БОЛАШАҚТА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРМЕК
Прекрасное ауылы облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Халық саны аз ауылдардың тағдыры оны да айналып өтпеді. Тұрақты жұмыс табылмағандықтан тұрғындары жан-жаққа көшіп кеткен. Оқушысы жоқ мекептің де есігіне қара құлып ілінді. Ал қазір үйлердің үйінділері ғана қалған елдімекенде тұрмыс қайта жандана бастады. Прекрасное ауылының тумасы Бақыт Құсайынов еліне қайта көшіп барып, оны көркейтуге бар күшін салып жүр.«Медициналық пункт, тұрғындардың бос уақытын өткізуге арналған орталық, дүкен мен шаштараз салу жоспарда бар. Бәрінің жобасы дайын. Биыл қазандық салып, іске қостық. Әр үйге су құбырын тарттық. Қаладағыдай жағдайды жасадық. Осының барлығын туған жерімді көркейту үшін істеп жүрмін. Әр адам өз елі үшін қолдан келгенше титтей де болса жақсылық жасауы тиіс», - дейді Бақыт Құсайынов.Бақыт Құсайынов ауылдастарын жұмыспен қамту мақсатында сүт-тауарлы ферма ашты. Жоба құны 1,6 млрд теңге. Заманауи техникамен жабдықталған өндіріс орнында 36 адам еңбек етеді.

«Біз отбасымызбен Жамбыл облысынан көшіп келдік. Оңтүстік өңірлерде үй бағасы қымбат. Өзіміз баспана ала алмадық. Ұрпағымыздың болашағы үшін осында көшуге бел байладық. Еш өкінген емеспіз. Бастысы, тұрақты жұмыс бар. Алатын жалақымыз жақсы. Өз баспанамызға ие болдық. Өзім жаңа ашылған фермада сауыншы болып жұмыс істеймін. Жолдасым – фельдшер. Тұңғышымыз Көкшетау қаласындағы колледждердің бірінде білім алып жүр. Екі қызым көрші ауылға қатынап оқиды. Бақыт Мәжитұлы оқушыларды мектепке апаратын көлікпен қамтамасыз етті. Үйге жұмыстан келесің де, демаласың. Тіпті, пеш жағудың қажеті жоқ. Барлық жағдай жасалған. Болашақта да кәсіпкердің әлі талай игі істерді тындыратынына сенімдімін», - дейді Прекрасное ауылының тұрғыны Лариса Боровская.

