1181
Ғылыми тағылымдаманы рухани мұрамен сабақтастыру
Ғылыми тағылымдаманы рухани мұрамен сабақтастыру
Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін ресми түрде жариялағаннан кейін Түркия мемлекеті алғашқы болып Қазақстанда өз елшілін ашты. Бауырлас Түркия мемлекеті – бүгінде еліміздің Еуразия құрлығындағы маңызды әрі сенімді әріптесі. Екі ел арасындағы әріптестік аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Түркия елінің университтерінің арасындағы екіжақты қатынастар қарқынды дамып келеді. Қазіргі кезде университетіміздің студенттері Түркияның беделді университеттерінде білімдерін толықтырып, бәсекелестік қабілеттерін арттырып, ғылыми тағылымдамадан өтуде. Түркия елінің оқытушылары ғылым саласындағы ынтымақтасқан мәдени орта құру және өзара тәжірибе алмасу мақсатында біздің университетімізге келіп дәріс оқуда.
Арайлы алтын күздің қараша айының басында Хаджеттепе (Түркия) университетінің профессоры Рефиа Гулин Огут Экер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің түркітану және тіл теориясы кафедрасына тәжірибе алмасуға бір ай уақытқа келді. Рефиа Гулин Огут Экер филология факультетінің студенттеріне «Түркі тілдері және халық ауыз әдебиеті» атты тақырыпта дәріс оқиды.
Көненің көзіндей және тарихтың өзіндей болған бағзы замандардан бері бізге ата-бабаларымыздан мирас болып қалған тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, өзге жұртқа халқымыздың баға жетпес қымбат асыл қазынасын көрсетіп, ондағы құнды жәдігерлермен таныстыру мақсатында біз қараша айының 15-ші жұлдызы күні Рефиа Гулин ханымды Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайына арнайы апардық. Сәулеті ерекше әдемі әсем ғимаратта орналасқан Халық аспаптары мұражайы – ұлттық мәдениетіміздің ең маңызды мәйегі әрі Орта Азия бойынша жалғыз музыкалық аспаптар мұражайы.
Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы 1980 жылы белгілі этнограф ғалым, мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен құрылған. Мұражай қорында қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар түрік халықтары, сондай–ақ әлемнің 50 елінің музыкалық экспонаттары бар екен.
Біз алдымен кіріспе залымен таныстық. Бұл залда археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған көне музыкалық аспап түрлері мен аспап көшірмелері қойылған екен. Қазақ даласынан табылған осы асыл мұраларымыз халқымыздың сол кездегі тарихы мен мәдениетінен мол ақпарат береді.
Мұражайдың Мемориалдық музыкалық аспаптар залында қазақ музыка тарихында «Алтын ғасыр» аталатын ХІХ-ХХ ғғ. өмір сүрген шоқтығы биік қазақтың әнші-жыршылары мен күйші-композиторларының қолданған аспаптары қойылған екен. Мұражайға жасаған саяхат барысында біз Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Дина, Жамбыл, Қазанғап, Ақан сері, Біржан сал, Кенен, Сүгір, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев және т.б. қолданған домбыралар мен сырнайларды тамашаладық.
Сонымен қатар, келушілерге әр елдің музыкалық өнерінен сыр шертер түрлі аспаптарды тамашалауға мүмкіндік беретін «Түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптары залы» және «Азия халықтарының музыкалық аспаптары», «Еуропа халықтарының музыкалық аспаптары» залдары бар.
Мұражайға саяхат барысында Рефиа Гулин ханым мұражайда қойылған әр жәдігердің ерекшеліктері және тарихы туралы құнды ақпараттармен танысып, мұражай қызметкерлеріне жәдігерлерге байланысты өзін қызықтырған көптеген сұрақтарын қойып, ол сұрақтарына қанағаттанарлық жауап алды.
Мұражайға саяхат өте жоғары деңгейде өтті. Мұражайға саяхат барысында Түркиядан келген құрметті қонағымыз Рефиа Гулин ханыммен уақытымызды тиімді әрі пайдалы өткіздік, мәдени дүниетанымызды кеңейтіп, қазақ халқының ғана емес, түркі халықтарының, Орта Азия мен Еуропа халықтарының ұлттық музыкалық аспаптары туралы пайдалы және қызықты ақпараттар алып, қайттық.
Мұражайға саяхаттан кейін Рефиа Гулин ханымның қазақ халқының мәдени және рухани жәдігерлеріне деген ерекше ықыласы артып, керемет көңіл-күймен ерекше әсер алып қайтты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
филология факультетінің түркітану және
тіл теориясы кафедрасынын
«Лингвистика» мамандығының 1 курс докторанты
Серікқазықызы Ақбота
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының
докторы, профессор Авакова Р. А.
1 курс докторанттарының ұйымдастырушысы:
Таусоғарова Аяужан Қайратқызы
филол.ғ.к., доцент