2044
Тәуелсіздік қазақ тарихының ақиқатын ашты – Берекет Кәрібаев
Тәуелсіздік қазақ тарихының ақиқатын ашты – Берекет Кәрібаев

Халықтың өзі туралы шындықты айта алмауынан асқан қасірет жоқ, шын мәнінде саяси бодандықта өткен ХХ ғасырдың 70 жылы қазақ халқын өз тарихынан барынша алыстатып, ұлтымызға өзі туралы ақиқатты білдірмеуге тырысқан коммунистік режимнің билігінде өтті. Ал Қазақстан тәуелсіз елге айналғалы бері саяси, рухани өміріміз мүлде басқаша сипат алып, өзіміз туралы барынша ашық айтуға мүмкіндік туғанда бізді ұлт ретінде жойғысы келген империялардың қандай зымиян әрекеттерге барғаны, оның қандай зардаптары болғаны жайында білдік. Саяси тұрғыдан барынша тұншықтырылған қазақ тарихы ғылымы еркіндік алып, кең тыныстай бастағанда қандай мемлекеттердің рухани мұрагері екенімізді, қандай халықтардың жалғасы екенімізді білдік. Академик Берекет Кәрібаевпен әңгімеміз осы шындық жайында болды.
− Берекет Бақытжанұлы, әңгімемізді қазақ тарихы ғылымына жасалған қиянат туралы сөзден бастасақ... Тәуелсіздіктен бұрынғы қазақ тарихы ғылымының қаншалықты қиянатқа ұшырағаны кейінгі дәуірдегі тарихшыларымыздың еңбектерінен байқалатын сияқты?
− Тәуелсіздікке дейінгі біздегі тарих ғылымы Мәскеудегі орталықтың тапсырмасымен, солардың қадағалауымен жасалды. Бұл тек бізде емес, сол кездегі өзге де одақтас республикалардың бәріне тән құбылыс болды. Сондықтан Қазақстанның ежелгі, ортағасырлық тарихына теріс көзқарас үстемдік етті. Барлық мәселеге «таптық» тұрғыдан баға берілді. Қазақтың хан-сұлтандары мен би-батырлары, байлары, тағы басқа саяси, тарихи тұлғалары туралы зерттеулерге тыйым салынып, бергі коммунистік партияның басшылығымен жүзеге асқан істер туралы жазуға ғана рұқсат етілді. ХХ ғасырдың бас кезінде ел болашағы үшін еңбек еткен қазақ зиялылары − Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еткен еңбектерін зерттеу түгілі, олардың атын атауға тыйым салынды. Сондай-ақ елімізде болған екі ашаршылық, 30-жылдардағы репрессия, Қазақстанға өзге ұлт өкілдері депортация жасалу секілді әңгімелер мүлде жабық тақырып еді. Бұл тыйымды жойған − еліміздің тәуелсіздік алуы. Жаңа дәуірдегі тарих ғылымы өркениеттік методологияға сүйеніп, тарихи оқиғаларды саясаттандырудан аршып, тұлғаларды таптық негізіне бөлмей зерттеуге қол жеткізді. Міне, осыдан-ақ тәуелсіздіктен бұрынғы және кейінгі тарихи зерттеулердің айырмасы анық көрінеді. Сол үшін де бүгінгі тарихшыларымыздың батыл да еркін ойлы, барынша объективті көзқарастағы еңбектерін бұрынғы кездегімен салыстыруға келмейді. Тек өткен ғасырда қазақ тарихына қандай қысым болғанын бүгінгі жас ұрпақ біліп жүргені дұрыс.
− Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ тарихын зерттеу жағдайы қалай болды?
− 1991 жылы 16 желтоқсанда толық тәуелсіз мемлекетке айналдық. Соның қарсаңында және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің тарих ғылымы таптық көзқарастағы методологиядан бірден ірге ажыратып кете алған жоқ. Ең алдымен, тарихтағы ақтаңдақтарды анықтап, сол кезеңдердегі жалғандық пен ақиқаттың аражігін ажыратуға күш салынды. Бұл кезеңде Манаш Қозыбаев, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков секілді аға буын тарихшылар кеңестік кезеңде айтылмаған, айтуға тыйым салынған тақырыптарды көтерді. Сөйтіп, Алаш қозғалысын басқарған тұлғаларды ақтауға кірісті, 20-30-жылдардағы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін зардаптары туралы, тіпті Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінің негативті жақтары жайында айтыла бастады. Сөйтіп, бұрын пафоспен айтылатын мәселелердің көлеңкелі жағы сөз болып, нағыз шындығы белгілі болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ тарихын зерттеушілердің көп уақыты ақтаңдақтарды ақтауға кетті десе болады. Соның бір дәлелі − кеңестік кезеңде жазылған бірнеше томдық академиялық еңбекті біздің тарихшы ғалымдардың қайта жазып шығуы. Осылайша, қазақ тарихы ғылыми өркениеттік методология тұрғысынан қайта байыпталып, бұрынғы жалған көзқарастан арылды.
Ал біздің тарих ғылымы қай бағытта дамыды дегенге келсек, негізінен бұрын рұқсат етілмеген тақырыптарды зерттеу бағыты жанданды дер едім. Тәуелсіздік алған кезде ғылымға келген біздің өзіміздің бағытымыз анықтала бастады. Мәселен, арғы дәуірдегі сақтар, ғұндар дәуірі, қазақ мемлекеттілігі, Қазақ хандығы тарихы, басқа да салалар жеке-жеке зерттеу объектісіне айналып, зерттеле бастады. Ал Алаш қозғалысы мен оны басқарған тұлғалардың тарихы, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы шындықты ашу қазақ тарих ғылымы үшін мүлде тың тақырып еді.
Бүгінгі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тұсында тұлғалар тарихының өзі өз алдына бір салаға айналды. Өйткені тұлғалардың өмірі мен саяси қызметін саралау арқылы солар жасаған дәуірдің тарихын біліп, оған баға бере аламыз. Сол сияқты тарих ғылымының этнология, археология салалары да дами бастады. Жекелеген тарихи оқиғаларға қатысты тарих анықтала бастады, мысалы Алтын Орда мемлекетінің құрылуы мен күйреуі, Ноғай ордасы, Қазақ хандығының құрылуы, тағы басқа. Бұлардың бәрі қазақ тарихын зерттеудегі жаңа бағыттардың пайда болуы, дамуы дер едік. Кеңестік кезеңнің алғашқы 15 жылдық дәуірінде қазақ тарихындағы белгілі оқиғаларды зерттеуге талпыныс жасалды. Мәселен, Кенесары хан көтерілісін зерттеген Ермахан Бекмаханов, Елтоқ Ділмұхаммедов секілді ғалымдар қудалауға ұшырағаннан кейін, бұл бағыттың қауіптілігін түсінген ғалымдар одан айналып өтетін болған-ды. Соның себебінен XV-XIXғасырлардағы қазақ тарихы ғылым емес, әдебиет арқылы жазылды. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы − («Алмас қылыш») Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюіне, екінші томы − («Жанталас») қазақ-жоңғар арасындағы соғысына, үшінші томы («Қаһар») Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне арналған. Ал ол кезде тарихшылар бесжылдықтар тарихын жазып жатқан-ды...
Қазір кім қай тақырыпты зерттеймін десе де, оны ұлттық мүддеге сай қолға алуына кедергі жоқ. Мәселен, орыс казактарының тарихы бұрын басқаша айтылса, қазір ол біздің ұлттық мүддеміз тұрғысынан мүлде басқаша бағаланады. Қазақ тарихының қай кезеңі зерттелсе де, ол ел мүддесі тұрғысынан сараланады, яғни белгілі бір оқиға қазақ тарихы үшін қаншалық маңызды екені тұжырымдалады.
− Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ қаламгерлері қазақ тарихы туралы көптеген кітап жазды. Осыған орай сол тұста «тарихшылардың қызметін жазушылар атқарды» дейтін әңгіме жүрді. Қаламгерлердің жазғандарына кәсіби тарихшы ретінде қандай баға берер едіңіз? Жазушылардың тарихымыз туралы жазғандарынан тарихи шындық ашылды ма?
− Сұрағыңыз орынды. Жоғарыда шет-жағасын айтып кеттім. І.Есенберлиннің үш кітаптан тұратын романы бар. Сол «Көшпенділердің» қалай цензурадан өтіп кеткенін білмеймін, бірақ ол елге ұлт тарихы туралы біраз мәлімет беретін шығарма еді. Одан кейін Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Софы Сматаевтың «Елім-ай», Әбіш Кекілбайдың «Үркер», «Елең-алаң» романдары мен Мұхтар Шаханов, тағы басқа ақындардың поэмаларында қазақ тарихына қатысты оқиғалар баяндалып, суреттелді. Бұлар әдебиеттегі сүрлеуді үлкен даңғылға айналдырып, халықтың төл тарихына деген қызығушылығын оятты. Тарихшылардың жазуына тыйым салған, тарихшыларымыз айта алмаған тақырыпты ақын-жазушыларымыз әртүрлі формада жазып жеткізді. Сөйтіп, сол кездегі халық тарихты әдебиет арқылы біліп отырды.
Тәуелсіздіктен бергі жерде де Мұхтар Мағауин, Қойшығара Салғара, Әнес Сарай, Тұрсын Жұртбай секілді қаламгерлер тарихи туындылар жазды. Бірақ тарихты ғылыммен түсіндіру мен әдебиет арқылы баяндаудың едәуір айырмашылығы бар. Таным үдерісінде әдебиетшілер тарихи деректі негізге алғанымен, тарихи оқиғалар арасындағы байланыстарды өз қиял-қисындарымен береді. Ол қисынға келгенімен, тарихи оқиға шындығына сәйкес келе бермеуі мүмкін. Ал тарихшыларда олай емес, олардың жазғаны ғылыми еңбек болғандықтан, ғылыми танымның талабына сәйкес, мүмкіндігінше объективті болады.
Әрине, жазушылардың еңбектерін жоққа шығаруға болмайды, олардың қаламынан шыққан көркем әдеби туынды болғандықтан, халыққа тез тарап, танымал болады. Ал ғылыми форматта жазылған еңбектер аз таралыммен шығады да, ғылыми ортаға белгілі болғанымен, жұртқа жете бермейді. Дегенмен әдеби шығармалар жұртқа әсер етуі жағынан әрдайым алда тұрады, сондай-ақ тарихи шығармалардағы авторлардың субъективті ойлары бізге ой салады. Мәселен, Қойшығара Салғара, Тұрсын Жұртбай секілді қаламгерлерді оқысаңыз, олар шығармаларында тарихи оқиғаларға қатысты өз ойларын, болжамдарын ұсынып отырады, ал ол тарихшыларға болашақта бір зерттеу бағытын ұсынып отыруы әбден мүмкін.
Әдебиетшілер бір-екі фактіні ұсына отырып, соған орай логикамен ой айтса, тарихшылар мүмкіндігінше барлық деректі саралап, тарихи талаптарға сай тұжырым жасайды.
− Тарихшылармен бірге қазақ жазушыларын да арғы тарих − ғұндар, сақтар, Түркі қағанаты тарихы қызықтырғаны сөзсіз. Олардың жазғандары біздің арғы тарихымыз туралы шынайы ақпарат бере ала ма?
− Әрине, тарихты кім жазса да дерекнамаға сүйенгені жөн. Жалпы, кез келген тарихи мәселе үш құрамдас бөліктен тұрады: бірінші − сол мәселеге қатысты деректер тобы, ол − ұшан-теңіз материалдар. Мәселеге сол жақты саралап келу керек. Екінші – сол мәселеге қатысты кім зерттеді, қалай зерттеді, қандай тарихнамалық тұжырымдар бар. Оның өзі − тарих ғылымының жеке бір саласы. Үшінші − мәселенің өзі. Міне, осы үшеуі қамтылған кезде ғана белгілі бір тарихи мәселе зерттелді деп айтуға болады. Ал әдебиетшілер ондай терең зерттеуге бармайды да, фактіні алып, соған қатысты өз ойын өрбітіп жазады. Әрине, олар қателесуі де мүмкін, бірақ жазылған нәрсе ғылыми-зерттеу емес, көркем туынды болғандықтан, оған ғалымдарға қойған талапты қоя алмайсың. Мәселен, Мұхтар Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» деген кітабының жанрын «байыптама» деп көрсеткен. Ол монография ма, зерттеу ме, әлде өзіндік зерделеу ме түсініксіз. Бәлкім, әдебиетшінің тұжырымдамасы шығар. Дегенмен қаламгер тарихшыларға тиісті бірталай жүкті көтергендей.
Жоғарыда айтып өткенімдей, қаламгерлердің еңбектерінің құндылығын бекерлеуге болмайды. Сондықтан көне тарихымыз жайлы тарихшылар айта алмаған, жаза алмаған, өресі жетпеген кейбір тұстарды жазушылар көтеріп отыр дер едік.
− Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болғаны даусыз. Осы арқылы мемлекеттілігіміздің нақты тарихи негізі бар екенін және ол әріден басталғанын әлем алдында дәлелдей алдық. Жалпы, Қазақ ордасының құрылуының Еуразия тарихындағы орны мен маңызы қандай?
− Қазақ хандығының құрылуы − Еуразиядағы тарихи үдерістің көрінісі.
Жалпы қазақ этногенезінің тарихы біздің дәуірімізге дейінгі қола дәуірінен басталады. Сол дәуірде этникалық үдерістерге, этногенезге қозғаушы күш болған нәрсе – бір типтегі шаруашылықпен айналысу. Сөйтіп, Қазақстан жерінде көшпелі мал шаруашылығына өту басталды. Ал оның аяқталуы 1930 жылдары болды. Яғни, бүгінгі жасап жатқан жерімізде 3 мың жыл бойы этногенез үдерісі болды. Ал этногенез үдерісі барысында өзінің саяси қондырмасын − мемлекеттік құрылымдарын әр кезеңде орнатып, ол ыдыраған кезде оның орнына этникалық үдерістерге қатысушы этноэлементтік топтар өздерінің саяси құрылымын құрып отырды. Осылайша, скифтер, сақтар, сарматтар, ғұндар, қаңлылар, басқа да антикалық замандағы мемлекеттік құрылымдар болды. Сондықтан біз тарихымыздың түп-тамырын осылардан бастаймыз. Одан берідегі Түрік дәуіріндегі мемлекеттер − Түрік қағанаты, Батыс түрік қағанаты, Түргеш мемлекеттері, оғыз, қыпшақ, қимақ мемлекеттері. Мамандардың пікірінше, қазақ этногенезі ХІ ғасырдағы қыпшақ дәуірінде қалыптасып болған. Бірақ ол моңғолдардың жаулап алуына байланысты тежелді. Одан кейінгі Жошы ұлысы − Алтын Орда деп аталатын мемлекетте жаңа форматта этникалық процестер жүрді. Ол толығып, саяси үдерістер де соған икемделді. Алтын Орда дәуірінде Еуразия аумағында қазіргі ұлттардың болмысы айқындала бастады. Алтын Орда ыдыраған соң оның құрамында болған мелекеттер Қазан хандығында татарлар, Қырым хандығында қырым татарлары, Ноғай ордасында ноғайлар, Қазақ хандығында қазақтар қалыптасты. Одан соң Ресейдің жаулап алу саясатына байланысты Сібірдегі татарлар, Астрахан татарлары жойылып кетті. Алтын Орда құрамында құрылған мемлекеттер ұлттық мемлекет деп саналады. Соның бірі − Қазақ хандығы. Ол да ұлттық мемлекет. Неге? Өйткені қазақ жерінде Қазақ хандығына дейінгі болған тайпалық деңгейдегі бірлестіктерден құралған саяси құрылымдардың ешқайсысының ұлттық сипаты болған жоқ. Ал қазақ деген тайпа не ру жоқ, қазақ деген халық бар. Сол кезде пайда болған этникалық мәндегі қазақ атауы бүгінге дейін қолданылып отыр және солардың өмір сүрген жері қазір Қазақстан деп аталады. Ол қазақтардың жері дегенді білдіріп тұр. Бүгінгі Қазақстан ХV ғасырда құрылған Қазақ хандығы мемлекетіне этникалық және атауы жағынан тікелей байланысты.
Бүгінгі Қазақстан − жер көлемі жағынан әлемнің тоғызыншы аймағы деп аталатын алып ел және ол Еуропа мен Азияның арасын байланыстырушы ерекше геосаяси маңызды мемлекет.
− Қазақ хандары туралы сериалық мақалалар жазып, олар туралы көп мәлімет бердіңіз. Қазақтың алғашқы ханы Керей хан мен ең соңғы ханы Кенесарыға дейінгі аралықтағы билеушілеріміздің тарихы зерттеліп болды ма?
− Егер де кез келген тарихшы белгілі бір мәселені зерттеп, соны аяқтадым десе, онда оның ғылыми әлеуеті аяқталғаны, сол мәселенің тоқырағаны. Ғылым ешқашан тоқтамайды. Ғылымға жаңа ұрпақтар келіп, жаңа деректер тауып, соған сай тың идея, тұжырымдар айтуы мүмкін нәрсе.
Шынында, Қазақ хандығын зерттеу маған дейін де болған. Бір мақаламда Қазақ хандығын зерттеу ХІХ ғасырдың ортасынан басталады деп жазғанмын. Тек қана құрылуының өзі жайлы аздаған деректерге сүйеніп, Вельяминов-Зернов, Радлов, Бартольд, Левшин, Аристов, Потанин секілді ғалымдар Қазақ хандығын зерттеумен айналысты. Одан кейін Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхамеджан Тынышпаев қосылды.
Өткен ғасырдың 50-жылдары бұл мәселе тереңдей түсті. Қазақ тарихына қатысты тың деректер араб-парсы, шағатай тілдерінен аударып, оны ғылыми үдеріске енгізу күшейді. Соның бір көрінісі − 1969 жылы шыққан «ХV-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихына материалдар» деп аталатын кітап. Ол көп ізденіске жол ашты. Жекелеген авторлар Қазақ хандығының құрылуымен айналысты. Клавдия Пищулина, Тұрсын Сұлтанов, тағы басқа тарихшылар өз деңгейінде бірталай мәселенің шешімін алға жылжытты. Біраз мәселенің бетін ашып берді. Ал тәуелсіздіктен бергі жерде осыларға сүйеніп, Қазақ хандығы тарихы туралы зерттеулерімді жүргізіп жатырмын. Зерттеулерімнің бір артықшылығы − ауыз әдебиетінің материалдары мен ғылыми айналымда жүрген белгілі жазба деректердің синтезін жасау.
Кеңестік кезеңде М.Тынышпаевтың, Ш.Құдайбердіұлының есімдерін айтуға тыйым салынғандықтан, зерттеушілер олар пайдаланған ауыз әдебиеті материалдарын көрсете алмады. Тек оның кейбірін І.Есенберлин өз шығармаларында қолданды. Тәуелсіздік дәуірі басталғаннан кейін ғана қазақ тарихына қатысты ауыз әдебиеті материалдары бар екенін көрдік, сөйтіп ауызша жеткен деректер мен жазба деректерді саралай отырып, өз зерттеуімді жүргіздім. «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Қазақ хандығының күшеюі», «Қазақ хандары туралы зерттеулер» деген монографиялық зерттеулерім жарық көрді. Дегенмен қазақ хандары туралы зерттеулер жалғаса береді деп ойлаймын.
− Күні кеше Атырау облысында «Ұлық ұлыс − Алтын Орда» атты халықаралық жиын өтіп, негізгі орны біздің жерімізде болған Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы тойланды. Жалпы, түркі халықтарына ортақ мемлекет, бірақ негізгі мұрагері қазақ халқы болып саналатын Алтын Орданың тарихымыз үшін маңызы қандай?
− Алтын Орда − Еуразия аумағындағы Ертістен Дунайға дейінгі аралықтағы үлкен мемлекет. Ол моңғолдар жаулап алған аумақта құрылды, дегенмен негізгі халқы – түрік тайпалары. Былайша айтқанда, түрік тайпаларының мемлекеттік құрылымы. Үш ғасырдай өмір сүрген Алтын Орда мемлекеті кезінде түріктер монғолдарды ассимиляцияға ұшыратты. Алтын Орданың ең гүлденген кезеңі − XIV ғасырдың бірінші жартысы. Бұл сол кездегі әлемге әйгілі төрт өркениеттің бірі − қыпшақ өркениетіне жататын ел болды. Оның нақты бір көрінісі − «Кодекс куманикус» («Қыпшақ тілінің сөздігі») деген кітап. Ол Еуропа мен Қытайға дейінгі аралықты алып жатқан халықтың тілінде жазылған сөздік.
Алтын Орда дәуіріндегі хандар орыстар үшін басқыншы саналғанымен, біздің халықтың жадында олар қасиетті жандар ретінде сақталған. (Айта кету керек, XIII ғасырда майда князьдіктерге бөлініп шашылып жатса да Алтын Орданың қорғауындағы неміс, поляк, финдер орыстарға шабуыл жасай алмады. Содан кейін барып қана Мәскеу князьдігіне топтасқан орыстар мемлекетке айналды, бірақ соның өзінде Алтын ордаға бағынышты еді). Алтын Орда − Еуразияда өз міндетін атқарған мемлекет. Ұзақ жылдар бойы саяси тұрақтылықтың орнығуы бұл аймақтағы халықтар арасында этникалық үдерістің еркін жүріп, олардың қалыптасуына себеп болды. Жалпы, Алтын Ордадағы құрылым, идеология Қазақ хандығында қалды. Қазақ хандары – айналып келгенде сол Алтын Орданың негізін қалаған Жошының ұрпақтары. Алтын Орданың негізін құраған тайпалар кейін Қазақ хандығының құрамында болды. Алтын Орда құрылғанда оның оң қанаты, сол қанаты болса, қазақ жері − соның сол қанаты. Сол қанатында Ақ Орда мемлекеті, одан кейін Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығы құрылды. Тек XV ғасырдың басында ғана Алтын Орданың ыдырау үдерісінде Ұлық Мұхаммед, Кішік Мұхаммед дейтін хандар болды. Олардың кезінде мемлекет аймағы Еділдің арғы жағы, бергі жағы делінетін. Алтын Орданың ыдырауы Еділдің арғы жағынан басталды. Қазақтың халық әні «Үкілім-айда»:
Арғы жағы Еділдің, бергі жағы,
Жағасында жайқалған жапырағы.
Ата-анамды сағынып әнге салдым,
Бауырымның хабарын алмағалы, − деген жолдар бар ғой. Сол Алтын Орда мемлекетінің күйреп, аласапыран басталған кезеңнен хабар беретіндей...
Сөйтіп, Алтын Орда 1502 жылы 15 маусымда өзінің өмір сүруін толық тоқтатты. Еділдің арғы жағындағы Қырым ханы Меңлігерей мен үлкен Орданың соңғы билеушісі шейх Ахмет ханның арасындағы қазіргі Украина жеріндегі, Днепр өзеніне жақын жерде соғыс болған. Қазір ол жерге үлкен су қоймасы салынып кеткен. Осылайша, Алтын Орданың тағдыры шешілген жер қазір су астына кеткен. Ол жер туралы жазба дерек сақталған, себебі Меңлігерей ол туралы Мәскеу князіне жазған хатында айтқан. Оны «Алланың қолдауымен менің және сенің қарсыласың Шейхгерейдің тағын тартып алдым» деген бір-ақ сөйлеммен айтқан екен. Алтын Орда мемлекеті де, ол ыдыраған соң пайда болған Қазақ хандығы да бүгінгі Қазақстанның түп негізі. Ал біз кезінде солар дүркіреген аумақта ұлт болып, мемлекет құрып отырмыз. Тек бұл ақиқат жалпыға тәуелсіздік алғаннан кейін жетіп, әлем мойындаған ақиқатқа айналып отырғанын ұмытпауымыз керек!
− Мазмұны терең әңгімеңіз үшін алғыс білдіремін. Қазақ ұрпағы үшін өзінің ата тарихын құрметтеуден артық мақтаныш болмаса керек!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ