50663
Үздік сарбаз анықталды
Үздік сарбаз анықталды
Шымкент гарнизонының «Дарбаза» оқу-жаттығу полигонында Қазақстан Қарулы Күштерінің үздік сержантын анықтайтын XI Бүкілармиялық сайыс аяқталды.
Аталмыш сайыс үш күндік тактикалық оқу-жаттығу түрінде өткізіліп, алты түрлі жарысты қамтыды. Жарыстар барынша ұрыс жағдайында келтірілген түрде өтті. Еліміздің барлық өңірінен 80-нен астам сержант қатысты.
Бірінші кезеңде қорытынды тексеру нәтижелері бойынша өңірлік қолбасшылықтар, әскер тектері мен Қарулы Күштердің құрылымдық бөлімшелері ауқымында бағынысты жеке құрамның жауынгерлік даярлығы мен әскери тәртібінің деңгейі бағаланды. Екінші кезеңде жауынгерлік әзірлік байқауы өткізілді. Сайысқа қатысушы сержанттар кедергілер жолағынан өту, жергілікті жерді бағдарлау, марш жасау және қоян-қолтық ұрыста бақтарын сынады.
– Бұл сайысқа түскен әр сержант – әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардан лауазымдық санатына қарай іріктелген, ұжымда үздік және көшбасшы. Байқау барысында әр өңірдің үздік сержанттары өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті, – деп атап өтті ҚР ҚК Сержанттар құрамымен жұмыс басқармасының бастығы шебер-сержант Темірбек Халықов.
Жарыс барысында қатысушылар кәсіби сержант пен кіші командирлерге тән барлық қабілеттерін көрсетті: оның ішінде дене шынықтырудағы төзімділік, оқ атудағы дәлдік, қоян-қолтық ұрыстың үздік дағдылары, жергілікті жерді бағдарлай білу, химиялық қорғау құралдарын қолдану, алғашқы медициналық көмек көрсету. Жеңімпаздар алты аталым бойынша анықталды. Атап өтсек, бригаданың, батальонның, ротаның, взводтың, бөлімшенің үздік сержанты, маман сержант және штаб сержанты.
«Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімінен үздік бөлімше командирі кіші сержант Сәбден Дүйсембек сайыстың абсолютті жеңімпазы болып танылды. Әскери қызметші биыл желтоқсан айында «Әскер тарланы» әскери-патриоттық байқауы аясында марапатталмақ. Оның мақсаты – барлық санаттағы әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыруға ынталандыру.
Сержанттар корпусы – кәсіби армияның негізі. Әскери дайындық, бөлімшелердегі әскери тәртіптің жағдайы және жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы көбінесе сержанттардың кәсіби шеберлігіне байланысты. Осындай сайысты өткізу сержанттар құрамының кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал етіп, бұл үрдістегі жарыс рухын нығайтады. Өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінде кіші командирлердің даярлық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.