Тәуелсіздіктің басты насихатшысы – өнер мен әдебиет өкілдері
Тәуелсіздіктің басты насихатшысы – өнер мен әдебиет өкілдері
«Nur Оtan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ондағы мақсат – қазіргі заманғы ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ әдебиетінің дамуын ынталандыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, елдің дамуында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ғана емес, руханият мәселелері де ұдайы назарда болуы тиіс. Өйткені Тәуелсіздіктің басты құндылықтарын екшейтін, оның мәнін өскелең ұрпаққа жеткізетін – әдебиет пен өнер өкілдері.
– Биыл – еліміз үшін айшықты жыл. Осы 30 жылда біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп, шекарамызды шегендедік, ішкі-сыртқы дамудағы басты бағыттарымызды айқындадық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен саяси-экономикалық реформалар одан әрі жалғасып жатыр. «Nur Otan» партиясы үшін қаламгерлердің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағының орны бөлек, біз орталықта ғана емес, өңірлерде де зиялы қауым өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, – дейді Бауыржан Байбек. Сонымен қатар бас партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының аясында дайындалған Жол картасына да тоқталды. Елімізде 2025 жылға дейін 259 мәдениет ошағы салынатынын, 1 241 мәдени нысан жөндеуден өткізіліп, 150 нысанға ғылыми реставрация жұмыстары жүргізілетінін де тілге тиек етті. Шет елдерде «Абай» орталықтарының саны артып, партия тарапынан 1 500 мәдениет, өнер және ғылым қайраткерін жыл сайынғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қолдап, қаражат бөлудің ашықтығын қамтамасыз етпек.«Ұлы дала» шығармашылық байқауы жарияланды
Одан кейін Бауыржан Қыдырғалиұлы елдің әдебиеті мен руханиятын дамытуға арналған іс-шараның бірі «Ұлы дала» байқауы екенін атап өтті. Биыл Жазушылар одағымен бірлесе отырып Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнап жас жазушылар мен ақындар арасындағы шығармашылық байқау жалғасын таппақ. Бұл байқау 2019 жылы өткізіліп, оған 700-ден астам шығарма түскен болатын. Олардың ішінен 400 шығарма іріктеліп, 5 номинация бойынша республиканың түкпір-түкпірінен талантты 15 жас қаламгер жүлдегер атанды. Биылғы байқаудың мәні де, мазмұны да ерекше. Байқаудың мақсаты – Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында еліміздің жеткен жетістіктерін, мемлекет іргесінің бекуіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаз рөлін айшықтау және қоғамды рухани жаңғыртудың идеялары мен құндылығын көрсететін қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармаларын қолдау және насихаттау. Байқау «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Көркем фильм мен телесериал сценарийі», «Балаларға арналған шығарма» атты бес номинация бойынша өткізіліп, әрқайсысы бойынша 3 жүлделі орын анықталады. Байқауға 18-ден 40 жасқа дейінгі ақындар, жазушылар, драматургтер мен сценаристер қатыса алады. Байқау 1 қазан – 30 қараша аралығында өткізіліп, оның жеңімпаздары Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатталады. Байқаудың шарттары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, партияның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жарияланады. Марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Сондай-ақ биылдан бастап Ulttyq Mura партиялық жобасы бекітілді, барлық мәдени-әдеби шаралар кешенді түрде атқарылатын болмақ. Бұл туралы бас партия Төрағасының Бірінші орынбасары айтты. – Осы күнге дейін партия шығармашылық және өнер өкілдерін, жас ақын-жазушыларды, драматург-сценаристерді, публицистерді қолдауға арналған, айтыс, мүшәйра, жыр-терме, шығармашылық байқаулар, фестиваль мен әдеби оқулар сияқты 250-дей іс-шара өткізуді жоспарлаған болатын, олардың біразы жүзеге асып жатыр. Мысалы, жыл басынан бері 19 айтыс өткізілді. Он жылдан бері «Nur Otan» партиясының жанынан құрылған республикалық және аймақтық Miras кеңестері жұмыс істейді, – деді Бауыржан Байбек. Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы республикалық Miras қоғамдық кеңесінің төрағасы, ақын Жанарбек Әшімжан «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отыруы болашақта руханият пен мәдениет аясында атқарылатын жобаларға мұрындық болатынын айтады. Жанарбек ӘШІМЖАН, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі:Бұл – рухани жақындықтың лайықты жалғасы
– Іргелі екі ұйым арасындағы меморандумға қол қою рәсімі – руханият пен әдебиет кеңістігіндегі үлкен оқиғалардың бірі. Себебі меморандум арқылы болашақта қазақ руханиятын көтеруге арналған бірнеше жоба жүзеге асатын болады. Жалпы, қай кезеңде болмасын мемлекеттің негізгі саясатын жүргізетін билеуші партиялар мен шығармашылық одақтардың арасында ұдайы байланыс болған. Ол кешегі Кеңес заманында да көрініс тапқан. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы тұсынан бастап, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы тікелей шығармашылық ортамен байланыс орнатты. Елімізде 11 шығармашылық одақ болса, соның ішінде Қазақстан Жазушылар одағының орны алабөтен еді. Қоғаммен байланыс, әдеби-мәдени ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында үлкен зиялы қауымның қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге ашық пікір білдіре алды. Кешегі «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы меморандумға қол қою рәсімі де сол рухани жақындықтың лайықты жалғасы деуге болады. Кеше Бауыржан Байбек кеш тізгінін ұстап, модератор болып отырды. Беташар сөзінде шығармашылық одақтың қоғамдағы рөлін айрықша атап өтті. Еліміздің дамуына, мемлекет ұстанып отырған рухани мәдениет саясатына ықпал ететін бірден- бір ұйым. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық сананы жаңғыртуға, ауқымды саяси реформа жүргізуге бағытталған бағдары үшін де меморандумның үлесі зор. Одан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына да ұлтты ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, елдің мәдени әлеуетін күшейту секілді жұмыстар меморандум тармақтарында қамтылды. Күні кеше «Ұлы дала» деген байқау жарияланды. 40 жасқа дейінгі жас қаламгерлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылатын шығармашылық байқау талай жанның бағын ашып, бағытын айқындайтын дода болмақ. Поэзия мен проза, драматургия, балалар әдебиеті, киносценарий жанрын қамтитын үлкен жоба. Бұл бәйге – партия тарапынан әдебиеттегі жас қаламгерлерге ірі қолдау. Бәрімізге белгілі, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламада негізгі бөлімі де руханият пен мәдениетке бағытталған. Осыған дейін «Nur Otan» партиясы жанындағы республикалық Miras қоғамдық кеңесінің екі жиыны өтті. Екі жақтың меморандумға отыруы кеңестің жұмысына жан бітірді. Алда әлі үш жиын бар. Сонымен қатар Ulttyq Mura партиялық жобасы бекітіліп жатыр. Аталған партиялық жобаны үйлестіруге де меморандумның ықпалы болатыны анық. Руханият пен мәдениет саласында болып жатқан тың өзгерістерді ұлт зиялылары мен көрнекті тұлғаларымыз, ірі қаламгерлеріміз зор ықыласпен қабылдады деп ойлаймын.
Оңайгүл ТҰРЖАН, филология ғылымдарының кандидаты, ақын:Әдеби байқаулардың насихаты кемшін
– «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы меморандумы – өте маңызды құжат. Себебі ежелден бері көркем әдебиет – халықты ұйыстырып, тәрбиелейтін маңызды құрал. Кеңес заманның халыққа тигізген салқыны аз болмады. Дегенмен соның ішінде бір мәселе бар. Коммунистік партия көркем әдебиетті ең биік орынға қойды. Олар көркем әдебиет арқылы халықты ұйымдастыруға болатынын білді және барынша күш салды. Қаламақы мөлшерін көбейтіп, жазушыларға жағдай жасады. Ол жанашырлықтың түпкі мақсаты – 15 одақтас республиканы ұстап тұру. Сөйтіп бүкіл халықты кітап оқуға үндеді. Кітап оқылды дегеніміз – ақын-жазушылардың танымалдығы артты деген сөз. Қаламгерлердің беделі арқылы халықты жинап отырды. Халық рухани дамып, адамгершілік нығайып, жастар тәрбиеленді. Қоғамдағы қордаланған мәселені көркем әдебиет арқылы шешіп отырды. Кешегі өткен іс-шараның негізгі мақсаты – көркем әдебиетті насихаттау, жас қаламгерлерді жігерлендіріп, халыққа таныту. Осы мақсат арқылы кейінгі ұрпақты қазақ әдебиетіндегі рухани байлыққа қол жеткізетін негізгі діңгектен айырмау, көркем әдебиеттің мүмкіндігін пайдалану. Өзімнің жеке ұсынысымды да айтқым келеді. Елімізде көркем әдебиет бойынша шығармашылық байқаулар жиі жарияланады. Десек те, оның насихаты халық арасында аз болып жатады. Халықты ақпараттандырып, құлағдар ету тек үлкен қалаларда ғана жүзеге асып жатыр. Ауыл-аудандағы жас қаламгерлер де қатысып бақ сынауы керек. Ол үшін әлеуметтік желілерге жариялап, аудиторияға тарату керек. Кейде өзім сабақ беретін студенттер де білмей, қалыс қалып жатады. Мұндай әдеби байқаулардың жарнамасының жақсы болуы – «Nur Otan» партиясының да, Қазақстан Жазушылар одағының да атқарып жатқан жұмысының дәлелі. Кешегі меморандум мерзімі 2-3 жылдық емес, уақыт мерзімі шектеусіз. Сондықтан руханиятты дамытатын түрлі іс-шараға куә болатынымыз анық.