50284
Келесі жылы қырғыз еліне 1 мың автобус экспорттаймыз
Келесі жылы қырғыз еліне 1 мың автобус экспорттаймыз
8 желтоқсанда Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің Төрағасы – Президенті Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен Қырғыз елінің Қазақстанда шығарылған автокөлік құралдарын сатып алуы туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Құжатқа Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Қырғыз Республикасының экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиев, Бішкек қаласының мэрі Айбек Джунушалиев және «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қол қойды, дейді ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
Меморандум 2022 жылы Қырғыз Республикасына лизинг шартымен Қазақстанда шығарылған Yutong маркалы 1 мың бірлік электрлі, газ және дизельмен жүретін автобустарды және 100 бірлік арнайы техниканы жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл ретте автобустар жолаушылар көлігі қозғалысын диспетчерлендірудің электрондық жүйесімен және ONAY PAY жол ақысын төлеудің автоматты жүйесімен жарақтандырылады.