Коронавирус: Жандарбек Бекшин мектептерде экспресс-тест қолдануды ұсынды

Коронавирус: Жандарбек Бекшин мектептерде экспресс-тест қолдануды ұсынды
Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мектептерде коронавирусты анықтайтын экспресс-тест қолдануды ұсынды.
«Тірі вирус пен мутацияланған штамдарға зерттеу жүргіздік. Қазақстанға әкелініп, тіркеуден өткен негізгі экспресс-тесттерді зерттеп, жақсы нәтиже алдық. Бүгінде экспресс-тестілеудің тиімділігі өте жоғары», - деді Жандарбек Бекшин.
Бас мемлекеттік санитардың сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігіне келесі аптаның соңына дейін қазақстандық мамандардың экспресс-тест бойынша жүргізген зерттеуі жолданады.
«Мектептерде науқастармен байланыста болған мыңдаған адамды байқап отырмыз. Экспресс-тест қолдану арқылы олардың барлығын тексеріп көруге болады. Тест көмегімен, 15-20 минут ішінде оқушының оқуын жалғастыратынын немесе оқшаулануға жіберу қажеттігін анықтай аламыз», - дейді ол.
Жандарбек Бекшин бұл шара бюджет қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін де тілге тиек етті.