Сарғайған суреттерде не сыр бар?

Сарғайған суреттерде не сыр бар?

Сарғайған суреттерде не сыр бар?
ашық дереккөзі
512
Көп­теген отбасында жылдар бойы жинақталған фотоаль­бом­дар, уақыт сарғайтқан жазбалар, қойындәптерлер, ашық хаттар, базбіреулерінде, тіпті жеке жанның қағазға тү­сірген сырға толы күнделіктері барына күмән келтір­меймін. Олар – әрбір жанұяның шежіресі, тарихы, дастан-архивы, өткен күн­дер­дің жарқын елесі, кейбір жандардың еш­кімге жария етпеген құпия сыры, жүрек тү­бінде бұғып жатқан алтынға бергісіз қым­бат дүниесі десек те болады. Кей жанұяларда ата­дан балаға мирас болып келе жатқан кө­не фотосуреттер, қолжазбалар, хаттар, кі­таптар да сақталған. Соларды көз қара­шы­ғындай сақтап, бір ұрпақтан екінші ұрпақ­қа жеткізіп жүрген азаматтардың ұқып­тылығына, игілікті ісіне шексіз риза бо­ласың. Егер ондай жандар болмаса не бо­лар еді? Бірде қала орталығындағы көп­қа­бат­ты үйдің маңынан өтіп бара жатып, ес­кі қалдықтарды тастайтын контейнердің маңы­нан жерде шашылып жатқан бір бума қағаздар көзге шалынды. Сарғайған қа­ғаз­дар арасынан том-том кітаптар да көзге ілі­неді. Олардың арасында ескі фотоаль­бомның ашылған парақтары да шашылып жатыр. Қоңыр күздің ызғарлы желі қағаз­дар­ды бейберекетсіз көтеріп, жан-жаққа айдап алып кетуде. Менен көмек сұрағандай екі-үш фотосурет мезгіл-мезгіл ішін тартып соғып тұрған желдің қауқарына шыдамай алдыма жалп-жалп етіп келіп қонып, ая­ғыма оралды. Суреттің бірінде қолына дом­быра ұстаған, мұрты қияқтай, басына қазақи бөрік киген келбетті қарт кісі бейнеленген. Екіншісінде кимешек киген қарт әже бауырына жас бүлдіршін сәбиді, сірә немересі болу керек, қыса ұстап тұр. Үшін­шісінде әскери форма киген, кеудесіне ор­дендер мен медальдары тізілген кісі. Бас­қа ондаған суреттер сарғайған жапы­рақ­тар­мен жарысып қанатына оқ тиген қар­ғалардай үдере соққан желге қалбаң-қалбаң етіп бейберекет ұшып барады. Олардың қай­да барып «пана» табатыны белгісіз. Сол бір ыңғайсыз, жүрекке салмақ салатын кө­рініс көпке дейін көз алдымнан көлбеңдеп кет­пей қойды. Әлгі фотосуреттер кімдердікі бол­ды екен? Оларды керексіз санап, кім қо­қысқа лақтырып тастады? Расында да, қазір үйіне ата-әжелері сонау ертеректе тірнектеп жинаған сан­­­­даған том-том кітаптар көпшілік жас­тар­ды ешбір қызықтырмайды. Оларды еш кә­деге жарамайтын, тек шаң-тозаң жи­най­тын үйдегі керексіз дүние санайтындар бүгін­гі қоғамда жыл өткен сайын көбейіп ке­леді. Сонысы өкінішті-ақ. Жарайды, олар үшін кітап керексіз, қызықсыз дүние бол­сын. Бірақ отбасылық ескі фотоальбомдар, сарғайған естелік хаттар, қойындәптерлер неге «бағасын жоғалтқан» құнсыз дүниелер қатарына қосылып кетті? Неге олар қазіргі өс­келең буынға, жарыса желкілдеп өсіп ке­ле жатқан жастарға керексіз болып қал­ды? Неге?.. Әрине, олардың көзқарасымен, не бол­са соны үйге жиюдың қажеті жоқ, ескі-құсқы керексіз дүниеден арылу керек. Онысы орынды да шығар. Барлық әлем бұл күндері сондай үрдісте. Бірақ ескі фо­тоальбомдағы ата-әжеңнің, әке-ше­шең­нің, аға-әпкеңнің және де басқа бауырларың мен жора-жолдастарыңның, әскерде бірге болған, университетте таласып білім алған ескі таныстарыңның суретін қоқыс жә­ші­гіне лақтырып тастауға дәтің қалай барады, жү­рек оған қалай шыдайды? Әттең-ай... Олар­дың әрқайсысы сен үшін ерекше, аса қи­мас асыл бейне ғой. Ата-әжеңнің, әке-анаң­ның көзі, тіпті сенің өміріңнің бір бө­лігі емес пе? Олар отбасылық құнсыз­дық­қа айналып бара жатыр ма? Немесе мына дүрбелеңге толы қызылды-жасылды қайран уақыт күні кешегіңнің барлығын-барлығын бұлыңғырландырып, көңілден өшіріп, мүлдем ұмыттырды ма? Білмеймін, меніңше өткен күндеріңді лүпілдеген жүректен, ой-қиялыңнан сыпырып, тамырымен жұлған­дай жоқ ету мүмкін емес-ау деп ойлаймын. Ол үшін сен ішмерез, қатыгез, мейірімсіз, ой­сыз, түйсіксіз, санасыз болуың керек емес пе?.. Осындай ауыр сұрақтар мені еріксіз бала кезімдегі бір оқиғаны есіме тү­сірді. Иә, қолдан келгенше бәрін басынан бастап асықпай баяндап берейік. Қасиетті Қаратаудың жонындағы біз­дің шоқжұлдыздай Үшбас ауылы­ның шеткі көшесінде жалғызбасты Зейнеп деген ана тұрды. Қолымыз қалт еткен сәт­терде пионер-тимуршылар тобында жүрген үш-төрт бала жиылып, көмекке барып, қолқабыс тигізетінбіз. Көпшіліктің әңгімесі бойынша, Зейнеп апаның күйеуі Ұлы Отан соғысы басталған жылы әскерге алынған. Майдан даласынан мезгіл-мезгіл жазған үшбұрыш хаттары екі жылдай келіп тұрады да ары қарай хабар күрт үзіліп, бұрынғы мекенжайына қанша рет хат жазса да, жауап ала алмаған. Жергілікті әскери ко­мис­­сариаттан «соғыста белгісіз себептерден жоғалып кетті» деген қысқа жауап келген. Сөйтіп, Зейнеп апа тағдырдың айдауымен қолындағы үш жасар қызымен 27 жасында жесір қалған. Колхоздың ауыр жұмысына жегіліп, арқа еті арша, борбай еті борша болып, ауыр тұрмыс тауқыметіне көніп, шықпа жаным шықпа дей жүріп әйтеуір, елден қалмай жалғыз қызын орынды тәр­биелеп, өсірді. Тоқтаусыз сырғып жылдар өте береді. Бірақ Зейнеп апа соғыста із-түзсіз жоғалып кеткен күйеуін тірі болса келіп қалар деген үмітін үзбей, ұзақ жылдар бойы жағымды, жылы хабар күтіп, ошағы­ның отын сөндірмей, түтінін түтетіп, еш­кім­ге тұрмысқа шықпаған. Қызы өсіп, жеті­ліп, өз теңін тауып тұрмысқа шыққан. Оған анасының артар ешқандай кінәсі, өкпе­сі жоқ. Өмір заңына қарсы тұру – күнә. Жал­ғызбасты ана жылы орнын суытпай ел-жұртының ортасында бірсарынды тір­шілік етіп жатты. Ауласындағы біраз жеңіл-желпі жұмысты (бақшасының жерін өңдеу, көмірін кіргізіп беру және т.б.) бітірген біздерді берекелі дастарқанына шақырып, сүт пен қаймақ қосқан қоңыр шайын бере­тін. Ыстық бауырсақ, қолдың сары майы, дәм­ді құрт пен ірімшік, қант пен науат, өрік пен мейізі дастарқанынан үзілмейтін. – Қысылмаңдар, асықпай ішіп-жеңдер, айна­лайындар. Жасаған жақсылықтарың Құдайдан қайтсын. Мен сендер сияқты қол­қанат балаларға ризамын. Сендерді тәр­бие­леген әке-шешелеріңе де мың рақмет, көп жасаңдар, жарқындарым, – деп көңілденіп, аса мейірімдік сезіммен арқамыздан қа­ға­тын. Сөзден сөз шығып, әңгіме қызып, оның арнасы естеліктерге көшетін, жарықтық. Апамыз кейбір суреттерге ерекше тоқталып, қызыға әңгіме қозғайтын. Қабырғаға ілін­ген күйеуі мен қызының, немерелерінің суреттерін нұсқап: «Мына аталарың мен қызымның, немерлерімнің бейнесіне қарап, күш аламын. Солардың арқасында өзімді сергек сезінемін. Алла тағалаға шүкіршілік ете­мін», – дей отырып, қолына фотоаль­бом­ды алып, ондағы суреттерді, майданнан күйеуі­нің жазған хаттарын көрсетіп, ұзын-сонар әңгімеге көшетін кездері де болатын бейбақтың. Кейде сол сарғайған қағаздарды бізге оқытып, терең күрсініп, дауысы діріл­деп, жанарлары суланатын. Сірә, сары са­ғынышқа айналған күндерін еске алып, жал­ғыздықтан жалығып, іші күңіренетін болуы керек. Не дегенмен ол да жас кезінде бақыт­ты болғанды армандап, болашағынан жақ­сылық, үміт күткен біз сияқты бір пенде ғой. Атың өшкір соғыс болмағанда Зейнеп апа да ел қатарлы тұрмыс-тіршілік етпес пе еді?! Әттең, тағдыр оған ондай жаймашуақ күн­дерді, саялы өмірді қимапты. Көңіл кір­біңі бір сәт те өкінішті ұмыттырайды. Қо­лын­дағы әлгі фотосуреттер мен сарғайған үшбу хаттар өзіне мәңгілік серік болып келеді. Ол үшін олардын қымбат, асыл, жан­ға жылы дүние жоқ мына әлемде. Расында да, әрбір адам жұмбақ, сырлы дүние. Оның не ойлап, не армандап, нені жоспарлап отырғаны кімге болмасын, жұмбақ. Саналы адам әйтеуір арманмен, қиялмен өмір сүреді, алдағы күндерін жоспарлайды, үмітіне сенеді. Зейнеп апа да сөйтіп жұбайын, қосағын күтіп, өмірден үміт үзбей, келер күндерге сенім арта жүріп қартайып барып мына өмірден озды, жа­рық­тық. Оның сары алтындай етіп жинаған, құрметтеген, қастерлеген фотоальбомы, хаттары не болғаны бізге беймәлім... Сірә, менің ойымша, артына ерген қызы мен жиен-немерелері жиып алып, өз отбасының архивінің қатарына қосқан болуы керек. Әлде басқаша болды ма екен?.. Айтуға ауыз бар­майды. Әйтеуір олай болмауын тілей­мін... Бір америкалық фермер өзінің қайтыс болған сүйікті әйеліне деген қимас көңілі тыныштық бермегендіктен оның құрметіне жазық егіндікке алты мың жас емен көшетін отырғызып, олардың дәл орта­сына жүректің бейнесіндей (форма­сын­дай) алаңқай қалдырып гүл егіпті. Он­дағы ойы дүниеден озған сүйікті жары Джанет күйеуінің сезімін, махаббатын әр­дайым сонау биіктен, көктен көріп тұрсын дегені екен. Сол аймақтағы қарапайым адам­дар әлгі ағаштардың өсіп-жетілгенін әрдайым көріп жүрсе де оның ортасындағы шымқай гүлдер өскен көлемді алаңқайға көңіл аудара бермейді екен. Бірде ұшақпен ұшып бара жатқан бір азамат биіктен әлгі жасыл ағаштардың арасынан үлкен жүрек бейнесін көзі шалып, зер салып, өзінің көзіне өзі сенбей таңғалады. Содан кейін-ақ көпшілік оған көңіл аудара бастайды. Сөй­тіп, «ормандағы жүрек» аймағы ұлы махаб­батың символына айналып, аңыз-әңгіме өңірге тарайды. Сол фермердің сүйіктісіне арнаған игілікті ісі көпке өнеге болыпты. Адамдар өмірге келеді, уақытпен жары­сып өседі, өміріне серік болатын сүйіктісін табады, ұл-қыз өсіріп, оларды жеткіземін, оқытып-шоқытамын, ұрпақ сүйемін деп таңды-таңға ұрып еңбектеніп, артыма қандай із қалдырамын деп жүріп бір күні өмір­ден өтіп кетеді. Арман-мақсаты орын­далып кетсе, бір бақыт. Ондай болмауы да мүм­кін-ау. Жақсы адамдар туралы сан рет жа­ғымды естеліктер айтылып, көңіл шіркін бір рахаттанып, жасарып қалады. Әркез солай болса екен деп тілейсің. Бірақ өкініш­ке қарай, мына сайқымазақ қызылды-жасылды дүниеде барлығы олай болмайды. ...Міне, өлкемізге тағы бір кезекті сарала-қоңыр күз келіп жетті. Оның салқын лебі таңғы ауада жақсы сезіледі. Лүп еткен ерке самал сарғайған сандаған жапырақтарды ағаштардан үзіп алып, бұтақтарды сидитып, өз айтқанына көндіріп, арық-атызға, жерге төсеп жатыр, төсеп жатыр. Табиғаттың мы­на жабырқау көрінісі адамды мұңға бө­лейді, көңілсіздік бойыңды билеп, әйтеуір бір бел­гісіз тылсым дүние сағынышқа жетелей­ді. «Күз – сағыныш маусымы» деп халық бе­кер айтпаған екен. Кейде адам, шынында да, арман-қиялмен, естеліктермен өмір сүре­ді ме деп ой түйесің. Ақын Бауыржан Үсе­новтің жапырақтар жайлы жазған мы­надай жыры бар: Кеше ғана биікте ең, Бүгін жатсың табанда. Жапырақ-ау, жағдайың тимеді оңай маған да! Құлағанды биіктен кім сыйлайды бұл күнде? Қапсырған жүректей жерде жатып бүлкілде. Мүмікін, расында да, солай шығар. Мы­нау тоқтаусыз зымырандай зулап өтіп жат­қан күндерді, асау аттай алға ұмтылған жыл­дарды тежеу еш мүмкін емес-ау, қайран дүние! Өтіп жатыр, көзден бұл-бұл ұшып кетіп жатыр. Көңіл құлазиды... Неге бұлай болды екен?

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары