725
Тәу етер киеміз – тәуелсіздік
Тәу етер киеміз – тәуелсіздік

Жер бетінде мыңдаған ұлт бар, бірақ солардың ішінде тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес мемлекетке айналғандары екі жүздің ол жақ, бұл жағында. Демек, тәуелсіз ел атану – мықтылық! Сол мықтылардың қатарында Қазақстанның болуы – маңдайымызға тәңір жазған бақыт. Бірақ азаттығын ешқандай құндылыққа теңестірмейтін қазақ халқы үшін тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Өз тарихында отаршыларға қарсы 300-ге жуық көтеріліс жасаған қазақ халқы үшін тәуелсіздік – ұлт бақыты, өзгелермен терезесін теңестірген мәртебе.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз Тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын» деген сөзінде терең мән жатыр. Демек, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – бүгінде «Ұлы дала мемлекеті», «Мәңгілік ел» атанып отырған әлемдік саясатта салмағы, әлемдік қауымдастықта лайықты орны бар Қазақстанның мерейлі мерекесі. Сондықтан бұл жөнінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек» деуі мерейлі мерекенің салмағын сезіндіре түссе керек. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында әлемнің алтыдан бір аумағын иеленіп, қаншама елдер мен халықтарды уысында ұстап тұрған кеңестік жүйе күйреген соң әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда бола бастады. Оның бірі – Еуропа мен Азияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан.Жер көлемі жағынан әлемде 9-орында тұрған жас мемлекетке тәуелсіздік алған соң алдынан даңғыл жол ашылып кете қойған жоқ, бірақ ел басқарған тұлғалардың жанқиярлық еңбегі арқасында аз уақытта өзін тіктеп, экономикалық өсімге қол жеткізген қазақ елі он шақты жылдың ішінде ел халқының әл-ауқатын көтеріп, саяси-экономикалық тұрғыдан орнықты мемлекетке айналды.Бүгінде Қазақстан АҚШ, Ресей, Қытай сияқты ірі державалармен, Еуроодақ мемлекеттерімен және Орта Азиядағы көршілес елдермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сыртқы саясатта көпвекторлы ұстанымдағы Қазақстан үшін әлемнің барлық елдері бірдей әріптес саналады. Жерінде қазба байлығы мол Қазақстан аз уақытта соны пайдалануды жолға қою арқылы сырттан көп инвестиция тартып, сол арқылы барлық саланы бірдей дамытуға қол жеткізді. Әрине, 30 жылдың ішінде әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналып, өз даму жолына түскен Қазақстанның барлық жетістігін бір мақалада әңгімелеп шығу мүмкін болмағандықтан, тәуелсіз еліміздің осы кезең ішінде жасаған саяси маңызды қадамдары туралы қысқаша шолып шығумен шектелеміз. 1991 жыл Қазақстан үшін жаңа дәуірдің басы болып есептеледі. Өйткені осы жылы Қазақстан дербес ел ретінде тарихтан орын алып, өз болашағына қатысты батыл шешімдер жасай бастады. Сол жылдың тамыз-қазан айларында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары қайта құрылды, сондай-ақ Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер атанды. 16 қазанда Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының заңы қабылданды, сөйтіп Жоғарғы Кеңестің таңдауымен Президенттің қызмет орны бекітілді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. 1 желтоқсанда Қазақ КСР-інің Президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайыз дауысын жинаған Н.Назарбаев республика Президенті болып сайланды. 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды. 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды. 1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Осылайша, әлем картасында Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. 1992 жылғы 10 қаңтарда «Қазақстан Республикасында ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Президентінің Жарлығы қабылданып, мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің ішкі істер әскері құрылды. 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Сол жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы өтіп, әлем қазақтары тұңғыш рет өз атамекенінде бас қосты. 2 наурызында Қазақстан БҰҰ-ға мүше болды. 8 мамырда ҚР-ның дербес Қарулы Күштері құрылды. 15 мамырда ТМД-ның 6 мемлекетінің (Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойды. 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО құрамына енді. Ал 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдар күшіне енді. 11 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұранының мәтіні туралы» заң қабылданды. 1993 жылғы 4 қаңтарда Ташкентте Орта Азия елдерінің мемлекет басшыларының кездесуі барысында, Қазақстан Президентінің ұсынысымен тараптар «Аралды қорғау» халықаралық қорын құру туралы шешім қабылдады. 13 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заң қабылданды. 22 қаңтарда Президент Жарлығымен Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы республикалық жоғары дәрежелі ғылыми мекеме – Ұлттық ғылым академиясы болып қайта құрылды. Қаңтардың 28-інде Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. 26 ақпанда республика аймағының тұтастығын дәлелдейтін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заңы өз күшіне енді. 25 наурызда Қазақстан Еуропалық Даму және қайта құру банкіне мүшелікке кірді. Мамыр айында «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 15 қараша Қазақстанның Ұлттық валюта- сы – теңге айналымға шықты. Сол жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын тағайындап, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге жастарды оқыту басталды. 1994 жылғы 16 ақпанда Қазақстан ядролық қаруы жоқ ел ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Наурыз айында алғаш рет парламенттік сайлау өткізілді. 27 мамырда Қазақстан рамалы құжатқа қол қойып, НАТО-ның «Бейбітшілікке арналған серіктестік» бағдарламасының 19-шы қатысушы мемлекеті болды. 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Ақмола қаласына көшіруге шешім қабылдады. 30 маусымда қазақтың екінші ғарышкер ұлы Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты. 1995 жылғы 1 наурызда Президент Жарлығымен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. 29 сәуірде өткізілген бүкілхалықтық референдумда сайлаушылардың 95,4 пайызы Президент өкілеттілігінің мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуды жақтап дауыс берді. 26 мамырда Қазақстан аумағынан ядролық қарудың соңғысы шығарылды. 3 шілдеде Президент Н.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты. 30 тамызда конституциялық өзгерістер процесі аяқталып, қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Сол күзде Қазақстанда ұлттық әуетасымалдаушы пайда болды. Қазақстан Ислам конференциясы ұйымының мүшелігіне қабылданды. 1996 жылғы 3 сәуірде Қазақстандағы қазақ ұлтының азаматтары құжатқа тарихи халық дәстүрге сәйкес өз әкесінің аты-жөнін, ата-бабасының атымен жаздыруға мүмкіндік алды. 30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу (ЯСЖТ) шартына қосылды. Сол жылдың 16 желтоқсанында Алматыдағы Республика алаңында «Тәуелсіздік монументі» ашылды. 1997 жылғы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң қабылданды. 8 қарашада мемлекеттік рәміздер мен Қазақстан Президентінің байрағын Алматы қаласынан Ақмола қаласына табыс ету салтанаты өтті. 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» №3700 Жарлығына сәйкес, Ақмола қаласы ресми түрде 1997 жылғы 10 желтоқсаннан астана болып саналады. 1998 жылғы 10 маусым астананың тұсаукесер күні ретінде белгіленеді. Елімізде халықтық жалпы келісім мен саяси репрессия құрбандарына арналған жыл болып, «Қуғын-сүргіндерді еске алу жылы» деп аталды. Қазан айында Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық Жолдауы жарияланды. 1998 жылдың басынан бастап зейнетақы реформасы басталды. 6 мамырда Қазақстан Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде Ақмола атауын Астана қаласы деп өзгерту туралы Президент Жарлығы шықты. 1 маусымда Қазақстанның Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері құрылды. 6 шілдеде Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында мәңгілік достастық пен одақтастық туралы Декларацияға қол қойылды. 1999 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Президентінің сайлауы өтті. Тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен бұл сайлауда Қазақстан Президенті болып 81,71 пайыз дауыс алған Н.Назарбаев қайта сайланды. Сондай-ақ осы айда «Нұр Отан» Республикалық саяси партиясы құрылды. Шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды. 1999 жылы тәуелсіздіктен кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. Санақ халық саны 14 млн 652,7 мың адам екенін, оның 53,4 пайызын қазақтар құрайтынын көрсетті. 2000 жылғы 29 маусымда Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. 1 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының тәуелсіз сот жүйесін күшейту жөнінінде» Президент Жарлығы қабылданды. 2001-2010 жылдары Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасы іске асырылды. 2001 жыл автомобиль жолдары жылы болып жарияланды. Трансеуразиялық магистраль «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы басталды. 2002 жылғы 4 маусымда Алматы қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саммиті өтті. 23-24 қарашада Түркістан қаласында қазақтардың Екінші бүкіләлемдік құрылтайы өтті. 24-26 қарашада Алматыда ІІ Еуразиялық медиа-форум өтті. Сол жылы Астананың төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен елорданың символына айналған биіктігі 97 метр «Астана – Бәйтерек» монументі салынды. 2003 жылы Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі болды, сондай-ақ демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға бала тууына байланысты бірреттік жәрдемақылар беріле бастады. 2004 жылғы 13 қаңтарда Қазақстан Президенті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы қаулыға қол қойды және Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2005 жылғы 5 шілдеде Астанада өткен Мемлекет басшыларының саммитінде астана декларациясына қол қойылып, антитеррорлық сипаттағы негізгі құжаттар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық тұжырымдамасы, ережесі бекітілді. 2005 жылдың 4 желтоқсанында кезекті Президент сайлауы өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 91,15 пайыз дауыспен үшінші рет Мемлекет басшысы болды. 2006 жылдың қаңтарында Қазақстанның жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне композитор Ш.Қалдаяқовтың (сөзі Ж.Нәжімеденовтің) 1950 жылдары шығарған «Менің Қазақстаным» әні алынып, оның жаңарған мәтіні авторларының бірі Н.Назарбаев болды. 11 қаңтарда Ақорда резиденциясында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуіне арналған салтанатты рәсім өтті. 1 қыркүйекте Астанада пирамида үлгісіндегі Бейбітшілік және келісім сарайы ашылып, сол айда осы ғимаратта Әлем діндерінің екінші съезі өтті. 17 маусымда Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) екінші саммиті болды. 15 қарашада теңгеміз жаңа басылыммен қайта шықты. 2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, бұрынғы консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан халықтары Ассамблеясына Қазақстан халқы Ассамблеясы деген жаңа атау берілді. Осы жылы Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2008 жылғы қаңтарда «Оралмандардың көшіп келу квотасы» туралы Қазақстан Президентінің Жарлығы шықты. 23 желтоқсанда Қазақстан Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары қабылданды. 1 шілдеде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі өтті. 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында елiмiздегi тұрғындар арасында екінші халық санағы өттi. Санақ қорытындылары бойынша, Қазақстан халқының саны 16 004,8 мың адамды құрады. 2010 жылы «Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде үстіміздегі жылы ғана 140-тан астам жаңа бәсекеге қабілетті өнеркәсіп кәсіпорындары іске қосылады. Астана қаласында мемлекет тарихында тұңғыш рет Орта Азия елдері басшыларының қатысуымен ЕҚЫҰ-ның саммиті өтті. 2010 жылдың 31 желтоқсаны мен 2011 жылдың 7 қаңтар аралығында VII қысқы Азия ойындары Астана-Алматы қалаларында өтті. 2011 жылы Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етті. Қазақстанда VII қысқы Азия ойындары өтті. 25 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы салтанатты түрде ашылды. Осы жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» атағы берілді. 2012 жылғы 27 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын жариялады. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 7 алтын алып, жалпы командалық есепте 12-орынға ие болды. Алғаш рет қазақстандықтар Тұңғыш Президент күнін атап өтті. 14 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады. 2013 жылғы 30 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлығы шықты. Қазан айында «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасы қабылданды. Доктрина «Нұр Отан» партиясының ХХІ ғасырдағы миссиясы мен «Қазақстан–2050» стратегиясын жүзеге асырудағы рөлін анықтауға бағытталған. 2014 жылғы 17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. 27 шілдеде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. Қазан айында Елбасы Астана қаласының белсенділерімен кездесу кезінде 2015 жылы қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы атап өтілетіні жайлы мәлімдеді. 11 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. 2015 жылғы 26 сәуірде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Президент орынтағы үшін үш үміткер сынға түсіп, нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыздық дауысына қол жеткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. 2 қыркүйекте Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер – Айдын Айымбетов халықаралық экипаждың құрамында Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. 11 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысып, сөз сөйледі. 2016 жылы Мемлекет басшысы 21 мемлекетке ресми сапармен барып, 16 шетел, халықаралық ұйымдар басшысын қабылдады, сондай-ақ Жер кодексіне 2021 жылдың соңына дейін түзетулер енгізуге мораторий жариялады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. 2017 жылғы наурызда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша, мемлекеттiк билiк тармақтары арасындағы өкiлеттiктер қайта бөлiндi. Сол арқылы президенттiк басқару формасын сақтай отырып, парламенттiң бақылау функциясын күшейтуге мүмкіндік берілді. 26 қазанда Мемлекет басшысының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Жарлығы қабылданды. Елордада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында EXPO-2017 көрмесі өтті. Іс-шараға 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысып, көрменi барлығы 4 млн адам тамашалады. 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда V Каспий саммиті өтіп, оған теңіз жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің президенттері қатысты. Осы жиын барысында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалды. 10-11 қазан күндері Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтті. 2019 жылғы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз өкілеттілігін тоқтату туралы мәлімдеді. 2019 жылғы 9 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» №18 Жарлығына сәйкес, сайлау 2019 жылғы 9 маусымда өтті. Сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтатқалы уақытша Президент болып тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге есептегенде жеті кандидат қатысты. Сайлау нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар дауысының 70,96 пайызын иеленіп, Қазақстанның Президенті болып сайланды. 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыппен халыққа Жолдау жасады. 2020 жылғы 19 наурызда COVID-19 инфекциясының таралуы себепті Қазақстан тәуелсіздігі тарихында алғаш рет төтенше жағдай енгізілді. Билік қалааралық көлік қозғалысын жауып, мемлекеттік шекарадан өтуге шектеу қойды. 11 мамырда түн ортасынан бастап Қазақстанда төтенше жағдай тоқтатылды. 25 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға қол қойды. Қазақстан топырағынан шыққан әлемдік дәрежедегі ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы халықаралық дәрежеде аталып өтті. Сондай-ақ кезінде орталығы қазақ даласында болған Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы мемлекеттік дәрежеде белгіленіп, түрлі іс-шара болды.