Жақында Орал қаласында саябақтағы аттракционнан бірнеше бала құлап, ауруханаға түсті. «Калейдоскоп» айналмалы әткеншек аяқ астынан істен шығып, кілт тоқтағанда балалар жан-жаққа ұшып, темір жақтауларға соғылған. Олар түрлі дәрежеде дене жарақатымен ауруханаға жеткізілсе, жағдайы ауыр балалар жансақтау бөліміне түсті. Арасында бассүйегі мен қол-аяғы, шынтақ сүйегі сынған балалар да бар. Осы оқиғадан кейін травматолог дәрігерлер дабыл қақты. Қауіпсіздік шараларын сақтаудан бөлек, ата-аналарға үндеу жасады. Әңгімені әткеншектен құлау әлегінен бастап, жығылса да жансақтау бөліміне түсетін балалардың денсаулығындағы кінәраттың себебін сала мамандарынан сұрап көрдік.
Жарақат – сыртқы факторлардың әсерінен болатын рефлекс. Статистикаға сүйенсек, жарақаттар негізінен 7-11 жас аралығындағы бастауыш мектеп жасындағы балаларда болады. Қыздардан гөрі ұлдардың 70 пайызы жарақаттанады. Травматолог-ортопед мамандардың айтуынша, балалық шақта жиі жарақаттану себебі – қоршаған ортаның абаттандырылмауы, немқұрайдылық, тұрмыста, ойын кезінде, спортта баланың абайсыз іс-әрекеті. Балалардың жарақат алуына олардың психологиялық ерекшеліктері де әсер етеді: білуге құмарлық, көп қозғалғыштығы, көңілкүйі, өмірлік тәжірибенің жоқтығы секілді дүниелер әсер етеді. Ата-аналардың міндеті – балаларды қауіп-қатерден сақтау. Өйткені оқыс оқиға ата-ана кінәсінен болады. Балалар травматологиясы бөлімінің мамандары балалардың жарақаттануы олардың даму процесіндегі құбылыс екенін айтады. Былтыр ЮНИСЕФ және ДДСҰ-ның денсаулық және қоршаған орта мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы Джоан Винсентен еліміздің 8 өңірінде 0-14 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары арасында жүргізген сауалнаманың қорытындысын талқылай келе, 3000 отбасының қауіпсіздік шарасы бойынша үш түрлі түсінігін алға тартты. Сауалнама нәтижесінде, ата-аналардың 84 пайызы балаларға төнетін қауіптен хабарсыз болса, енді бірі инфрақұрылым сапасын сынайды. Үшінші лек заңнама дұрыс жұмыс істемейді деп күйінеді. Балалар травматологиясы төңірегінде де алыпқашпа әңгіме көп. Күн сайын бірнеше баланың жарақат сүйегін таңатын бөлім мамандарының айтар уәжі де бар.


Ата-ана дәрумен ішу ережесін білмейді – Балалардағы дене жарақатының себебі көп. Солардың бірі – дәрумендердің жетіспеушілігі. Экологиялық өзгерістер мен тағам құрамындағы пайдалы нутриенттердің аздығына байланысты қазір балаларда дәрумен жеткіліксіздігі жиі байқалады. Бұл өз кезегінде жеткіліксіз болса, ағза молекулалық деңгейде дұрыс жұмыс істемейді. Баланың бойынан дәрумен жетіспеуін байқау қиын емес. Ең алдымен баланың физикалық дамуының тежелуі және терісінің бозғылттануымен, шаш, тырнақтың әлсіздігінен айқын көрінеді. Мысалы, бой өсуінің төмендеуі, тістердің сынғыш болуы бұл кальцийдің жеткіліксіздігін білдіреді. Кейбір балаларда В12 дәруменінің жетіспеуі фуникулярлы миелоз ауруына шалдықтырады. Сонымен қатар баланың инфекциялық аурулармен жиі ауруы да микронутриенттердің жеткіліксіздігі және иммунды жүйенің нашарлауынан пайда болады. Д дәруменінің жетіспеуі иммунитеттің төмендеуіне ықпал етеді. Жалпы балаға дәрумендерді индивидуалды мөлшерде тағайындау қажет. Кейбір ата-аналар баласына дәрігердің келісімінсіз өз бетінше дәрумендер беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Кез келген дәруменді бермес бұрын дәрігермен ақылдасып, қажет анализдерді тапсыру керек. Балалар ішетін дәрумендердің мөлшері ересектерге қарағанда 50-60 пайызға аз. Кез келген дәруменнің балаларға арналған мөлшері болады. Ата-аналар балаға дәрумен беру ережесін сақтамайды. 1-2 апта ғана ішкен балаға ешқандай дәрумен әсер етпейді. Кемінде үзбей алты айға жуық ішуі керек. Жаз маусымы кезінде балалар арасында сүйектің сынуы, қолдың шығып кетуі секілді жарақаттар белең алды. Мысалы, сүйек неге сынады сауалына жауап іздеп көрейік. Сүйек құрамының 60 пайызы – су, 12,5 пайызы – нәруыз тектес ағзалық зат оссеин, 21,8 пайызы – минералды заттар (кальций фосфаты) және 15,7 пайызы майдан тұрады. Оссеин сүйекке серпімді, иілгіштік қасиет береді. Жас балалардың сүйегінде ағзалық заттардың мөлшері көбірек. Сүйектері иілгіш болатындықтан спорт және балетпен айналысады. Адамның жасы ұлғайған сайын сүйегінде ағзалық заттар азайып, минералды заттар көбейеді. Құрамында минералды заты көп сүйектер иілгіштік қасиетінен айырылып, морт сынғыш келеді. Адам денесінде 230-дан астам буын бар. Әрбір буынның сырты тығыз дәнекер ұлпадан түзілген қабықпен қапталған. Оның қызметі – сүйектердің буын ойығында еркін қозғалуына мүмкіндік беру. Сүйектің бірімен-бірі байланысатын шеті жылтыр, тегіс шеміршекпен қапталған. Қозғалу кезінде шеміршек үйкелісті азайтып, оқыс соққының алдын алады. Сондай-ақ кальций мен Д дәрумені де ағзаға ауадай қажет. Өйткені кальций сүйектің беріктігін нығайтады. Ал оның дұрыс сіңуі үшін Д дәрумені қажет. Күнделікті өмірде тұтынатын дәрумендерді ішудің қарапайым ережелерін білу артық етпейді.
Балаларда жиі кездесетін дене жарақты туралы балалар нейропсихологы Айнұр Алдашованың әлеуметтік желідегі жазбасы көп адамның көкейінде жүрген сауалдың жауабын бергендей болды. Оның айтуынша, құлау проблема емес. Тек ыңғайсыз құлау балаға қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан баланың ірі моторикасын дамыту керек. Өйткені осы қабілеті жақсы дамыған бала, өзіне төнген қауіп-қатерден денесін қорғай алатын көрінеді. Құлап бара жатқанда, ең маңыздысы – баспен түспеу. Алақан, шынтақ, тізе, өкшені тіреп, бас ұрылмайтын әрекет жасау керек. Кірпі сияқты жиырылып қалу адамды жазымнан сақтайтын іс-әрекет екен. Нейропсихолог Мөлдір Орынбайқызы баладағы дене жарақатының психосоматикасын тарқатып айтып берді.
Мөлдір ОРЫНБАЙҚЫЗЫ, нейропсихолог:
Шектен тыс өбектеу баланың дамуын тежейді – Дене жарақаты деп бөліп алмай, жалпы балалар ауруларының психосоматикасы деп қарастырған жөн. Оның ішіне баланың құлауы мен сүрінуі, дене мүшелерінің жарақаттануы да кіреді. Өзім де үш баланың анасымын. Баламның табанына кірген сүйек, маңдайыма қадалсын деп өбектеп отыратын аналарды да жиі кездестіреміз. Психолог ретінде айтатын болсам, баладағы түрлі сырқат пен жарақаттың дені ата-ана тарапынан жеткілікті көңіл бөлмегеннен пайда болады. Бір күні «ауырып қалсам» немесе «құлап жарақаттансам, анам маған көңіл бөледі» деп бейсаналы түрде бала ойлайды. Құлап-тұруы мен сүрініп-жығылуы қалыпты дүние. Шектен тыс ата-ананың өбектеуіне үйренген бала болашақта күрделі мәселелерді шеше алмайды. Жоғарыдағы бала қимылының ірі моторикасын дамыту туралы мәліметті тарқатып кетейін. Алдымен ұсақ моторикалардан бастап үйренген жөн. Солардың бірі – қол моторикасы. Қол жаттығуы баланың қимыл-қозғалысынан бөлек, интеллектуалды қабілетін де арттырады. Одан кейін құлаған кезде рефлексия дабылын қағуға әсер етеді. Психологияның мимен жұмыс істеу яғни, нейропсихология саласында жүргендіктен балалармен жаттығу жасаймыз. Қарапайым бір нейро жаттығуды айтқым келіп тұр. Оң қолымыз басты сипап, сол қолды ішімізге қойып, сағат тілімен уқалаймыз. Бірдей уақытта осы екі қимылды қатар жасап отыру керек. Алғашында миды бағындыру қиын болады. Бірақ көп қимылдағанның нәтижесі жемісін береді. Бұл әдіс бала құлаған кезде абдырап қалмай, өз-өзін сабырға шақырып, өздігінен әрекет ету дағдысын қалыптастырады. Сәби шақтан гөрі 7-10 жас аралығындағы балалар оқыс оқиғаға жиі тап болады. Ондай жағдайда ата-ананың басты міндеті – бала жиі баратын орындардың қауіпсіздігін назарда ұстау. Балаға қауіпсіз орта жасақталуы керек. Жығылып қалса «Көзіңе қарамайсың ба?» деп дүрсе қоя беру де дұрыс емес. Ол өскенде осы қылығы үшін өзін кінәлі сезінетін болады. Осы қағидалар ата-ананың есінде әрдайым жүруі керек. ⠀
Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА