста, ал ең кішісі 2 жаста. Өрт сөндірушілердің келуін күтпей, ол түтіндеген үйге терезе арқылы кіріп, өз өмірін қатерге тіге отырып, 4 баланы кезекпен көшеге шығарған. Бұл уақытта ата-аналары үйде болмаған. Олар пешті жағып, дүкенге кетті», - деп түсіндірді ТЖД.Ата-аналар келгенге дейін құтқарылған балалар көршілерінде болған. Ауруханаға жатқызу қажеттілігі болған жоқ. Құтқарушылар өртті 12:07-де оқшаулап, көрші саяжай учаскелеріне таралу қаупін жойды. Сағат 12:28-де өрт сөндірілді.
