Дархан Біләлов маңызды сала мамандарымен кездесті

Дархан Біләлов маңызды сала мамандарымен кездесті

Дархан Біләлов маңызды сала мамандарымен кездесті
ашық дереккөзі
50566
Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов Математика, физика және информатика институты жанындағы «Педагогикалық STEM-парк» және «BilimLab» цифрлық ресурстар орталықтарының өкілдерімен кездесті. Іс-шара барысында институт директоры Мұрат Бекпатшаев пен информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі Нұржамал Ошанова, «Педагогикалық STEM-парк» орталығының директоры Қайрат Үмбетбаев STEM-білім беру саласындағы соңғы жаңалықтарымен бөлісіп, орталықтың жұмыс жоспарымен таныстырды. Қазіргі уақытта педагогикалық STEM-парктің үш зертханалық залы жаңа озық технологиялармен жабдықталған: 3D-принтерлер, лазерлік кесуге арналған станок, интерактивті тақта, 3D-сканер SOL, LEGO Education Mindstorms EV3 (робот конструкторы). Студенттер бағдарламалық білімдерін жетілдіруге арналған «Гуманоид» роботы, Arduino (UNO және MEGA) микроконтроллерінің көмегімен кез-келген бағытта қозғалатын мобильді робот сияқты жұмыстарымен бөлісті. Сондай-ақ, педагогикалық STEM-паркта робототехникамен қызығатын студенттерге арналған арнайы «Робототехника» клубы жұмыс істейді. BilimLand платформалық қызметтері –  орта білім беру жүйесіне қолдануға ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынып отырған ең негізгі білім беру платформасы. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттеріміз бұл платформамен 2- курста барлық педагогикалық мамандықтарда оқытылатын ЖОО компоненті «Білім берудегі цифрлық технологиялар» пәнінде танысады. Бұл орталықтың ерекшелігі – білім беру платформасымен онлайн және офлайн режимінде жұмыс істеуге болады. BilimLand компаниясымен келісімшарт негізінде бірнеше жұмыс жүргізілуде. Олардың бірі-жақында информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының оқытушыларымен және BilimLand әдіскерлерімен бірлесіп әзірленген «Білім берудің цифрлық трансформациясы жағдайында педагогтің заманауи құзыреттерін қалыптастыру» мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курсы ҚР Білім және ғылым министрлігімен келісілген біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламаларының тізбесіне енді. Бұл курста мектеп мұғалімдері мен олардың болашақ әріптестері біліктіліктерін арттыра алады. Курстың сертификаты мұғалімнің аттестациясынан өту кезінде ескеріледі. Ректор Дархан Біләлов білім берудегі цифрландыру, автоматтандыру, робототехника және мехатроника, жасанды интеллект, 3D-нысанды модельдеу технологиясы, «ауқымды деректермен алмасу» сияқты процестердің қажеттілігін атап өтті. Университет басшысы «Педагогикалық STEM-парк» және «BilimLab» цифрлық ресурстық орталықтарын одан әрі дамытуға қолдау көрсететіндігін айтып, орталықтардың білім алушылардың болашағына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол орталықтың ақпараттық порталын жетілдіру, мектептермен тығыз байланыс орнату, оқушылардың ғылыми жұмысына жетекшілік ету, Жазғы мектеп курстарын ұйымдастыру, педагогикалық STEM-паркті практикалық база ретінде қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары