522
Тәуелсіздік тұңғыштары
Тәуелсіздік тұңғыштары
Тәуелсіздікке дейінгі тарихты жоққа шығарғанымыз емес, десек те азаттық алғаннан кейін бағындырған белестер мен толайым табыстар, әр саладағы жетістіктер мен жетістікке жеткен тұңғыштардың орны бөлек. Енді ғана егемендік алған елдің тұңғыш жетістіктері – тәй-тәй басқан нәрестенің алғашқы нық қадамындай ыстық естелік, атын әлемге мәшһүр еткен сәулелі сәттер.
Қазақ елінің егемендік алып, өз алдына еркін ел болған күн – әр азаматтың жүрек түпкірі, көкірек көмбесінде сақталған ең аяулы да қастерлі оқиға. Тәуелсіздік тарихындағы ең шешуші қадамның бірі – Тұңғыш Президент сайлауы еді, 1991 жылғы 1 желтоқсанда еліміздің тарихында жаңа қоғамдық-саяси кезең басталды. Дәл осы күні халық өзінің болашағын, мемлекеттің болашағын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Азаттығымызды ең бірінші мойындаған және баға берген – Америка Құрама Штаттары. Еліміздің тәуелсіздігін ең бірінші болып мойындаған Түркия деген де ақпарат бар. Бұл жерде еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтің мәлімдемесін алға тарта аламыз.– Қазір біздің барлық елмен тереземіз тең деп айтуға болады. АҚШ президенті Джордж Буш құттықтау телеграммасын жіберді. Қытай министрі келіп, хаттамаға қол қойдық. Сонан соң Моңғолия, Түркиямен байланыс орнаттық, – деген еді ол.Ал Түркияның бірінші болып мойындауы мүмкін деген пікірге:
– Жоқ, ол дұрыс емес. Түркиямен 1992 жылғы 2 наурызда қарым-қатынас орнаттық. Дәл осы күні Біріккен Ұлттар Ұйымына кірдік. Мұндай алпауыт ұйым әлемнің көптеген елін жинаған тәуелсіздіктің алғашқы жылында, бір жылдың ішінде ғана сол ұйымды мойындата алдық, – деп жауап берген екен.Ал елімізде ең бірінші болып елшілігін ашқан – Түркия мемлекеті. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Үкімет басшысы Ұзақбай Қараманов болды. Кеңес үкіметінің ыдырауы мен тәуелсіздігіміздің тоғысында бұл лауазым өндіріс пен ел шаруашылығының қыр-сырына қанық Ұзақбай Қарамановқа міндеттеліп, үлкен сенім артылған еді. Тәуелсіздік алған соң бір жылдан кейін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы Алматы қаласында өткізілді. Бұдан кейін қандастар үшін алғашқы жылдық квота тағайындалып, атамекеннен жырақтағы 10 мың отбасы атажұртқа қоныс аударды. Осылайша, отандастарымыздың тарихи Отанына оралуы тәуелсіздіктің ең үлкен, ерен жетістігі болды. 1992 жылы еліміздің медицина саласында үлкен жаңалық болды. Дәрігерлеріміз тұңғыш рет бұрынғыдай жасанды емес, тірі адамның жүрегін ауыстырды. Мұндай операция жалпы Орта Азияда тұңғыш рет жасалған екен. Ота жасауға екі сағаттан астам уақыт кетіп, сәтті аяқталған. Ал осы отада алғашқы жүрек трансплантациясы жасалған адам – Жәнібек Оспанов былтыр праймеризге қатысқан екен. 1993 жылы тұңғыш Ата Заң қабылданды: тәуелсіз Қазақстан тұңғыш Конституциясын жариялады. Ең алғашқы басты құжаттың қабылдануы – тәуелсіздік жылдарындағы елеулі оқиғалардың бірі. Дәл осы жылы Ұлттық валюта – теңге қолданысқа енді. Жаңа валютаның атауына қатысты да бірқатар ұсыныс болған. Елбасы Н.Назарбаев «Алтын» атауын ұсынды. Кейін жаңа ақшаны «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. «Теңге» сөзі орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» шыққан. Ал қағаз ақшаларға халқымызға белгілі ақын-жазушы, ғалым, ойшылдардың бейнелерін салу ұйғарылды. Суретшілерге бәрінен де әл-Фараби бейнесі бар банкноттар қатарын ашатын бір теңгелік купюра қиынға түсіпті. Оның портреті бұрынырақта Кеңес Одағының Ғылым академиясымен канонизацияланған. Бірақ оны ғалымдардың мұрағаттарда сақталған еңбектерінен табу да қиынға соққан екен. 1992 жылғы 27 тамызда Ұлттық банкте теңге купюрасының үлгілерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға аттанды. 1994 жылы бір топ қазақстандық студент алғаш рет «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. Бүгінде «Болашақ» түлектері еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр. Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш рет Парламент сайлауы өтіп, елде көппартиялық жүйенің дамуына жол ашты. Сенаттың тұңғыш Төрағасы – Байгелді Өмірбек. Ол Парламенттің жоғарғы палатасына 1996 жылдың 30 қаңтарынан 1999 жылдың 1 желтоқсанына дейін төрағалық етті. Сенат Спикері болып тағайындалмай тұрып ол Президенттің кеңесшісі болған. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің тұңғыш Төрағасы – Марат Оспанов. Ол – егемендікке жол ашқан Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларациясынан басталатын ел үшін маңызды құжаттар әзірлеуге қатысқан қайраткер. Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда аты аңызға айналған жерлесіміз Владимир Смирнов тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанды, одан бөлек 2 күміс медаль алды. Бұл жетістік елімізді жалпыкомандалық есепте 12-орынға шығарды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Алматы қаласы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы қабылдады. 2017 жылғы 8 ақпанда басталған іс-шара 12 спорт түрінен 8 спорт объектісінде («Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Сұңқар» халықаралық кешені, Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондары кешені, «Табаған», «Алматы арена» және «Халық арена» ойын-сауық кешені) үлкен абыроймен ұйымдастырылды. Универсиадада қазақстандық студенттер құрамасы 36 медаль алып, жалпыкомандалық есепте 57 елдің арасында 2-орынға тұрақтады. Егемен еліміздің тағы бір айтулы жетістігі – елордада EXPO халықаралық көрмесінің өтуі. 2012 жылғы 22 қарашада Францияның астанасы Париж қаласында өткен EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясы кезінде кезекті көрме Қазақстанда өтетіні белгілі болды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша бюроға 103 мүше-мемлекеті Қазақстанға дауыс берген. Біздің елдің ұйымдастырушыларының тарапынан ұсынылған Future Energy, яғни «Болашақ қуаты» тақырыбы сарапшылардың көпшілігінің көңілінен шығып, EXPO-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы ретінде қолдау тапты. 2017 жылы әлемдегі беделді Канн кинофестивалінде алғашқы Қазақстан павильонының ашылуы – ұлттық кинематограф тарихындағы жетістік болды. Отандасымыз Самал Еслямова «Үздік әйел рөлі үшін» гран-при алды, осылайша ол Орта Азияда бұл мәртебелі марапатқа алғаш ие болды. Тәуелсіздік алғалы бері ғылым-білімде де айтарлықтай көп жетістікке жеттік. Соның ішінде математик ғалым Дөрбетхан Сұрағанды ерекше атап өту керек. Ол – Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сыйлығын алған ең жас ғалым және Азиядан шыққан тұңғыш лауреат. Сонымен қатар ғалым әлем бойынша еңбектеріне келтірілген сілтемелер саны ең көп қазақ ғалымдарының бірі.