Жаңабек ШАҒАТАЙ: Қазір әдебиетке қызығушылық бәсеңдеген шақ

Жаңабек ШАҒАТАЙ: Қазір әдебиетке қызығушылық бәсеңдеген шақ

Жаңабек ШАҒАТАЙ: Қазір әдебиетке қызығушылық бәсеңдеген шақ
ашық дереккөзі
1235

Қаламгерлер қашанда қоғамда болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарға сер­гек қарап, түрлі проблеманы қозда­тып отыратын індетті байқап, өз ойларын айтып отыратын қауым. Ал адамды ру­хани жетілуге жетелейтін көркем әде­биет олардың өз әлемі, өз дерті. Осы орай­да белгілі жазушы Жаңабек Шаға­тай­дың бүгінгі адам, қоғам, руханият туралы пікірлері жұртқа ой салады деп ой­лаймыз.

– Жаңабек Баққондыұлы, сіз өткен ғасырдың 80-жылдарында әдебиетке өз жолымен келген прозаиктердің бірі­сіз. Бірнеше кітабыңыз жарық көрді, шы­ғармашылығыңызбен әдебиет оқыр­мандары таныс. Дегенмен кейінгі ши­рек ғасырда бұрынғыдай емес, ха­лық­тың әдебиетке деген қызығушылы­ғы­ның бәсеңдегенін байқайтын шы­ғар­сыз. Ендеше осындай заманда жазу­шы болып өмір сүрудің маңызы қан­дай? Түрлі көзқарас шарпысып, құн­дылықтарға деген көзқарас өзгеріп жат­қан тұста әдебиет бір кездегідей қо­ғамның рухани өміріне жетекшілік ете ме? – О-о, «80-жылдар» дейтін ол бір кезең ен­ді қайта айналып келмейтін, соншалық ұмытылмас, аяулы кездер еді ғой. Көзімізде – от, жүрегімізде – шоқ бар болатын ол кез­де. Аныққа талпынатынбыз, адамдықтың ке­­­сесі ешқашан ортаймайтынына шын се­не­міз. Өмірде шынайы әділет салтанат құра бере­тініне ешқашан шәк келтірмеген ұрпақ­пыз. Желтоқсан көтерілісінің де күтпеген жер­ден лаулап сала бергенінің де бір сыры – сонда. Кейінгі ұрпақ ұмыта бастаған шығар, бәлкім ұмыта қоймаған шығар, біз­дің алдымызда Марат Қабанбаев деген мық­ты жазушы ағамыз болды. «Кермек дәм», «Бақбақ басы толған күн» деген кітап­тары қандай десеңізші! Ол кісі тіпті 1990 жылы балалар кітабы бойынша Х.Андерсен атындағы Құрмет дипломының иегері (ЮНЕСКО) атанды. Сондай қазақ балалар әдебиетіне еңбегі сіңген керемет жазушы, екі-үш баласымен қуықтай үйде өмір сүрді. Жаны күйзеліп айтқан әңгімелері әлі күнге құлағымда. Дегенмен өзің айтып отырған 80-жылдар – қазақ әдебиетінің қайталанбас алтын кезеңі болып қалды һәм қала бермек. Ойлап қарашы, көбі жазушы ғана емес, шынымен тұлға, қоғам қайраткері. Олар – сол тұста ерен еңбек еткен Қалтай Мұхамед­жа­нов, Ғафу Қайырбеков, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Ақселеу Сейдімбеков, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Әнуар Әлімжанов, Қажы­ғали Мұханбетқалиев, Құрманғазы Қара­манұлы, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақов, Бердібек Соқпақбаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Қалдарбек Найманбаев, Бексұлтан Нұрже­кеев, тағы басқалар. Осы кісілердің бәрімен тонның ішкі бауын­дай болмасам да, іні болып сыйласқан едім. Қажығали, Құрманғазы ағалармен бірге темекі тартып тұрып талай әңгімелескенмін. Өнегесі мол азаматтар еді. Иә, қазір әдебиетке қызығушылық бә­сеңдеген кез ғана емес, біржола сарқылып қалатын кезі келіп қалды ма деп үрейленемін. Студент кезімде Дулат ағаға жолы­ғайын деп барсам, ауруханаға түсіп қалыпты. Ауруханаға арнайы барып, жүре әңгімелесіп келе жатқанда Дулат аға мені кілт тоқтатып, үшінші қабатта кітап оқып отырған орыс әйелді нұсқап: – Ана кейуананы көрдің бе? Ол аса­рын асап, жасарын жасаған адам. Бі­рақ ол кісі кітап оқиды. Ал біздің қа­зақ­тар тоқпақтасаң да кітап оқымайды, – деп күлдірген еді. Ол кез, өткен ға­сыр­дың 80-жылдары кітап оқылатын кез еді, бұдан былай қайдам... «Әдебиет бір кездегідей қоғамның ру­хани өміріне жетекшілік ете ме?» деп сұрап отырсың ғой, рухани жетекшілік – қоғамды тәр­биелеу деген сөз. Қазақстандағы қазақ­тар­дың жалпы саны ха­лықтың 71 пайызына жет­­ті, қуанатын көрсет­кіш. Бірақ әлі күнге орыс­тіл­ді қазақ, қазақ­тіл­ді қа­зақ деп бөлінетін жұртпыз. Осы бөлініс бо­лып отырған кезде қо­­­ғамды ізгілік атаулы – ар-ұят, намыс, әділдік де­ген­дер емес, ақша ғана би­леп-төстейді. Ендеше оған әде­биет қаншалық қар­сы тұра алады? Айту қиын... – Соңғы бес-алты жыл­да Жазушылар одағының жылдық қорытынды­сын­да проза бойынша екі рет баян­дама жасадыңыз. Бұл өзіңіз үшін бүгінгі әде­биет ту­ралы пікір қалып­тас­тыру­ға мүмкіндік бер­ген шығар деп ойлаймын. Соң­ғы кездегі әдеби шы­ғар­ма­лар туралы шолу жа­сағанда не­ні аңғар­дыңыз, қазір әде­биетте тер төгіп жүрген жазу­шы­лар­да жаңалық бар ма не­месе кеңестік кезде жа­­сал­ған әдеби стильдер мен бағыт­тар­дың көлең­ке­сінде қалып келе ме? – Ол рас. Байқаған да, ба­сым­­ды шайқа­ған да тұстарым же­терлік. Жалпы, қазір жап­­пай атауды сән қылған түрлі измдердің бар­лығының анасы реализм емес пе? Әр баласы әртүрлі: бірі ұрда-жық, бірі шолжаң, бірі сәнқой, бірі олақ болса да ана шіркін бә­­рін жақсы көрмей ме? Әлде бөліп-жара ма? Ұлы Абайдың «қара сөздерінен», Ба­ль­зактың «Гобсегінен», Достоевс­кийдің «Ағайынды Карамазовтарынан» бас тарта аламыз ба? Өкініштісі, басты аңғарғаным – жап­пай сауатсыз бола бастағаны­мыз. Жалпы, қоғамның сауатының аздығы. Әсіре­се, бұл ауыр жағдай кейінгі дәуірде жарық көрген түрлі кітаптан бірден байқа­ла­ды. Мақал-мәтелдердің бұзылып жа­зылуы, тұрақты тіркестердің быт-шыты шығуы, орфографиялық қателіктер ешкімді селт еткізе қоймайтын сияқты... – Кеңестік кезеңде мемлекет идео­ло­гия­сын ұстағандар бізге әлемдік әде­биеттен «оқуымыз тиіс» шығар­ма­ларды өздері аударып, насихаттап отыр­ды. Қазір ондай кедергі жоқ. Дү­ниежүзіндегі әдеби жаңалық деп санал­ған туын­дыларды қалағанымыз­ша таңдап оқи аламыз. Сол сияқты шама-шарқымызша қазақ әдебиетін де әлемге аударып, таратып жатырмыз. Ендеше ұлттық әдебиетіміз әлемге қандай жаңалық­тарымен танылуы мүмкін? – Иә, шама-шарқымызға қарай қазақ әде­биетін – авторларды әлемге аударып, тара­тып жатқанымызға шүкір дейміз. Қуа­натын жайт. Десе де, еріктен тыс бір ұры сезік айналшықтап қоймайтынын да ай­туы­мыз керек. Сол аударылған шығар­малар­дың кейінгі тағдыры қалай болды? Шетел­діктер жаппай кітапханалардан таласып, тармасып оқып жүр ме? Әлде бір бұрыш­та үюлі қалып қойды ма? Қанша оқыр­ман оқыды? Мұны білетін адам Қазақ­станда жоқ шығар... – Әдебиеттің мемуар деген керемет жанры бар. Онда жұрт біле бермейтін шын­дықтар айтылатын болғандықтан, оқырмандар ондай кітаптарды ықы­лас­пен оқиды. Бұл мәселеде сіздің де біле­тіндеріңіз аз болмауы керек. Мәсе­лен, Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін «Кітапхана» атты телебағдарламаның әдеби мемуарлар туралы шығарылы­мы­на қатысып, ойларыңызды айт­тыңыз. Сұрайын дегенім, осы бір ға­жап жанрдың бүгінгі қазақ әдебие­тін­дегі орны қандай? Қазір жарық көріп жатқан кейбір қазақ қаламгерлерінің күн­делік, мемуарларын оқысаңыз, олар біреулерден есе қайтару үшін жаз­ғандай көрінеді... – Өз басым мемуарлық шығармаларды оқы­ғанды жақсы көремін. Осы жанрды қалыптастырған, алға сүйреген ағылшындар мен француздар шығар деп ойлаймын. Олар XVІІ-ХХ ғасырда қай қала, қай сарайда қан­ша адам тұратынын, әрбір жер учаске­сін­де қанша ағаш өсетінін де қаттап-шоттап қойған. Лордтар мен графтардың қалай өл­тіріл­генін, тіпті солдаттардың қай тамақ­ты қаншалықты жейтініне дейін болашаққа керегі боп қалады деп жазып қалдырған. Ұлы адамдарының әрбір басқан қадамдарын да! Сондықтан олардың архивтері ұшан-теңіз. Бірақ тұрмыстық есеп-қисап бір бас­қа, мемуар деген бір басқа ғой. Лев Толстойдың Булгаков деген хат­шы­сы болған. Сол хатшы Толстой қай­тыс болған соң мемуар жазды. Толстой­дың өміріне қатысты көптеген қызықты дерек­ті зерттеушілер соның кітабынан ал­ған. Ал біздің кейбір қаламгерлердің күн­делік, мемуары біреуден есе қайтару былай тұр­сын, кіммен құда болғанын, құдасына қан­дай сыйлық жасағанын, оның бұған не сый­лағанын жазудан аспай жатыр. Сөз ара­сында «келініміз өте жақсы болып шықты» деп «келінжанды» да мақтап қояды. – Кімнің айтқаны дәл қазір есімде жоқ, «газет-журналдар мен баспаларда істеген қаламгерлерді каторгаға айда­ғандай көрудің керегі жоқ, олар одан басқа қай жерде жұмыс істеп күн көре­ді?» деген еді бір қалам иесі. Сол сияқты бұрын да, қазір де баспасөз саласында жүрген ақын-жазушылар көп. Соның бірі – өзіңіз. Айтыңызшы, журналис­ти­када еңбек ету қаламгерлерге қан­ша­лықты зиян немесе пайдалы? – Кім айтса да біліп айтқан екен! Қазақ­стан­да жазушы немесе ақын дайындайтын оқу орны жоқ. Журфактың өзі де тек жур­на­листерді дайындайды. Яғни, ақын-жазу­шылық құпия жаратылыс, адамның тағ­дырына сыймайтын өзгеше қасиет. Тіпті, қыза-қыза келе ғарышқа, мегагалактикаға байланыстырып жіберетіндер аз емес. Журналистика қаламгерге өте пай­далы. Ең құрығанда, қоғамның беті қайда ауып бара жатыр дегенді байқап-бағдарлап отыруына көмегі тиеді ғой. Ежелгі Мысыр әлемдік өркениеттің жарық жұлдызы болып тұрған кезде (біз­дің жыл санауымыздан 3 мың жыл бұрын) 80 жыл билік құрған Джосердің тұ­сын­да Имхотеп деген пенде өткен. Сол Имхо­­теп Мысыр Перғауындарының ең ал­ғаш­­қы тас пирамидаларын тұрғызған құры­­­лысшы, тарихта аты қалған жан. «Өсиет­тер» деген кітап жазған жазушы. Тас­қа ойып жазған жансебіл. Кейін гректер оны ерекше құрметтеп құдайларының қа­тары­на тіркеген. Ежелгі Мысырда да оның ізбасарлары ерекше құрметпен, тас бейне­сінің алдына су құйып қоятын болған. Имхотеп ізбасарлары қателескен екен дей­мін кейде. Өздері табынған Имхотеп бей­­­­­несінің алдына сылдыр су құя бермей, құлпынай тосабын немесе шарап құйса, қазір әлемдік әдебиет пен мәдениет құрмет­тің шырқау шыңына шығар ма еді?!. Әлемдік зерттеушілер «пандемиядан кейін қоғам, адам, сана өзгереді» деп жүр ғой. Олай болса әдебиет те өзгеретін шы­ғар. Ал қазақ әдебиеті қалай өзгереді? Бұл – ең үлкен жұмбақ. – Жазушыны тек әдебиет қана емес, кей­бір әлемдік проблемалар да ойлан­дыра­тын шығар? – Шынына келсек, адамзат әлі күнге әді­летке шөлдеп келеді... Анау Еуропа «жы­лағанды жұбататын, жаурағанды жы­лы­та­тын» сияқты еді (айтар сөзі осылай), ол да күйінен жаңылған сияқты кейінгі кезде. Өткенде Армения мен Әзербайжан арасын­дағы қақтығысты тоқтатуға дәнекер болу үшін Еуропа белсеніп шыққан. Дұрыс-ақ. Осыдан екі-үш күн бұрын Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Италия телеар­на­сына сұхбат беріп, Еуропа Арменияға 2 млрд 200 млн еуро бергенін, ал Әзербайжанға бар-жоғы 140 млн еуро ұсынғанын айтты. «Әділдік қайда?» деп түңілді Ильхам Әлиев. Қазақстанның тәуелсіздігі күндерінде Тбилисиде телемұнараны біздің көк Бай­рақтың түсіне орай бояды. Екіжүзділік пен сатқындықтың кесірінен Қырым түбегінен әрі мемлекеттік алтын қорда сақтаулы 14-15 миллиард долларлық алтын қоймалары­нан айырылған қайран Украина да қазақтар десе ішкен асын жерге қояды. Әттең, біздің оларға иліге қоятын сұрымыз жоқ. Әділет­сіздік құрбаны болғандарға сөзсіз көмекте­сетін ата-баба дәстүрінен біржола бой үзіп алғандаймыз. Әсілі, әділдік жоқ қоғамда жақсылық та, тыныштық та болмайды... – Сөз соңында шығармашылығыңыз жайында сұрағымыз келіп отыр, не жазып жатырсыз, болашақта қандай шығармаларыңызды оқуымыз мүмкін? – Шынымен, жазушы болса, ол жазбай отыра алмайды. Сондықтан жазып жат­қан­ды емес, жарияланғанды айтайын. Менің үл­кендерге ғана емес, балалар әдебиетіне атсалысып жүргенімді оқырман білсе керек. К­езінде «Жыл он екі ай», «Балдырған» жур­налында балаларға арналған әңгімелерім жиі жарық көрген еді. Оның үстіне, «Дара­боз» халықаралық бәйгесіне қатысып, үш рет жүлдегер болғаным бар. Сол шығар­ма­ларымның басын қосып кітап шығарғым келіп жүрген. «Құланның қасуына мылтық­тың басуы» дегендей, мемлекет осы жылды «Балалар әдебиетінің жылы» деп жариялап, соның арқасында биыл «Асыл сөз» баспа­сынан шыққан «Ауылдың кішкентай ар­хеологтері» деген кітабым кішкентай оқырмандардың қолына тиіп жатыр. Болашақта да кітап етіп шығарсам деген шығармалар баршылық. – Әңгімеңізге рақмет. Шығар­ма­шы­лық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары