«Келешек мектептері» жобасы аясында жыл соңына дейін 217 мектеп салынбақ

/
«Келешек мектептері» жобасы аясында жыл соңына дейін 217 мектеп салынбақ

«Келешек мектептері» – тұрғылықты жерінде, қолжетімді әр оқушыға сапалы білім беруді көздейтін білім ордалары. Олар гимназия немесе лицей емес, өзіндік оқу-тәрбие үдерісі бар баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын мектептер. Ұлттық жоба аясында 460 мың орынға шақталған 217 мектеп ашылады деп жоспарланған. Қазір жоспардың 69 пайызы орындалды. Бұл дегеніміз – 146 мыңға жуық оқушы оқитын 150 білім мекемесі 145 583 балаға білім беруде.

Еске сала кетейік, жаңа 2025-2026 оқу жылында 83 оқу ордасы жаңадан ашылды, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер.

Негізінен, «Келешек мектептері» бірыңғай заманауи стандарттармен және технологиялармен ерекшеленеді. Оған қоса, бұл оқу ордаларында күшейтілген қауіпсіздік режимі қамтамасыз етіліп, әр балаға қолжетімді сапалы білімге жағдай жасалады. Соның ішінде, ерте жастан кәсіби бағдар беруді де ерекше атап өту қажет. Осы үрдістердің әрбірін сапалы жүргізу үшін ең алдымен педагог кадрдың сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Сондықтан «Келешек мектептерінің» мамандарына да көптеп мән беріліп жатыр.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Қазірдің өзінде «Келешек мектептерінің» 7 мыңға жуық мұғалімі LMS платформасы арқылы біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Онда базалық деңгейдегі 11 пән қамтылған: бастауыш сынып, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика, информатика, физика, химия, биология, география және тарих.

 «Келешек мектептерін» басқару да тиімділік принціптері бойынша ұйымдастырылады. Директорларды тағайындау кезінде басымдық «Білім беру саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге берілетін болады. Бұл жоба президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған. Онда болашақ басшыларды қызметке тағайындалмай тұрып дайындауды міндеттейтін халықаралық тәжірибе негізге алынған. Үміткерлер бес кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, кешенді түрде оқытылады. Оған қоса, тәлімгерлермен жұмыс істеп, тағылымдамадан өтеді. Мұндай тәсіл сыни ойлайтын әрі өзгерістерге дайын басқарушыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі басымдықтарының бірі – оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер, арнайы апталықтар ұйымдастырылады. Ал 7-сыныптан бастап бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім курстары енгізіледі. Бұл қадамдар болашақ ұрпақтың дұрыс таңдау жасап, мықты маман болуына ықпалдасу мақсатында жасалып жатыр. Әрбір оқушы өз саласына саналы түрде баруы үшін ерте кәсіби бағдар беру жүйесін енгізу маңызды. Әрі мұндай жаңашылдықтар – әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіндегі қажеттілік. Сондықтан, қазір еліміздің барлық мектептеріне профориентолог маман жұмысын жандандыру үшін жұмыстар жүріп жатыр.

Келешек мектептеріндегі негізгі бағыттардың бірі – тәрбие жұмысы. Мұнда еңбекқор, ар-ұжданға сай әрекет ететін, әділдікке ұмтылатын оқушы тұлғасын қалыптастыру мақсат етіледі. Тек ұлттық жоба аясында ғана емес, Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізге алынбақ. Оның аясында барлық мектептер үшін бірыңғай визуалды стандарт әзірленеді, мектептердің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық құндылықтар мен мәдениетті дәріптеу мақсатында безендірілетін болады. Ал сабақ пен сыныптан тыс іс-шаралардың мазмұндық сипаты әділеттілік, еңбекқорлық, патриотизм сынды тақырыптарға басымдық береді.

Айта кетерлік тағы бір жайт, бағдарламаның бір бөлігі ретінде Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары құрылды. Бұл орталықтар мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналарды тәрбие процесіне белсенді қатысуға тартуға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары