1243
Түркілік дәстүрді жаңғыртқан ғалым
Түркілік дәстүрді жаңғыртқан ғалым
Түбі бір түркі әлемі. Біз сол түркі әлеміне қайта оралып жатырмыз. Биыл қараша айының 12 күні Ыстанбұлда Түркі мемлекеттер ұйымы басшыларының басын қосқан Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитте сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардақты ағайын! Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Біз барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз» деп атап өтті.
Сонау тамыры тереңде жатқан түркі дүниесінің саясатта ғана емес, ғылымда да көзқарасы, ой-пікірі үйлесім тауып жатқанын елордамыздағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры Қарлығаш Амангелдіқызының қазақ педагогикасын зерттеген ғылыми еңбегімен танысқанда көз жеткізе түстім.
Қазақ педагогикасының ауқымы кең, ол – түрік өркениеті мен көшпелі мәдениетке негізделген қазақ халқының ұлттық болмысына, халықтық тәжірибесіне сай балалар мен ересектерді тәрбиелеу, білім беру және оқыту заңдарын зерттейтін ғылым.
Ғалым қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуын мынадай кезеңдерге бөледі: 1-кезең – қазақ халық педагогикасы; 2-кезең – орта ғасырда түркі тектес халықтардың педагогикалық ой-пікірлері; 3-кезең – қазақ педагогика ғылымының әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі ретінде қалыптасуы мен дамуы. Ол қазіргі таңда білім беру жүйесінде әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің білім беру мазмұны, оқыту әдістері және оқыту әдістемесіне байланысты дидактикалық идеяларын ең өзекті деп санайды.
Білікті ғалым Қ.Амангелдіқызы 2009 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң «Жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы, этнопедагогика» мамандығы бойынша «Қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М. Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеялары» тақырыбындағы диссертацияны сәтті қорғап, оған педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді. Ғылыми кеңесшісі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімұлы. Ғалым зерттеу барысында жоғары және арнайы орта педагогикалық оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үдерісінде, мұғалімдерінің біліктілігін арттыру ісінде пайдалануға арналған оқу құралдары мен электрондық оқулықтар дайындады және «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» элективті курстарының оқу-әдістемелік кешенін жасады.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, диссертациялық кеңес төрағасы болған С.Каргин «Қ.Сарбасованың зерттеу жұмысының маңызы – қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көздерін ғылыми-әдіснамалық тұрғыдан негіздеу, бұл – бүгінгі күнде өте көкейкесті мәселе. Теориялық маңызымен бірге, практикалық жағынан алып қарасақ та, оқу процесіне енгізуге ұсынып отырған элективті курстардың оқу-әдістемелік кешені, бірнеше оқу құралдары, электронды оқулықтары педагогика тарихын толықтыруда өз орнын алады» деп жоғары баға берді.
Қарлығаш Амангелдіқызы 2011 жылы «Педагогика» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағын алды. 2012 жылы Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды.
1993 жылдан бастап өзі үздік бітірген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қызмет істеді. Терең білімін лауазымды қызметпен ұштастырды. Аталған университетте 1998-2005 жылдар аралығында педагогика факультеті деканының орынбасары және бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң бiрiккен диссертациялық кеңесiнің құрамына еніп, аталмыш кеңесте диссертациялық жұмыстарға сараптама жасауға белсене атсалысты. Жалпы, педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша докторантурада оқыды.
2011 жылы C.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне қызметке шақырылды. Бір жылдан кейін Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері болды. Осы университетте 2018-2021 жылдар аралығында «Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру» факультетінің деканы лауазымын абыроймен атқарды. Бүгінде Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры. Қатарынан екі рет Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2008 ж.; 2014 ж.) атанған Қ.Сарбасова білікті мамандар дайындап келеді. Магистранттар мен ізденушілердің зерттеу жұмыстарына ғылыми жетекшілік етті. Оның жетекшілігімен екі ғылым кандидаты, екі PhD философия докторы, онға жуық ғылым магистрі даярланды. Соңғы бес жылда тәжірибесі мол ғалымның жетекшілігімен орындалған студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары республикалық, жоғары оқу орны деңгейіндегі байқаудың, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялардың жеңімпазы атанды.
Қ.Амангелдіқызы ғалым ретінде Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында оқулықтарға сараптама жасауға белсене атсалысады. Сонымен қатар алыс шетелдегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, кәсіби білікті маман екенін таныта білді. Ұлыбританияда Рединг университетінде, Чех Республикасындағы Karlova университетінде, Малазия Келантан университетінде, Оңтүстік Кореяда Донгук университетінде ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасып, халықаралық дәрежедегі сертификат алды.
Қ.Сарбасованың ғылыммен айналысқанына бірнеше жыл болды. Ғалымның 200-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді, оның ішінде «Қазақ педагогикасының ойшылдары» және «Қазіргі педагогика ғылымының қайнар көздері» атты екі монографиясы бар. Ғылыми-әдістемелік жұмыстарына тоқталсақ, 40-тан астам оқулық, оқу құралы, оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген, заманауи электронды оқулық, ЭЕМ-ға арналған оқыту бағдарламасы бойынша авторлық куәліктері және қазақ, орыс, ағылшын тілінде көптеген ғылыми мақалалары бар. Оның ғылымда ерекше орын алған «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» және т.б. оқу құралдары бірнеше данамен республикаға таралды.
Профессор Қ.Сарбасова ғылыми көзқарасын: «Қазақ педагогикасы – әлемдік педагогиканың құрамдас бір бөлігі. Егер де біз қазақ педагогика ғылымын дамыту барысында тағы да батыстық үлгімен кетсек, қателесетініміз анық. Біз түркілік төл дәстүрімізді сақтай отырып, ұлттық ойлау, ұлттық болмыс өзгешелік-ерекшеліктерімізді нығайта түсіп, қазақ педагогикасын шығыс педагогикасының үлкен бір саласы ретінде қалыптастыру деңгейіне қол жеткізуіміз керек» деп түйіндейді.
Жарты ғасырлық өмірінің көбін еліміздің ғылым саласын дамытуға арнаған белгілі ғалым алдағы уақытта да ғылым-білім саласына қомақты үлес қосатынына сенімдіміз.
Нұрлан ҚАЛҚА, журналист