833
Шымкенттегі iKomek 109 қызмет аясын кеңейтті
Шымкенттегі iKomek 109 қызмет аясын кеңейтті
– Мұндағы мамандар шағым келген бойда тиісті мекемемен байланысады. Ең бастысы, арызданған тұрғынмен кері байланыс орнатылып, жұмыс барысы баяндалып отырады, – дейді орталық басшысы Азат Әміртай.
Қаладағы ситуациялық орталықта тәулік бойы 49 қызметкер жұмыс істейді. Олардың айтуынша, тұрғындардың негізгі мәселесі коммуналдық шаруашылық, жол, білім және қоғамдық көлік тақырыбы көрінеді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей тапсырмасымен ашылған iKomek 109 орталығы жыл басынан бері 24 292 өтініш қабылдаған. Бүгінде оның 23 415-і орындалып, қанағаттандырылыпты. Орталық басшысының айтуынша, қалған өтініштер мен арыз-шағымдар қаралып жатыр.
«Орталық қызметкерлері 1 жылдан астам уақыт аралығында жалпы 191 665 арыз-шағым қабылдап, кеңес берді. Келіп түскен арыз-шағымның 98 пайызы өз шешімін тапты. 150 000-нан астамына кеңес беріліп, алғашқы қоңыраумен тұрғындар мәселелері қанағаттандырылды», – дейді Азат Әміртай.
Сонымен қатар мұнда тұрғындар өтінішін қанағаттандыру үшін қаладағы 22 қалалық басқарма, 4 аудан әкімдігі, 7 департамент, 32 мемлекеттік мекемелер мен сервистік мекемелер байланыстырылған. Орталық басшылығының айтуынша, тұрғындардың хабарласып, шағым айтуының нәтижесінде 371 балалар ойын және спорт алаңшалары реттеліп, тротуарлардағы 275 кемшілік қалпына келтірілген. 763 құдықтың қақпағы жабылып, 81 жасанды жол кедергілері алынған. 1752 аула жарығы қалпына келтіріліп, 140 ашық трансформатор жабылған. 97 канал тазартылып, 611 жолақ сызылып, жол кедергілері қойылған.
«Орталық мамандарынан құрылған мониторинг тобы 650-ден астам жауапты мекемелер орындамаған мәселелерді анықтады. Бүгінде iKomek 109 қызмет көрсету аясын тұрақты түрде кеңейтуде. Ашылғаннан бері орталық қоғамдық көліктердің мониторингін, «Төлем» жүйесі бойынша арыздарды қарастыратын және сұрақтарға жауап беретін колл-орталық, тұрғындарға түрлі жағдайлар бойынша психологиялық кеңес беріп келеді. Қуанарлығы, орталық психологтары екі бірдей адамның өмірін сақтап қалды. Сонымен бірге вакцинация бойынша ақпарат алу, 109-ға хабарласып, жалпы тәжірибелік (терапевт) дәрігерге жазылу, жоғалтып не тауып алған заттар туралы ақпарат ала алатын бірыңғай байланыс орталығы болып табылады», – дейді орталық басшысы.
Сондай-ақ @ikomek109.shymkent – қала тұрғындарының қоғамдық көліктерде, адамдар көп шоғырланған және тағы басқа жерлерде заттарды тауып алған немесе жоғалтып алған адамдарды делдалсыз байланыстыратын орталық. Себебі соңғы уақытта мұнда тұрғындар тарапынан жоғалған затын іздеп хабарласушылар көбейген. Осы жылы орталық қызметкерлері жауапты мекемелермен бірлесе отырып мегаполис тұрғындарының 592 жоғалған затын тауып берген. Атап айтқанда, 217 сөмке, 144 әмиян, 129 құжаттары бар файлдар, 15 сағат, 6 ұялы байланыс құралы, 4 ноутбук, 3 домбыра, 2 аяқкиім және 72 төлем карталар табылды. Табылған төлем карталарды, құжаттарды орталықтың Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасы @ikomek109.shymkent-те Stories ретінде салынады. Азаматтар жоғалтқан құжаттарын сол жерден көре алады.
Назгүл НАЗАРБЕК
Шымкент қаласы