Өлшеусіз еңбектің өнегесі

Өлшеусіз еңбектің өнегесі

Өлшеусіз еңбектің өнегесі
ашық дереккөзі
695
35 жыл бойы ұстаздықпен шұ­ғыл­данған алғыр ұйымдастырушы әрі естігені, істегені де, көңілге то­қы­ғаны да мол, зердесі, қиялы, ойы, тілі жүйрік, жинақтаған тәжрибесі де мол Нұртас Ахат мырза этно­пе­да­гогика, лингвистика, фәлсафа, әлеу­меттану, мәдениеттану, заңтану ғылымдарының жетістіктерімен мық­тап қаруланған. Сонымен қатар қа­зақ халқы әдебиетінің ересен қуат­ты рухани игіліктерінің дана­лы­ғын, тәлімгерлігін, көркемдік көз­қарасын, ұлттық психология, эт­номәдени құндылықтарын, эт­ног­рафиялық ұғым-түсініктерін білім­дарлықпен таразылап, «ұлттық тәр­бие ұлылығын» бесік жырлары не­гізінде байыпты баяндайды. «Асы­лы, бесік жыры –тұнып тұрған тәр­бие мұхиты, тәрбие әліппесі». Ұлт­тық дүниетанымымызда бесік жы­рының түпкі мақсаты – сәбиге тіл­дік орта жасау және ұлт тілінің уы­зы мен әуезін болмысына ұялату. «Тұрмыс-салт жырларындағы ұлт­тық педагогика мәселелері» де­ген оқу құралында ұлттық-ру­хани құн­дылықтарды, халықтық тәжіри­белерді толғайды, саралайды. Педагог-ұстаз Нұртас Ахат ха­лық педагогикасының тү­бірлі көкейкесті мәселелерін ой еле­гінен өткізіп, алдымен ұлттық сана-сезім, ұлттық дәстүрге баулу­дың кешенін жасап, түйсік пен са­на­ның жаңаруын діттейді, ер бала тәр­биесіндегі ұлттық бағытты (яғ­ни оларды мейірімділік, ізеттілік, өне­гелілік, тазалық, әділдік тәрізді қасиеттерді меңгерту) анықтайды. Негізінде, балауса балғын қа­сиеттер отбасында гүлдеп, көркейетінін мағыналы мәліметтер­мен дәйектеп дәлелдейді. Ол ес біл­генде көз алдында көркемдік әсер­лілігімен қызықтыратын ға­жайыптар орындалуы шарт. Ол үшін мәні мен сәні керемет үйлес­кен қасиетті, киелі, тамаша әдет-ғұрып­тық дәстүрлер, ұлттық сим­вол­дар, рәміздер, қағидаттар, ха­лық­тық шынайы салтанаттар көр­сетілуі тиіс. Мысалы, шілдехана, бесікке бөлеу, азан шақырып ат қою, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүн­детке отырғызу, тайға мінгізу, сәлем бергізу, қарттарға құрмет жасату). Бұлардың баршасы – әнменен, күйменен, жырлармен, бата сөз­дермен, лала да лағыл лебіздермен, түр­ліше ұлттық ойын-сауық түр­лері­мен ұйымдастырылатын ке­шен­ді жанды құбылыстар. Ендеше, «көкірек толғауынан өткізуіне жол ашады», кемелдікке ұмтылуына серпін береді. Дала философиясы, тәліми-тұрмыстық жағдайлар ер баланың руханилық, биологиялық, физиологиялық қажеттіліктері үшін жақсы қызмет етеді. Эрудициясы айрықша эн­цик­лопедиялық білімнің иесі Нұртас Ахат әлемдік білім беру жүйе­­сінен (ол Оксфорд және Кемб­ридж университеттерінің оқу бағ­дар­ламаларын ыждаһатпен зер­де­леген) мол хабардар. Жапония мысалында ұлт­тық тәрбиенің беломырт­қа­сы – ана тілінде сөйлесе, дүние құ­былыстарын өзінің тілінде қа­был­даса, баланың ішкі жан дүниесі, рух әлемі, ой-өріс кеңістігі, психо­логиясы ұлттық негізде қалып­та­сады. Сондықтан да ұлттық тамыр­дан нәр алған жасөспірім өзінің елі­не, жеріне жаны ашиды, жан­қиярлықпен еңбектенеді. Балабақшада нендей мақсат­ты іске асыру турасында ұл­т­тық балабақшадағы тәлім-тәр­бие бағдарламасын жасау, қазақша тілі шыққан және орысша тілі шық­қан 1 топта болған қателік, ұлттық на­қыштағы қазақы рәсімдерді (сә­лем беру, ақиқат сөйлеу, өтірік айт­пау, қыз баланы ардақтап құрметтеу, ұлттық ойындар (аударыспақ, белбеу тастау, теңге ілу) ұйым­дас­тыру қажет деп қорытады. Мектеп тәрбиесінде ер бала­ның өзін-өзі ұстай білуіне, көнтерлі болуына, сөйлеу мәдениеті мен абзалдық қасиеттерінің кемел­денуіне жарқын жол ашу керек. Сондай-ақ ұлт тарихы мен мәде­ние­ті бойынша курстар және қолөнері, саятшылық, ұлттық спорт түрлері­нен секциялар ұйымдастырылса, ер балалардың ой-санасы, көзқарасы, сезім дүниесі рухани жағынан тү­лер еді. «Мемлекеттік білім құндылық­тарын қалыптастыру Ыбырай Ал­тын­сарин мұралары», «Әлемдік жаһан­дастыру процесі жағдайында эт­нотәрбиенің бүгінгі өзекті мәсе­лелері», «Жаңа қоғамдық сананы қа­лыптастыруда этнопеда­гоги­ка­ның маңызы», «Ер бала тәрбие­сін­дегі ұлттық бағыт», «Қазіргі мек­­тепке дейінгі ұйымдарда педа­го­гикалық үрдісті», «Жаңалан­дыру­дағы инновациялық педагогикалық технологиялар», «Білім ақпаратын­дағы жаңалықтар», «12 жылдық білім беру жүйесіне сай құзыретті ма­мандар даярлаудың өзекті мә­селелері», «Кәсіптік білім сапасын жаңартудың негізгі – тұлға құзырлылығы», «Ауыл мектебіндегі білімге қамқорлық қажет», «Білік­тілікті сертификаттау және өнді­рістік іс-тәжірибені ұйымдастыру» тәрізді еңбектерінде этнопедаго­гиканың (фольклортану, этногра­фия, психология, лингвистика, фәл­сафа ғылымдарының байла­нысы) өзекті мәселелері, нақты айтқанда, «білімнің» классикалық және генетикалық анықтамасы, тұлға мәдениеті (ұлттық діл, адам­шылық, тәжірибе), жаңа сапалық ойлау жүйесін қалыптастыру, гума­нистік, этикалық, көркем тәрбие мәнісі, инновациялық педагоги­калық технологиялар, интеллек­туал­дық, кәсіптік, руханилық, креа­тивтік, синергетикалық сықылды құзырлылық бірегей қабілеттер. Осылардың барлығына ұлттық рух пен патриотизм шұғыласын мол түсіру ләзім. Жаһандану үдерісі, заман, қо­ғам, руханият, ғаламтор, зия­лылар жайы хақындағы көз­қарасы да шынайы, дәлелді. «Абай жолын» неге оқымағансыңдар?» деп «соғысып» жүрген алакөңіл ұстаз­дың жанайқайы бар бұл шығармада. «Ел» (2021) еңбегі – тарихи-фи­лософиялық, танымдық шығарма. Мұнда ол Ұлы даланың тағдырына, тарихына, өркениетіне, дәстүріне, тіліне, ел басқару жүйесіне, Мәңгілік ел идеясына (Түркі қағанаты, Дешті-Қыпшақ мемлекеті, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан бастап, Алаш идеясына дейін), Ұлт Тәуелсіздігіне қатысты түйінді, тұрлаулы тұжырымдар өрбітеді. «Ел» ұғымының қыр-сырын пайым­дайды. «Ел болғанбыз» дей отырып, Отбасы, Ауыл, Ел, Би құрылымын, Ел басқару жүйесін, елшілдікті, мем­лекетшілдікті бар дауыспен жыр­лаған қолбасшылық жасаған жы­рау­лар дәуірін тарихи-шежірелік, әдеби деректер негізінде толыққан­ды баяндайды. Әрі дала демокра­тиясы, демография, миграция, гео­саясат, жаһандану үдерісі, ұлттық салт-дәстүр, Алаш идеясының, сая­си-идеологиялық ұстанымдары те­рең, толық талданады. «Ел» кітабы – ­ұлт ар-намысының айнасы. Ұлттық поэзия тарихында айтулы тұлға Орынбай Бер­та­ғыұлының (1813-1891) импро­ви­заторлық өнерін, өнерпаздық ор­та­сын, діни-мұсылмандық көзқара­сын («Адамның жаратылуы туралы», «Қырық парыз», «Бұл дәуір тұрар ма екен сізге ұдайы», «Жүз жұлдыз»), көркемдік әлемін тиянақты мұқият тексерді. Қолжазба қорларындағы тарихи-мәдени, әдеби деректерге ие материалдарды ғылыми айналымға қосты. Жазушы-драматург Шахмет Хұсайынов (1905-1972) пен қазақ әдебиетінің классигі «шын­дық шырағы» Сәкен сері Жүні­сов, сондай-ақ Көкен Шәкеев, Кә­кім­бек Салықов, Нұрмияш Көбенов, Төлеген Қажыбаев тәрізді жыр дүл­дүлдерінің шығармашылық өмір­баяны турасындағы мейірленіп жазған ой-толғаныстары оқырман­дарды сүйсіндірері хақ. Өйткені ол шы­ғармашылық өнер иесінің та­биғатын, қабілетін, болмысын, көр­кем ойының ішкі құбылыстарын жі­ті таниды да, құштарлықпен сөй­летеді. Кісілік келбеті келісті, зия­лылық шуағы мол төгілген Нұртас Ахаттың өзінің мектептегі ұстаздарына деген ілтипаты ерекше. Мысалы, «Ары мен адалдығы тең еді» (Күлбаршын Сәлімқызы жай­лы) және «Ұстаз ұлағаты» (Гүлнәр Шәй­мергенқызы туралы). «Сөз айттым жаны таза жандарға» деуі – оның ішкі мәдениетінен туған сырлы ле­біз. «Сөз және сурет» еңбегіндегі тоқ­сан афоризм тоқсан тарау тұр­мыс-тіршіліктен сыр толғайды. Тағ­дыр тәмсілдері, өмір оқулығы іс­петті. Ой құшағындағы, аудитория ал­дын­дағы халық қызметкерінің үнін миға жүгіртейік, зердемізге түйейік: 1. «Жер бетіндегі өз дене­сінен миы үлкен құмырсқа екен. Миының арқасында миллиондаған жылдар бойы жан сақтап келеді. Адал, еңбекқор осы жәндікке теңесе алмай келеміз. Адамды неге осынша жа­зылады екен?!». 2. «Балабақша мен бастауыш мектептегі басқа тіл­дің берілуін түбегейлі жоймай, жақ­сы жетістіктерге жетпейміз. Бізге осы жолда бір-ақ таңдау бар. Ол – күрес!». 3. «Санасы ассимиля­ция­лан­ған биліктегі қазіргі буын аттан түс­­­­­пейінше, ана тіліміз төрге шы­ға­ды деу – құр бекершілік». Жаңашыл ұстаздың бұл дү­ниесі ата мен немеренің бірі­гіп жасаған шығармашылық үйле­сімінен туған. Атасы аталы ой тол­ғаса, немересі сурет салады... Ол республикамыздың әде­би-мәдени өміріне белсене араласады. Соның бір мысалы – Алаш үкіметінің 100 жылдығына орай Көкшетау қаласында «Алаш және Тәуелсіздік» дейтін тақырыпта ғылыми конференция өткізді және де студент жастардың рухани түлеуі мақсатында «Айбын» әскери-пат­риот­тық «Ар-Намыс» саяси-интел­лектуалдық клубтарда жүйелі түрде рух дәрістерін, даналық сабақтарын шалқыта оқиды. Колледжде 1 060 студент пен 90 ұстаз-педагог бар. Осын­дай ұжымға басшылық жасау (білім беру, үйрету, шынайы педагог даяр­лау, материалдық-техникалық база­сын жақсарту, оқу-әдістемелік құрал­дармен қамтамасыз ету, жылу мен жарық мәселесі) – қайраткерлік пен ізгілікті, әдептілік пен кісілікті, әді­леттілік пен жауапкершілікті ті­лейді. Мінеки, осындай қасиеттер ұстаз көрген ұстаздың бойынан та­­бы­лады. Осы бір қадір-қасиет­тері­нің арқасында Көкшетау қала­сында 1997 жылдың 1 қаңтарында ТЭЦ апатқа тап болғанда, директор Н.Ахат бастаған ұжым педколледжді қауіп-қатерден сақтап, оқу ісін тоқ­татқан жоқ. Бұл бір ұжымның рухани-қаһармандық ерлігі еді. Мұ­ның басында таудың құл­жа­сындай қасқиып Жәпек батырдың көзіндей Нұртас Ахат тұр. Нұртас Ахаттың болмысын, тұл­ғасын, берекелі хареке­тін, әдепті, мәдениетті жүріс-тұры­сын білгеніме, ішіме түйгеніме, куә­гер болғаныма, оның ішкі жан дү­ниесінің тұңғиығына шамамша бой­лағаныма 29 жылдың жүзі бо­лыпты. Оның өн бойы тұнған өне­­ге. Соның бір қыры – дала сы­рын, аң-құстардың тілін, тәсілін білетін өнерлі, құмарпаз, мейірбан сая­хат­шы. Ата жұртымыздың асыл дәс­түрлерін, мұраларын, әдет-ғұрыптарын, даналық жауһарларын, кісілік қасиеттерін кие тұтып, ұс­таз­дық өмірінің қазығы еткен Нұр­тас Ахаттың өнегелі істері – елге қыз­мет етудің абыройлы жолы.

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары