Тәуелсіздікпен бірге ұлттық руханият та дүр сілкінді
Сәуле Мағазбекқызы Досжан – әдебиетші бола тұра саясатпен айналысқан қаламгер. Халықаралық және республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері. Кейінгі жылдары өнімді еңбек етіп жүр. Көптеген прозалық шығармалары басылып шықты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қаламгермен мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен ұлттық әдебиетіміздің жай-күйі және өз шығармашылығы жайында әңгімелескен едік.
− Сәуле Мағазбекқызы, сіздің он бес жылдай уақыт бойы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсі Аппаратында жауапты қызмет атқарғаныңызды білеміз, сондықтан сізге алғашқы сұрақты саясат жөнінде қойсақ деп отырмыз. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бұл – кез келген ел үшін бір белесті артқа тастап, өткен уақытта қол жеткен табыстарды саралауға мүмкіндік беретін мезгіл. Осы уақыт аралығында еліміз саяси тұрғыдан қалай дамыды, қандай қиындықтардан өтіп, қандай кедергілерді жеңді деп ойлайсыз?
− Біз жетпіс жылдан астам «Қазақстан Республикасы» деп аталғанымызбен «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы» деген он бес республикадан құралған әлемдік державаның құрамында болдық. Отанымызға қатысты мәселенің бәрін сонау Мәскеудегі Кремльде коммунистік жүйе шешіп отырды. Ресей қандай шешім шығарса, біздің ел соны орындайтын. Негізінде ішкі-сыртқы өз саясатын өзі жүргізген мемлекет қана Тәуелсіз мемлекет болып саналады. «Тәуелсіздік» деген сөздің ерекшелігі осында. Талай зұлматтар мен нәубеттерді өткізіп, қуғын-сүргін көріп, ІІ дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағындағы ең көп қырылған ұлттың бірі қазақ болды. Ата-бабаларымыз егемен ел болуды аңсап, тәуелсіздік жолында жанын пида етті. Ал Қазақстан өз Тәуелсіздігін 1991 жылдың 16 желтоқсанында алды. Ең алдымен әлемде біздің тәуелсіздігімізбен құттықтаған ел Түркия мемлекеті болды. Дүниеге тарыдай шашылған бауырластарымыз жүректері жарыла қуанып, елге қарай ағылды. Осы күннен бастап өз тағдырымызды өзіміз шешіп, болашаққа қадам бастық. Содан бері аттай отыз жыл өтті. Тарихтың уақытымен салыстырғанда үш онжылдық көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Ал шартты түрде ел ішіндегі жағдайымызбен салыстырғанда біз не көрмедік?! Жас мемлекеттің алдынан әр қадам сайын қиындықтар шығып отырды. Әр онжылдығымыз ғасыр жүгін арқалап өтіп жатты.Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы ең маңызды шаруа − егемен Қазақстанның іргетасы қаланды! Ата Заң қабылданып, билік жүйесі қалыптасты. Тәуелсіз мемлекетті қорғайтын қуатты күш құрылымдары болуы керек еді, сондықтан алдымен Қарулы Күштер құрылды. Мемлекет болудың басты нышандары – Елтаңба таңдалып, қасиетті көк байрақ көгімізде желбіреді, ұлттық валютамыз − теңге айналымға енді. Содан соң Қазақстан өзінің саясатын жүргізе бастап, шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға кірісті. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше бола бастады. Әлемде «тоғызыншы террритория» атанып кеткен ұлан-байтақ қазақ жерінің тыныштығы мен біртұтастығын қорғайтын айбынды қазақ армиясы құрылды. Тәуелсіздіктің сәл алдында ғана Қазақстан Республикасының жаңа болған Президенті Н.Назарбаев Семей ядролық аумағындағы сұмдық жарылыстарды тоқтатуға қол қойған болатын соның жалғасы ретінде Ел аумағын ядролық қарудан тазарту басталды. Міне, бүгінде сол Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүниежүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып табылып отыр. Одан кейінгі жылдардағы ең басты мәселе Қазақстан Республикасы аумағының – құрлығының, суларының, жер қойнауының, әуе кеңістігінің шектерін анықтау болды. Ата-бабамыздан мұраға қалған басты байлығымыз – ұлан-байтақ жерімізге ие болу, шекарасын шегендеп алу үшін көп қиындық пен кедергі болды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң жасалып, 1992 жылдан 2005 жылға дейін анықтау шаралары жүргізілді. Міне, осы кезеңде шекараға қатысты өте қиын екі мәселе қаралды. Біріншісі – Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ КСР-інің қолда бар аумағын жаңадан, халықаралық дәрежеде алда ешкім талас туғызбайтындай делимитациялау болды. Екіншісі – шекара бөлісуде көрші жатқан бес мемлекетпен мәселелерді бейбіт жағдайда шешу болды. Қай ел болса да, сынық-сүйем жерін бергісі келмейді. Біз болсақ бабаларымыз қанын төге қорғап, жастанып өлген жерінен айырылғымыз жоқ. Әсіресе, азаттықтың ақ таңы атысымен қолға алынған Қытаймен шекаралық мәселені реттеу оңай болмады. Бір елмен бес халықаралық келісімшарт жасалды. Дәл осы шекара мәселесінде сол кездегі Президентіміз, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айрықша атап өткім келеді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін он айдай уақыт ішінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізіп, төрткүл әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақтарды атамекенге шақырып, бір кезде өз жерінде азшылыққа айналып қалған қазақ халқының санын көбейту аса маңызды және өте ауқымды саяси шара болды. Бұл әлем қазақтарының Отаны бар екенін, жер бетіндегі қазақты қорғайтын мемлекеті бар екенін танытты. Елді елең еткізіп, әлемді жалт қаратқан мәселе жап-жас мемлекеттің астанасын ауыстыруы болды! Әлемде қаншама мемлекет астанасын ауыстыру мәселесімен ондаған жылдар бойы айналасып келеді. Бұл, тіпті, біздің халықтың түсіне кірмейтін шешім еді. Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді ҚР Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Сөйтіп, елорда Арқа төсіне көшті. Әрине, бұл шешімге қарсы болған депутаттар мен зиялы қауым баршылық еді. Басым дауыспен шешім сол күні қабылданған. Ал ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асырылды. «Жер жәннаты Жетісудан астананы көшіру мүмкін емес» деп жүргендер тарихи шешімнің орындалғанының куәсі болды. 1998 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен Ақмоланың аты Астана деп өзгертілді. Екінші онжылдықта әлеуметтік мәселелерге басымдық беріліп, рухани құндылықтарымызды түгендеуге кірістік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Сондай-ақ дүниежүзінің түкпір-түкпірінде ата-бабасының туған жерінің топырағын аңсап жүрген қандастарымыздың «Ұлы көшіне» жол ашып, оралғандарының әлеуметтік жағдайын жасап, ұлттық рухымызды көтердік. Экономикалық қуатымыз өсіп, халықтың әл-ауқатының көтерілгенінің бір белгісі – тұрғын үй құрылысы қарқынмен дамыды. Астанадан басталған құрылыс облыс орталықтары мен аудандарда, ауыл-ауылда жалғасып жас шаңырақтар қанат жайды. Міне, мен өзім көзіммен көріп, отыз жылда ортасында араласқан қиындықтар мен жетістіктеріміз осылар. Мұның бәрі Қазақстанның бүгінгі дәрежеге жетуіне орасан зор әсерін тигізді деп ойлаймын! − Мамандығыңыз журналист болса да, саяси салада еңбек еттіңіз. Сонымен қатар белгілі прозашы – қаламгерсіз. Қаламгер ретінде айтыңызшы, тәуелсіздік қазақ әдебиетіне не берді, қалай әсер етті? Бүгінгі әдебиетте азат елдің еркін ойлы қаламгерлерінің мүмкіндігі толық көрініп жатыр ма? – Академик Серік Қирабаев «Тәуелсіз-дік – біздің ұлттық идеологиямыздың негізі болуы керек» деп мәдени, тарихи, саяси құндылықтарымыздың бәрі ұлттық тәуелсіздігімізге қызмет етуі тиіс деген тұжырым жасаған. Сол айтқандай, тәуелсіздікпен бірге ұлттық руханият та сілкінді. Еліміздің экономикалық жағдайы халыққа үлкен ауыртпашылық әкелгеніне қарамай, әдебиетке адалдық танытқан қаламгерлер серпілді. Осы «өліара» кезеңде нарықтың қыспағына қысыла жүріп, «тарихын таңба етіп тасқа қашаған ұлттың рухы мықты ұрпақтары ұлттық, түркілік ғылыми ізденістерді көбейтіп, тарихты қопара жазып, оқырмандарының отаншылдық сезімдерін оятты деп айтар едім. Тәуелсіздіктен бергі жерде ақтаңдақтар тақырыбы зерттеліп, кезінде оқуға тыйым салынған шығармалар қайта басылып шықты. Ұлт үшін еңбегі сіңсе де, «халық жауы» атанып кеткен, қудаланған қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар, ғалымдар ақталды. Кеңестік цензура қидалап тастаған «Абай жолы» мен Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейдісінің» себептерін білдік. Тарихи шығармалар көптеп жазыла бастады. Ақтаңдақтар шығарма мазмұнына айналды. Тәуелсіздіктің желі болып өткен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы еркін ойлар айтылып жатты. Егер Тәуелсіздік болмаса қазақ әдебиетінде осы мәселелер көтерілер ме еді? Әлемдік танымал туындылармен терезесі тең шығармалар дүниеге келер ме еді? Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы − кеңес империясының бұғауынан құтылып, еліміз өз еркіндігін алып, өз тағдырын шешетін жылдарда жарық көрген қазақ поэзиясы бола білді. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік қазақ әдебиетіне еркіндік берді. Сондықтан біздің әдебиетте қазір баяғыдай цензура жоқ. Басқасы қаламгерлердің таланты мен еңбекқорлығына байланысты. − Әдебиеттің поэзия, проза саласында қалам тербеп келесіз, дегенмен кейінгі жылдарда көлемді прозалық шығармаларыңыз жиі жарияланып жүр. Оның ішінде кейінгі екі-үш жылда жарық көріп, оқырмандарыңыздың ықыласына бөленген «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт», «Жалғыздың жарасы» секілді романдарыңызды ерекшелеп атауға болады. Бұл романдарды жазуға не себепші болды, осы шығармаларыңыз арқылы қазақ оқырмандарына нені насихаттап, неге назар аударуын қаладыңыз? − 1949 жылдың 29 тамызы күні Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы 22 тонналық атом бомбасы жарылған. 1989 жылға дейін 40 жыл ішінде 470 ядролық жарылыс жасалған. Оның 354-і жерасты, 28-і жерүсті, қалған 90-ы әуеде жарылған. Осылайша, Семейде 40 жыл бойы сыналған ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түсіпті. Уақыт таспаға түсірген тарихты ғаламдық өлшеммен «жетпіс жыл бұрын болған» деп айтуға ғана оңай. Сол жылдардың қатпариінінде ғаріп күй кешіп, өмірінің дал-дұлы шыққан, көзінен жас орнына қан сорғалаған, аузынан қарғыс ақтарылған жетпіс мың тағдыр бар. Жартысы кебінге оралып, жер қойнына кетті, топыраққа айналды. Қалған жартысы көңін сүйретіп, кебенегін іліп, тұқымының тұздай құрып кетпеуінің қамын жасамасқа амалы қалмаған. Бұл зобалаң кәріні де, жасты да аяған ба? Жан сауғалатпасына қойған ба?! Міне, бұл қасірет емей немене?! Әлемде адамдар мен жан-жануарлар өмір сүріп жатқан жерге атом жарған – жалғыз Қазақстанда болған «Семей сынақ алаңы». Оны жасаған – социалистік жүйе. Кеңестік физик ғалым, академик Андрей Сахаровтың жобасымен жасалған алғашқы термоядролық бомба 1953 жылы 12 тамызда Семей полигонында сыналды. Міне, осы еңбегі үшін оған Сталиндік Мемлекеттік сыйлық пен Социалистік Еңбек Ері атағы қосып берілді. Дегенмен ғалым өзі жасаған бомбасының адамзат тарихындағы ең жойқын қару екенін, үлкен қауіп тудыратынын басқаларға қарағанда ерте түсінеді. Кейіннен өздерінің бұл істерінің қылмыс екенін мойындап ағынан жарылады. А.Сахаров. «Ядролық сынақтан 6 миллион адам опат болады. Сұмдық қылмыс жасалып жатыр», – деп жазған өз естеліктерінде. Романға материалдар жинау барысында осындай сұмдықтарды оқыған сайын жүрегім ауырып, есеңгіреп қалатынмын. «Қасірет пен Тағдыр» деген кітабымды жазу барысындағы іздеп тапқандарымнан және Семей өңірін аралап, ел ішіндегі өмірді көріп, оқыған кітаптарымнан, ғаламтордан, бұқаралық ақпарат құралдарынан көргендерімнен қорыта келе, «Полигон жайлы алғаш дабыл қаққандар шындығында кімдер екен?» деген ойға қалдым. Семей полигоны зардаптарын 1957 жылдан бастап алғаш зерттеп, дабыл қағуға кіріскен көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының директоры болған Бахия Атшабаров екен. Ол кісіге тапсырма берген – Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев. Ал Қаныш Сәтбаевқа заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің 60 жылдық мерейтойында туған жеріне барған сапарында халқының жағдайын көріп, Дегелеңдей «тауы өліп», топырағының тозы шығып, суы уға, ауасы радиа-цияға айналғанын көріп, қасірет шегіп оралады. Кейін Қаныш ағаға жағдайды айтып, зерттеу жасауын өтінеді. Содан Қаныш Имантайұлының кеңесімен Бақия Атшабаров арнаулы ғылыми экспедиция құрып, полигонның кеселдерін жан-жақты анықтап, республика басшылығына жазбаша мәлімдеген, бірақ біздің басшылар Кремльдің қабағын бағып, ол игі істі ескерусіз қалдырып, атақты академик Сайым Балмұхановтың зерттеулеріне де тыйым салыпты. Мен кітабымда мұны таратып жаздым, осы зерттеулерден кейін ғана атомды жер бетінде сынауды тоқтатқан. Полигон жайлы алғашқы дабыл қаққандардың тағы бірі Мұ-хамедғали Әленұлы Сужиков болған. Мұхамедғали Әленұлы Семей облысына бірінші хатшы болып барғаннан тыным таппай, ядролық жарылыстардан зәрезап болған шерменде халықтың мүддесін қорғап, сынақ жасап жатқан әскери зонаның бастықтарымен, әскери кешеннің жетекшілерімен жиі сөзге келіп қалып жүрген. Ал 1989 жылдың ақпан айының 20 жұлдызында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдаса отырып, М.Горбачевке Семей полигонының зардабы жайында жіберген жеделхаты тарихта полигонды жабуға жол ашқан күрестің басы болған. Бозтаев басын бәйгеге тікті. Бірінші болып мәселе көтерді. Ол – батыр адам! Мәскеуге хат жазды. Ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды. Міне, осының бәрін біліп тұрып егер жазушы екенім шындық болса неге жазбасқа? Осылай «Қасірет пен Тағдыр» және оның жалғасы «Үзілмеген үміт» дилогияларым өмірге келген. − Журналистика, әдебиет саласында көптеген жүлденің иесісіз. Тіпті, әдебиет саласындағы беделді сыйлықтардың бірі «Букер − 2019» конкурсына қатыстыңыз. Сізден сұрайын дегенім, әдебиеттің дамуына түрлі жүлделер мен сыйлықтардың тигізер пайдасы қандай және қазіргі қазақ қаламгерлерінде сыйлыққұмарлық әдет бар деп жатады, бұған көзқарасыңыз қалай? − Сол қаламгерлерді «сыйлыққұмар, атаққұмар» деп жатқандардың өздерінің еңбегін лайық деп бағалап жатса, олар да сыйлықтан бас тартпас еді. Түлкінің қолы жетпеген жүзімді «піспеген» дегені сияқты ғой. Неге еңбегі бағаланғандарды, шығармашылық бәйгесінен алда көрінгендерді сынаймыз? Құдайға шүкір, менің еңбегім оқырмандарымнан да, мемлекет тарапынан да өз бағасын алып келеді. Осы атақ пен марапаттардың ешқайсысының соңына адам салып алған жоқпын. Шығармашылық бәйгелері өтіп жатса жазғанымды жіберемін. Мен де талай әділетсіздік көргемін. Кейінгі жылдары бәйгеге қатыспаймын. Жастар алсын, еңбектері бағаланып, қанаттансын деймін. Қайта өзім қазақ әдебиетінің меценаты болып кітаптарын шығаруға, бәйге өткізулеріне көмек жасап жүрмін. Жүлде алу қаламгердің шығармашылығын қайрап, жолын ашады. Сол арқылы жастар танылады. Оқырмандарына жазғандары жетеді. Өздеріне материалдық көмек болады. − Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ