Димаш Құдайбергеннің Нидерландының әйгілі Numéro сән журналына сұхбаты жарияланды. Онда әнші Нью-Йорктегі әйгілі арена Madison Square Garden-дегі жеке концертінің ерекшелігі туралы айтып қана қоймай, өз шығармашылығына қатысты тың мәліметті ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Музыка – әмбебап тіл. Барлығы оны сөзсіз-ақ түсінеді. Бұл – маңызды дүниелер туралы ойлануға итермелейтін немесе керісінше ауыр ойдан арылып, тынығуға мүмкіндік беретін ойын-сауық түрі. Көпшілік үшін музыка – дәрі-дәрмек іспеттес. Өмірінің мәнін жоғалтқан адамдар мен науқастарға музыканың көмегі көп тиген мысалдар жетерлік. Сондай-ақ музыка көп адамға әсер ету құралы да бола алады, бастысы мұны игілік үшін қолдану керек. Шынымды айтсам, музыкасыз өмірді елесте де алмаймын», – дейді әнші.
Әнші өз сұхбатында түрлі жанрда ән айту шеберлігі жайында да сөз етті.
«Шынымды айтсам, ол үшін анау айтқандай айрықша ештеңе істемеймін. Бар болғаны туындыны әрлеу кезінде келетін шабытқа ере жүремін. Музыканы өңдеу кезінде түрлі идея келеді, команда да ақыл қосады, одан бөлек, миымда музыкалық аспаптардың үнін естимін. Мысалы, Smoke әніне бірден домбыраның үнін қосқым келді. Ол уақытта Лос-Анжелесте шығармашылық іс-сапарда жүргенмін. Өзіммен бірге домбыраны алып жүргендіктен бұл идеяны бірден іске асырдық. Мен әркез неоклассикалық музыкаға қызығамын. Маған ол музыканың тереңдігі мен әмбебаптығын зерттеген ұнайды. Қазақ ұлттық музыкасын классика, опера және поп-музыкамен араластыру өзінен-өзі болады, себебі әр туындыны ерекше сезіммен орындаймын», – дейді әнші.
Сонымен қатар ол жүрген жерінде қазақтың ұлттық болмысын танытумен қатар, әлем аудиториясымен байланыс орнатудың қыр-сырын да бөлісті.
«Менің жанкүйерлерім маған осы балансты ұстап тұруға көмектеседі. Dears – расында ерекше отбасы. Түрлі тілде сөйлесе де, қазақ мәдениетіне сонша қызығады. Олар қазақша ән шырқайды, біздің ұлттық аспаптарды ойнауды үйреніп жүр. Қазақстанға келіп, тарихи мекендерді зерттеп жүр. Жанкүйерлеріме музыкамды қолдап қана қоймай, біздің мәдениетті асқан қызығушылықпен зерттеп жүргеніне айрықша ризамын», – дейді әнші.