1408
Тұранның туыс екі елі
Тұранның туыс екі елі

Орталық Азия әлем тарихында орны бар аймақ болса, мұнда Қазақстан мен Өзбекстанның маңызы үлкен. Сондықтан халқының саны мен жер көлемі жағынан да, экономикалық бағыты жағынан бұл екі мемлекеттің өзіндік жолымен дамуы кейінгі 30 жыл көлемінде күллі әлемнің назарында тұр деуге болады.
Қазақ-өзбек халықтарының тарихи тамырластық пен өмір сүру жағдайының жақындығы олардың арасындағы қарым-қатынасқа әрдайым жақсы жағынан әсер етіп келеді. Сондықтан осы жылдың желтоқсанында екінші мерзімге сайланған Өзбекстан президенті сырт елге ең алғашқы сапарын Қазақстаннан бастап екі ел арасындағы барлық саладағы байланысты одан әрі күшейте түсу мақсатында еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда Қазақстан және Өзбекстан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөз жүргізді. Мызғымас достық пен тату көршілікке негізделген Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көпжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда теңдессіз ілгерілеу бар. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 30 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асты. Біз жуық арада сауда айналымының көлемін 5 миллиард долларға, ал одан кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Пікір алмасу нәтижесінде бұл қол жеткізуге болатын мақсат деген тұжырымға келдік. Әрине, атқарушы органдар, ең алдымен үкіметтеріміз осы мақсатқа жету үшін тиісті жұмыстарды жүргізуге тиіс» деген болатын. Өз кезегінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев келіссөздің мазмұнды болғанына ерекше тоқталып, қазақ-өзбек елдері арасындағы сауда айналымының рекордтық деңгейге жеткенін, осы орайда бірлескен жобалардың өте сәтті жүзеге асырылып отырғанына назар аударып,«Біз көпқырлы ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері бойынша мүдделеріміз бен ұстанымдарымыздың ортақ екенін тағы да дәлелдедік. Елдеріміз арасында орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Жаңа ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтарымыздың осы сапарға ризашылық танытып жатқанын айтты. Шын мәнінде, шекара маңындағы екі елдің де тұрғындары қатты қуанады. Себебі біз жиі кездескен сайын өзара қатынастарымыз жақсара түседі. Машина жасау, энергетика, электротехника, химия, жеңіл өнеркәсіп, банктер және басқа да салалардағы кооперация бойынша сәтті шыққан жобаларымыз бар», – деді.Екі ел басшыларының жоғары дәрежеде өткен кездесуінде ресми делегациялардың мүшелері аса маңызды құжаттарға қол қойды. Олар: Қазақстан – Өзбекстан арасындағы Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жазаcын одан əрі өтеу үшін беру туралы шарт; Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық бойынша келісім; Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы қазақ-өзбек кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісім; Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2022-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы; «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын құру туралы тұжырымдама; «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын құру туралы бірлескен жоспар; Түркістан-Шымкент-Ташкент жоғары жылдамдықтағы магистралды құрылыс жобаларын іске асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары; Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда-Үшқұдық автокөлік және теміржол жолдарының құрылысы жобасын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспары; Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Өзбекстанның Энергетика министрлігі арасындағы энергетика саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстанның Әділет министрлігі мен Өзбекстанның Әділет министрлігі арасындағы сот-сараптама қызметі саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өзбекстанның Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі арасындағы әлеуметтік-еңбек саласы бойынша ынтымақтастық ниет туралы меморандум; Өзбекстанға тікелей жеке шетелдік инвестицияларды тартудың негізгі шарттары туралы келісім; Жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы меморандум. Бұл келісімдердің барлығы да екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсы жолға қоюға ғана емес, екі көрші елдің алдағы кездегі дамуына зор пайдасын тигізетін, түрлі саладағы әріптестікті күшейте отырып, қазақ-өзбек елдерінің барлық салада ілгерілеушілікке жеткізетін құжаттар болып саналады. Қазақ-өзбек әріптестігі екі ел үшін бұрыннан маңызды. Сондықтан бұл мемлекеттер арасында түрлі келісім жасалғаны белгілі. Мәселен, осыдан төрт жарым жылдай бұрын елордада өткен қазақ-өзбек бизнес форумының аясында құны 840 млн доллар болатын 92 келісімшартқа қол қойылды. 2018 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауданың жалпы көлемі 2 миллиард АҚШ долларына жетсе, 2019 жылдың алғашқы жартысында екі ел арасындағы сауда айналымы барлық салада 40 пайыздан асып, 1 миллиард 600 миллион доллардан асқан еді. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) әкімдігімен сауда-экономикалық және мәдени гуманитаралық салалардағы ықпалдастықты арттыру бағытында Ташкент, Сырдария, Жызақ облыстары басшылармен әріптестік меморандумға қол қойылған еді. Ал 2018 жылы Елбасының Өзбекстанға жасаған сапары аясында қазақ-өзбек бизнес форумы ұйымдастырылып, оған екі елдің 300-ден астам кәсіпкер қатысқан болатын. Сондай іс-шаралар Шымкентте де өтіп, онда Ташкент қаласы тауарөндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылып, 2018 жылы сауда байланысы 11,7 пайызға артып, 622,6 млн АҚШ долларына жеткен еді. Салыстырмалы түрде алсақ, Қазақстанның Өзбекстанмен экономикалық тараптағы қарым-қатынасы оның өзге елдермен арадағы сауда-экономикалық қатынасынан анағұрлым жоғары. Мәселен, 2020 жылы Түркия мен Қазақстанның сауда айналымы 3 млрд доллар шамасында болса, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы сол жылдың 10 айының өзінде 30 пайызға өсіп, 3,2 миллиард доллардан асқан. Өзбек тарапы Қазақстанмен мүдделестікті бұдан әрі де күшейте түсуге ынталы. Мәселен, биыл елімізге іссапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ол жөнінде ойларын былай білдірді: «Біздің елдеріміздің әлеуеті өнімдерді өзара жеткізудің номенклатурасы мен көлемін айтарлықтай кеңейту үшін жеткілікті сұранысқа ие. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері тауар айналымы 40 пайызға дерлік артып, жыл соңына дейін 4 миллиард долларға жетеді деп күтілуде, бұл – біздің сауда қарым-қатынастарымыз үшін рекордтық көрсеткіш. Бірақ бұл шекті меже емес. Экономикалардың әлеуеті бізге болашақта 10 миллиардтық мақсатты батыл қоюға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік кооперация саласындағы жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қостанайда Қазақстандағы сатылым бойынша жетекші орындарға көтерілген автомобильдер, сондай-ақ автобустар мен ауылшаруашылық машиналарын бірлесіп шығару жолға қойылған. Түркістан мен Шымкентте заманауи тоқыма кәсіпорындары іске қосылып, тұрмыстық техникалар шығарылуда. Ал мұндай мысалдар өте көп. Бүгінде Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен экономика мен әлеуметтік саланың барлық дерлік бағытын қамтитын 1 000-нан астам кәсіпорын жұмыс істейді». Өзбек елі басшысының сөзіне қарасақ, ол елде мыңнан аса қазақстандық кәсіпорынның жұмыс істеуі екі тарап үшін тиімді болып отырған әріптестік. Екі жылдан бері қазақстандық «Теңге банкі» өзбек елінің барлық өңірлеріндегі өз бөлімшелерін ашып, желісін кеңейтіп, сол елдегі химия, фармацевтика өнімдерін өндіру, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығы кластерлерін құру, автомобиль өндірісі секілді салаларға қатысты жобаларға қатысуда. Сондай-ақ Үшқұдық – Қызылорда теміржолын салу, сондай-ақ Түркістан – Ташкент бағытындағы жоғары жылдамдықты қатынасты іске қосу сияқты маңызды жобалар жүргізілу үстінде. Бүгінде 620 мыңнан астам өзбек этнос өкілі Қазақстан азаматы. Дегенмен елімізде өзбек диаспорасына ана тілінде білім алуына, ұлттық салт-дәстүрді сақтауына мүмкіндік жасалып отыр. Бұл мәселеде өзбек тарапын алсақ, ол елдегі этникалық қазақ саны 800 мыңнан асады. Қазақ тілі 400-ге жуық орта мектепте, Сырдария, Жызақ, Нөкіс және Науаи педагогикалық институттарының кафедраларында оқытылып келеді. Сонымен бірге Өзбекстандағы қазақ тілінде шығатын республикалық «Нұрлы жол» газеті шығады және одан басқа да, қазақ тілінде телерадио хабарлары беріліп тұрады. Саяси-рухани тұрғыдан алсақ, 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы белгіленсе, 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы өткізілді. Биыл Өзбекстан толыққанды мүше ретінде Түркі кеңесіне қосылды және осы жылдың 12 қарашасында Ыстанбұлда өткен сегізінші саммитте ол Түркі кеңесінің Түркі мемлекеттері ұйымына айналуын қолдады. Соңғы халық санағының нәтижесінде Қазақстан халқының саны 19 милионнан асса, Өзбекстан халқының саны 35 милионнан асқаны белгілі болды. Наным-сенім мәселесін алсақ, Өзбекстан азаматтарының басым көпшілігі, яғни ондағы халықтың 88 пайызы сүннит мұсылмандары, 9 пайызы – православие христиандары, одан кейінгі орында будда мен яһуди сеніміндегілер. Өзбекстан батысы мен солтүстігінде Қазақстанмен, солтүстігінде Арал теңізімен, оңтүстігінде және шығысында Тәжікстан мен Қырғыз Республикасымен, оңтүстігінде Түрікменстан мен Ауғанстанмен шектеседі. Жер көлемі – 447,400 шаршы шақырымды құрайды. Өзбек елі экономикасы негізінен шикізат экспортына негізделген және Өзбекстан мақта өндіретін ірі мемлекет саналады. Және ол сыртқа алтын, уран және табиғи газдың үлкен көлемін экспорттайды. Елдегі жұмыс күшінінің 44 пайыздан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істесе, 30 пайызы өнеркәсіпте, 36 пайызы қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Өзбекстанда Орталық Азияның ең үлкен өзендері Амудария және Сырдария бар. Дегенмен ел аумағының 40 пайызын өмір сүруге қиын Қызылқұм шөлі алып жатыр, ал өзен аңғарларындағы жерлердің 10 пайызы – егістік жерлер. Соған қарамастан еңбекқор өзбек халқы бау-бақша өнімдерін көп өндіріп, өзге елдерге сатып отыр.