357
«Дінтану» оқулығы ортақол еңбек болмауы керек
«Дінтану» оқулығы ортақол еңбек болмауы керек
Таяуда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Облыс аумағындағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстық тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары» мәселесі қаралды. Әрине, бұл мәселе кімді болсын толғандырады.
Балалар мен жастар тәрбиесі күн тәртібінен ешқашан түспеу керек. Қазақ атамыз «Не ексең соны орасың» деп бекер айтпаған. Жергілікті полиция қызметкерлерінің мәлімдемесіне сенсек, облыс көлемінде балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыс көлемі жыл өткен сайын төмендеп келеді. Бірақ байқап жүргеніміздей, жастар арасында діни ағымға бет бұрғандар аз емес. Жұма күндері мешітке қарай ағылған топ-топ жастарды көріп, кейде еріксіз ойға кетесің. Кейбір мәліметтер бойынша, бүгіндері мешітке келетін жамағаттың 60-70 пайызы жастар екен. Олардың арасында әлі кәмелет жасына жетпегендер де бар. Ой таразысына салсақ, бұл – коммунистік державадан егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз тілімізді, өз дінімізді, өз ділімізді қайта қалыптастыра бастағанымыздың нәтижесі. Халқымыздың басым көпшілігі имандылық жолына түсіп, ауылдар мен қалаларда мешіттер бой көтеріп, діни білімді көтеру мақсатында діни университет пен колледждер, медреселер ашылды. Діни жоғары білім аламын деген жастар Түркия, Араб, Египет және де басқа мемлекеттердің жоғары оқу орнына барып, сауаттарын жетілдіріп қайтты. Егемендіктің алғашқы жылдарында абайсызда діннің басқа ағымдарына ілесіп кеткен жастар, әртүрлі радикалды діни секталарға еніп кетіп, ел ішіне іріткі салғандары да есімізде. Тіпті, әр өңірде бірнеше террорлық ұйым ұйымдастырып, елді дүрбелеңге салғаны да белгілі. Теріс пиғылды біреулердің арбауына түскен, өзге жұрттан «бақытын» іздеген, қияли рақат дүниеге сенген біраз жастарымыз қантөгіске бөгіп жатқан Сирия, Ауғанстан сияқты елдерге қоныс аударып, бала-шағасын, отбасы мен жақындарын қиын жағдайға ұрындырып, өздерін «Құдай жолында» шейіт еткендер жайлы мәліметтер аз емес. Әлі де сол үрдіс, өкінішке қарай бірен-саран болса да орын алуда. Сол ойсыз, пәтуасыз фанат жандарды, олардың берекесіздікке, қиындыққа ұрынған отбасын көз алдыңа келтіріп, жаның ашиды, жүрегің сыздайды. Әрине, еліміздің басшылары өз азаматтарын әркез қорғап, қамқорлық көрсетіп отыр. Толқынды толқын қуады, ойдан ой туады... Әлгі мешітке барып жүрген жастардың ой-өрісі, түйсігі қандай? Ол діннің қандай ағымында жүр? Жан-жағындағылар қандай уағыз айтып жүр? Шындығында, көпшілік оған онша мән бере бермейді. Әке-шешесі «менің ұлым (немесе қызым) имандылық жолына түсті, ораза ұстап, мешітке барып жүр» деп балаларына сырттай риза болып жүргендерді жиі кездестіруге болады. Кейбір кезде дін жолында жүрген баласы мен әке-шешесі арасында қайшылықтар пайда болатынын көріп жүрміз. Ислам дiнi – әлемдегi ең таза дiн екенi жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Басқа дiндермен салыстырғанда, адам бойына рухани нәр құятын, тәрбие беретiн, тазалыққа, имандылыққа, жақсылыққа, игi iске жетелейтiн ислам дiнi екен. Сондықтан ислам дiнiн мойындап, оған бас иетiн, мойынсұнатын жандар саны басқаларға қарағанда неғұрлым басым көрiнедi. Дiн дегенiмiз – адамды имандылыққа баулу, жақсылыққа шақыру, өмiрдi жақсы көру, сүйiспеншiлiкке, бауырмалдыққа тәрбиелеу. Қазiр елiмiздiң дiни қызметкерлерi арасында медреседен дәрiс алып, оқу орындары мен ислам-дiни университеттерiн тәмамдаған, терең, жан-жақты бiлiмдi, сауатты имамдар баршылық. Бiрақ дiн жолына «жолдан қосылған» кейбiр шаласауатты жандар қарымы мен түйсiгi жетпей жатып, ел арасына түсiнбеушiлiкпен iрiткi салып, терiс жолға түсiрiп жүргенi де өмiрдегi шындық. Өткен жүзжылдықтың 90-жылдары Кеңес заманы ыдырап, тәуелсiздiктiң қоңыр самалы ескен шақта, қазақтың белгiлi азаматы, академик-жазушы Қалтай Мұхамеджанов: «Бұрынғы кезде барлығымыздың жауымыз Қызыл империя едi. Бәрi содан қорқатын. Ал келешектегi қауiп ендi дiн жағынан болады. Дiннiң әртүрлi бағыттары iшiмiзге дендеп ене беретiн болса, түбiнде қазақ бiр-бiрiмен жауласады» деген екен. Фанатизм деген өте қауіпті жазылмас дерт екенін өткен ғасырдағы ұлттық фанатизм дертімен ауырған фашистік Германияның тағдыры анық көрсетіп берген еді. Жалпы, нәсілдік, ұлттық немесе діни фанатизм бола ма, қайсысы да оңып тұрған жоқ. Олардың бәріне ортақ қасиет – бізден артық ешкім жоқ, басқаларын таптап езу, құрту керек деген астамшылық пиғылдың болуы. Діни фанатизмге іліккен жандардың бойында психологиялық жағынан өзгешіліктер болады. Мысал үшiн алысқа бармай-ақ, әр елде кездесіп жатқан террорлық қайғылы оқиғаларды еске алайық. Осыдан он шақты жыл бұрын Тараз қаласында діни-фанатизмді бойына әбден сіңірген жігіт террорлық әрекет жасап, оны тоқтатпақ болған полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапқаны есімізде. Соңғы кезде орта мектеп бағдарламасына «Дiнтану» пәнi енгiзiлгенi, баз бiр мектептерде оны бастап кеткенi жайлы хабардармыз. Айтушылардың сөзiне сенсек, бiр-екi «Дiнтану» оқулықтары баспадан шығыпты. Олардың авторлары белгiлi ғалымдар мен дiни қызметкерлер көрiнедi. Әлгi оқулықтармен танысқандар, оқулықтардың төмен деңгейде жазылғанын айтып жүр. Нашар оқулықпен дiни танымдылықты дұрыс ұқпаған, сауатын шала ашқан жеткiншек ертең өмiрде тегiс жерде сүрiнiп, кiбiртiктеп, қателiк жiберерi де түсiнiктi. Сондықтан «Дiнтану» оқулығын сауатты, дiни бiлiмi мен танымы мол, тәжiрибелi ғалымдар мен дiни қызметкерлер бiрiгiп жазғаны орынды. Ресми ақпараттардың мәлiмдеуiнше, Қазақстан бұл күндерi дiни экспансия алаңына айналған секiлдi. Бiзде қазiр қандай дiни ағым жоқ? Олардан аяқ алып жүре алмайсыз. Христиан миссионерлерi, шоқындырушы-үгiтшiлер (олардың басым көпшiлiгi АҚШ-тан арнайы жолдамамен жiберiлген) ортамызға батыл енiп, ел арасына рухани ыдырау туғызып, миссионерлiк әрекет жасауда. Олар арнайы психологиялық дайындықтан өтiп, тиiстi ақпаратпен, мәлiметтермен жарақтандырылғандар (осындай миссионерлiк шiркеулердiң саны елiмiзде 20-дан асып жығылады). Көпшiлiк ортаға енiп, олар жергiлiктi халықты (қазақтарды) христиандыққа кiргiзу бағытында аянбай тер төгуде. Кейде олар ризашылықпен жеке адамдардың басындағы проблемаларын шешiп те бередi. Тiптi, қажет болса материалдық көмек беруге дайын. Мысалы, қаржыдан қиналып жүрген студенттерге қосымша шәкiртақы, жұмыссыз жүргендерге жәрдемақы төлейдi. Осындай әрекеттердiң арқасында миссионерлер ой-санамызды улап, өз iс-әрекеттерiне қол жеткiзуде. Иә, бүгiнде өз дiнiнен безiп, басқа дiннiң құрсауына түсiп жатқандар аз емес. Бүкiл отбасы болып басқа дiнге кiрiп, солардың сойылын соғып, көрiгiн басып жүргендер ортамызда аз ба? Жүректе үрей туғызған бүгiнгi күннiң ащы шындығы – осы. Расын айтқан жөн, көптеген имам көпшілік бас қосқан сәтте (жаназада, астарда, Құдайы тамақтарда) жұмақ пен тозақ, о дүние, кәпірлік жайлы сөз қозғайды. Оларды тыңдап отырсаңыз, барлық қиындық, ауыртпалық, бақытсыздық мына дүниеде, о дүние жайнап тұрған жұмақ ретінде суреттеледі. Оларды тыңдаған жастар, жасөспірімдер мына ауыртпалығы мол беймаза өмірден түңіліп, тезірек о дүниеге – жұмаққа аттанып кеткенді жөн санайды. Содан өздеріне қол салып, өмірмен қоштасып кете барады. Ортамызда суицидтің азаймай тұрғанының (әлем елдері арасында үшінші орын алуымыздың) бір себебі осы емес пе екен? Ойланатын жайт... «Жақсылық та, жамандық та – Құдайдан. Бiрақ жақсы болу, жаман болу – адамның өзiнен» дейдi данышпан Абай. Бұл сөз дiни фанатизмге шалдыққан, қате ағымдардың жетегiмен құрбандық болуға дайын ойсыз жандарға айтылған сөз сияқты. Дiни нанымның байыбына бармай, оны өзiне қарсы қою барып тұрған қатыгездiк емес пе? Сөз соңында айтарымыз, имандылықтан қашпайық, оны орынды, ақылмен қабылдап, соқыр дiни фанатизмнен iргемiздi аулақ ұстайық, ағайын!Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі
Тараз қаласы