340
Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық үкімет офисінің жұмысын бастауға рұқсат берді
Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық үкімет офисінің жұмысын бастауға рұқсат берді
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық аналитикалық және цифрлық трансформация орталықтарын, ұлттық жобалау офисін қамтитын Цифрлық үкімет офисінің жұмысын бастауға рұқсат берді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан Президентіне Цифрлық үкімет офисінің негізгі міндеттері мен жобалары туралы баяндады. Министрдің айтуынша, офис жұмысының аясында бастапқы талдауды автоматтандыру, болжамдар мен даму сценарийлерін әзірлеу, қол жеткізілетін мақсатты көрсеткіштерге төнетін қауіптерге мониторинг жасау және анықтау қызметтері, сондай-ақ басқа да жұмыстар жүзеге асырылады. Цифрлық трансформация орталығы мемлекеттік органдардың жұмыс үдерісін өзгертіп, оларды цифрлық форматқа ауыстырумен айналысады.
Сауда және интеграция министрлігі Мемлекет басшысына Ішкі және сыртқы сауда жөніндегі талдау платформасын таныстырды. Аталған платформа азық-түлік бағасын онлайн режимде бақылауға және болжауға мүмкіндік береді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі ел халқының екпе алу қарқынын бақылауға арналған жобаны таныстырды.
Жиын барысында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және басқа да жауапты тұлғалар сөз сөйледі.