«Көлеңкелі экономика»: жарыққа шығарудың жолы қандай?

«Көлеңкелі экономика»: жарыққа шығарудың жолы қандай?

«Көлеңкелі экономика»: жарыққа шығарудың жолы қандай?
ашық дереккөзі
1354

Елімізде "көлеңкелі экономика" салдарынан 2020 жылы бюджетке келетін шығын көлемі 617 млрд теңге болған. Санда бар да, санат та жоқ қаржы айналымына тосқауыл қойылмаса, 2025 жылы мемлекет қазынасы 1,2 трлн теңгеден қағылуы мүмкін.

Елімізде «көлеңкелі экономиканы» жоқ­қа шығару мақсатында бірқатар жобалар қолға алынғаны белгілі. Нәти­же­сінде бүгінге дейін 2,8 трлн теңге көлемінде жал­ғ­ан шот-фактура жазып берумен айна­лыс­қан 87 қылмыстық топтың жолы кесіл­ді. Бұдан бөлек, жасырын жұмыс істеген 10 цехтың қызметі тоқтатылып есепте жоқ 800 мың шөлмектен астам алкоголь өнімі тәр­кіленді. Айта кетерлігі, елімізде «кө­­лең­кедегі нарық» 2017 жылы ең жоғары көр­сет­кішке жетіп 28,75 пайыз болды. Ал 2018 жылы 27,02 пайыз межесінде сақталды. Мәселені шешу үшін елімізде «көлеңкелі эко­номикамен» күресетін арнайы агенттік құрылды. Сөйтіп, алдағы 4 жылда «көлеңкелі нарықтың» үлесін пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Әлемдік тәжірибеде мұн­дай құбылыс экономиканың 10 пайы­зынан аспауы тиіс. Бұл мақсатта тығы­рық­тан шығатын жалғыз жол – тауарды таң­ба­лау. Бірақ бұл жағдай отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етпек? Онсыз да коронадағ­дарыстан ес жиып үлгермеген кәсіпкерлерге тағы да салмақ түспей ме? Көлеңкедегі нарықпен күрес кәсіп­кер­лікті бақылау және мониторинг жүр­гізуді қатаңдатумен ғана шектел­мей­тінін көрсетіп отыр. Елдегі салық жүктемесі қомақты болғандықтан жұмысқа қамтудың бейресми түрі қарқын алды. Салдарынан жұмыс беруші жалақыны «конвертке салып беруді» жөн санайды. Бұл жағдай салықтан жалтаруға алып келеді. Мысалы, елімізде статистика комитетінің деректері бойынша, еңбекақы төлеудің жалпы қоры 18 трлн теңгеден асады. Бірақ төленген міндетті зейнетақы жарналары – 8 трлн теңге. Ал 10 трлн теңге көлеңкелі айналымға еніп отыр. Жұмыс берушіні салықтан жалтаруға итермелейтін себеп мынадай: қазір жұмыс беруші өз қызметкері үшін ай сайын жа­лақының 31 пайыз мөлшерінде бес төлем төлеуге міндетті. Оның ішінде жеке табыс салығы (10 пайыз), зейнетақы жарнасы (10 пайыз), әлеуметтік салық (6 пайыз), мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ау­дарма (3,5 пайыз) және әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру қорына (1,5 пайыз) жарна аударылады. Олардың бір бөлігі қызметкердің есебінен төленеді. Мысалы, зейнетақы аударымы және жеке табыс са­лығы. Былтыр Ұлттық экономика ми­нистр­лігі қосымша құн салығын 16 пайызға кө­теру туралы мәселе көтерген еді. Кейін кә­с­іпкерлердің шағымынан соң ҚҚС мөлшері бұрынғысынша 12 пайыз, ал КТС-20 пайыз межесінде қалды.

Сауда-саттық − көлеңкелі нарықтың көзі

Белгілі болғандай, былтыр салықтық жә­не кедендік түсімнің сомасы 2019 жыл­мен салыстырғанда 18 пайызға қыс­қа­ры­пты. Оған себеп − жалпыға бірдей дек­лара­циялаудың дұрыс жүргізілмеуі. Кешенді жұ­мыстарға қарамастан көлеңкедегі эко­номиканың үлесі жоғары деңгейде сақ­талып отыр. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері бойынша 2019 жылы ЖІӨ-дегі қадағаланбайтын экономиканың үлесі − 23,69 пайыз. Оның 5,65 пайыз тауарлар өн­дірісіне жататын көтерме және бөлшек саудаға тиесілі болса, қызметтер өндірісіне жататын авто және мотоцикл жөндеу са­ласында көлеңкелі айналымдағы қаражат кө­лемі 18,04 пайыз. Бұл салалардан бөлек ауыл, орман және балық шаруашылығы сала­сында 1,67 пайыз, құрылыс саласына 1,42 пайыз «көлеңкедегі нарық» қалып­тасқан. Әсіресе, көш басында аяқ киім және темекі саудасы тұр. Цифрлық экономиканы дамыту орталығының ақпараты бойынша аяқ киімнің көлеңкелі нарығы жалпы кө­лем­нің шамамен 48,5 пайыз. Ал темекі өн­дірісі мен саудасында «көлеңкелі эко­но­миканың» белгісі көп. Бұл мәселені шешу үшін былтыр елімізде темекі өнімдерін таңбалау басталды.

 width=

                                             Тауар таңбалау нәтиже бере ме? Елімізде 2017 жылы Еуразиялық эко­но­микалық одақ аясында тауар таң­балау жұмысы бастады. Алдымен тері өні­мін, былтыр темекі өнімін міндетті таңбалау енгі­зілді. Биыл 1 қарашадан бастап аяқ киімді таңбалау жүзеге асты. Жоспар бойынша ке­лер жылы дәрілік заттарды, алкоголь жә­не сүт өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауар­ла­ры­на цифрлық таңбалауды енгізу жоспар­лан­ған. Биыл жыл соңында киім мен то­қы­ма бұйымдарын цифрлық таңбалау бойын­ша пилоттық жоба іске асып, оған 15 ком­пания қатысады. Осы ретте айта кетерлігі, сарап­шылардың бағалауы бойынша Қазақ­стан­дағы киім нарығының 58 пайыз көлең­келі импортқа тиесілі. Тауарын таңбалап үл­гер­меген кәсіпкерлерге айыппұл салына­тынын да айта кеткен жөн. Аталған пилот­тық жоба саладағы бірқатар заңбұзушылық­тар­дың бетін ашады деген сенім бар. Себебі, ал­ғашқы тері бұйымдарын міндетті таң­балау кезінде қызметін патент негізінде жү­зеге асыратын субъектілер саны 13 есе қыс­қарды. Соның нәтижесінде 2018 жылы тауар­ларға арналған декларацияны рәсім­деген импорттаушылардың саны 30 пайыз­ға артқан. Кедендік баждар мен салықтық түсім­дердің үлесі 40 пайызға көбейді. Тауарға таңба салудың өзіндік жүйесі бар. Мысалы, өндіруші өнімнің әрбір қора­бына DataMatrix штрихкодын жабыс­тыруы тиіс. Онда өндіруші туралы дерек, өнімнің сериялық нөмірі, тексеру коды шиф­рланады. Сөйтіп, сатушы өнімнің шт­рихкодын арнайы аппараттың көмегімен ска­нерлейді. Сол арқылы сатылған өнім тура­лы ақпарат фискалдық деректердің опе­раторына келіп түседі. Онда белгілі бір өні­мнің сатылғаны туралы дерек шығады.

 width=Сапарбай ЖОБАЕВ, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы:

Жеке тұлғалар ғана емес, кәсіп­орын­дардың да табыс салығын арттыру қажет

− Елімізде былтыр «көлеңкелі эконо­ми­ка­­ның» үлесі 20,23 пайыз болған. Бұл ЖІӨ-нің бестен бір бөлігі деген дерек шықты. Бі­рақ 2017 жы­лы «көлеңкедегі эконо­ми­ка­ның» үлесі 28 пайыз көрсеткені белгілі. Сол жыл­мен салыстырғанда жағдайдың айтар­лықтай жақсарғанын көруге болады. Орта Азия ел­деріндегі экономиканың үштен бірі кө­леңкелі экономикаға жатады. Оның ішін­де заңсыз жолмен келген табыстың түрі көп. Яғни, мемлекетке салық түспейді. Осы рет­те, былтырғы мәлімет бойынша елдің ЖІӨ-і 70 трлн теңге болды. Бұған қосылуы тиіс 14 трлн теңге «көрінбей тұр». Меніңше, «көлеңкедегі нарықта» басым үлеске ие сала – арақ-шарап саудасы. Бұл тізімге бала бағу, көліктік қызмет түрі, репетитор ретінде сабақ беру, құрылыс жасауда көрсетілетін қызмет түрлерін қосуға болады. Осындай қызметтерден салық түспеген соң, мем­ле­кет­тік қазына ең кемі 1,4 трлн теңге түсім­нен қағылып отыр. Біздің бюджеттің құры­лымында 7,5 трлн теңгесі салық есе­бінен, 4,5 трлн теңге Ұлттық қордан, ал 2 трлн те­ң­­ге бағалы қағаздардан түскен түсім. Мем­­лекеттік қазынаның 14 трлн шығыны осылай жабылады. Ал көлеңкедегі қара­жат­тан кем дегенде түсуі тиіс 1,4 трлн теңге «кө­рінетін» айналымда болса, бұл мемлекет қа­зынасы үшін айтарлықтай көмек болар еді. Бізде бюджетке салықтан түсетін тү­сімдер аз. Себебі, бюджеттік шығын­ның жартысы ғана салықтан жабылады. Дүниежүзіндегі 170 мемлекеттің эконо­ми­касы салық есебінен «өмір сүріп» отыр. Пре­зидент те кезінде «біздің елдің шығыны та­бысына сай емес» деген еді. Ол үшін «кө­леңкедегі экономиканы» есепке алу қажет. Бұған дейін азаматтардың алатын табысына сай салық мөлшері бекітілуі тиіс деген мә­селе көтерілген-ді. Мысалы, 20-30 млн ай­лық алатын адамдардың жеке табыс салы­ғын 15 пайызға көтеру керек. Бұл бастамаға құ­зырлы органдар да, депутаттар да еш­қандай пікір білдірген жоқ. Ал зейнетақы қорынан берілген қаражат елдегі 2 пайызға ие дәулетті адамдардың «оң жамба­сына тура» келді. Тек жеке тұлғалардың емес, кәсіпорындардың да табыс салығын 20-30 пайыздан 40 пайызға көтеру керек деп есеп­теймін. Себебі, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тие­сілі еншілес кәсіпорындар мен ком­мер­циялық банктердің табысы пан­демия к­е­зінде де артқан болатын.

 width=  Асылхан АНДАШОВ, GSB UIB бизнесті талдау орталығы маманы:

Елдегі «көлеңкелі экономика­ның» басым бөлігі Қытаймен арадағы сауда-саттыққа тиесілі

− Былтырғы кедендік және салықтық тү­сім­нің төмендеуіне пандемия себеп бо­лып отыр. Бірақ елдегі «көлеңкелі эко­но­ми­каның» басым бөлігі Қытаймен арадағы сауда-саттыққа тиесілі. Мысалы, бұған дейін Қытайдың Қазақстанға экспорт кө­лемі мен Қазақстанның көрші елден сатып ал­ған тауар айналымында 7 млрд доллар айыр­машылық анықталған. Бұл қаражат Қа­зақстанның бір жылдық бюджет табы­сы­ның төртен бірі бөлігіне тең. Әрине бұл қаражат кө­леңкелі айналымнан шықса, бюджет бүйірі толысып қалар еді. Ең қызығы, пан­демия кезінде шекаралар жа­былып жатқан уа­қытта Қытайдан Қазақ­станға келетін кө­леңкелі сауда көлемі кө­беймесе, азайған жоқ. Осы ретте әлемдік озық тәжірибені ес­кер­ген жөн. Мысалы, Грузия салық жүйе­сін цифрландыру, жеке кәсіпкерлерге салықты азайтып, оны төлеуді жеңілдету ар­қылы салықтық түсімдер көлемі ЖІӨ-нің 20 пайызына жетті. Қазір Грузия «Нөл тере­зе» заңнамасын қолға алды. Онда кез келген тран­закция автоматты түрде саналып, са­лық алынып отырады. Тіпті, біздің ел енді ғана көшкен дек­ларация толтыру әдісі де оларға енді қа­жет емес. Ал Қытайда көлең­келі эконо­ми­камен күресу мақсатында қосымша құн салығын 2 пайыз кэшбек ретінде қайтару жолға қойылған. Мысалы, Қытай азаматы 20 мыңға азық-түлік алады да, чекті арнайы сайтқа тіркейді. Сөйтіп, 400 теңге өзіне кай­тарылады. Бұл бастама халықтың чек талап етуіне, сол арқылы са­лықтық түсімнің тұрақ­ты жүргізуілуіне мүм­кіндік беріп отыр. Қазақстан үшін сыртқы саудада Еура­зиялық экономикалық одақ – Еу­роодақ­тан кейінгі екінші ірі нарық. Сон­дықтан бұл одақпен де саудадағы ашық­тық­ты қамтамасыз ету аса маңызды. Бірақ атал­ған одақтан шығатын тауар өндіру­ші­лер таңбалаудан бас тартады. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен барлығы 19,7 млрд долларға сауда жасадық, оның 5,5 млрд доллары біздің оларға сат­қанымыз болса, 14,2 млрды сатып алға­ны­мыз екен.

   width= Нұржан БАЕКЕЕВ, «Қазақтелеком» АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры:

Әлемдік тәжірибеде тауарға міндетті таңбалау енгізу көлеңкелі айналымдағы нарықты 70-80 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді

− ЕАЭО елдерінің бірыңғай келісімі шең­берінде 2017 жылы тері бұйымдарын таң­балау туралы шешім қабылданды. Бұл на­рықта контрафакт деңгейі өте жоғары. 2020 жылдың қазан айында Қазақстанда те­мекі өнімдерін міндетті цифрлық таң­ба­лау енгізілді. Бүгінгі таңда шамамен 1 млрд темекі қаптамасына Data Matrix коды бар. Сондай-ақ, жақында Қазақстанда дәрілерді цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жоба аяқталды. Осы ретте айта кетерлігі, тұтынушылар naqty Onim мобильді қосымшасының көмегімен таңбалау кодын сканерлеу арқылы тауардың заңдылығын тексере алады. Енді темекі өнімдерін де осылай тексеруге мүмкіндік бар. Үкімет бекіткен темекі өнімдері мен аяқ киімді таңбалау кодына тарифтің құны 2 теңге 68 тиын. Ал «Еліміздегі кәсіпкерлер тауар таңбалауда шығынға батпай ма?» деген сауалға келетін болсақ, бизнес үшін таң­балау жабдығына жұмсалатын шығын­дар­дың 40 пайыздан 80 пайызға дейінгі өте­ма­қы­сын мемлекет қамтамасыз етуге дайын. Қазір бөтелкедегі су және құрамында қан­ты бар сусынды, алкогольді, сүт өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жо­ба­лар­ды іске асырып жатырмыз. Пилоттық жоба бойынша кәсіпкерлерден құралған фокус-топтар құрылды, тауарды таңбалауға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әлемдік тәжірибеде тауарға міндетті таң­балау енгізу көлеңкелі айна­лым­дағы нарықты 70-80 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді. Біздің нарықтағы 15 тауар түрін таңбалау арқылы 900 млрд теңге со­ма­сындағы қаражатты айналымға енгізуге мүмкіндік бар. Тиісінше, мемлекеттік бюджеттің кірісі салық есебінен жылына 100 млрд теңгеге артпақ. Яғни, бұдан мем­ле­кет те, бизнес те, тұтынушы да айтар­лық­тай пайда көреді.

   width=Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ, Экономикалық саясат институты­ның директоры, Президент жа­нындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

Мемлекет жуық арада «көлеңкелі экономикадан» шығудың жол картасын әзірлеуі керек

− Біздің экономика құрылым бойынша 6 топқа бөлінген. Біріншісі, экспорттық, ши­кізаттық сектор. Екіншісі, ішкі эко­но­микаға бағытталған. Келесі сауда және инф­рақұрылымдық сектор және бесіншісі, әлеуметтік сектор. Соңғысына өзге де са­лалар еніп отыр. Осы алты сектордың ара­­­сында қарама-қайшылық туындайды. Елде соңғы 10 жылда салық мөлшер­ле­месінің жоғары болуы, сыбайлас жемқорлық дамуы, басқа біреудің бизнесті тартып алу үдерісі етек ала бастады. Ресми мәлімет бойынша «көлеңкелі экономиканың» үлесі ЖІӨ-ге шаққанда шамамен 20-22 пайыз. Ал біздің институттың зерттеуі бойынша бұл көрсеткішті 26-27 пайыз деп есептеп отырмыз. Ал Дүниежүзілік банктің есебі «кө­леңкелі экономика» 30 пайыздан жоғары дегенге саяды. Мысалы, Қазақ­станның ЖІӨ-і бір жылда 100 млрд доллар десек, соның 25 пайызы яғни, 25 млрд доллар «көлеңкелі экономикаға» тиесілі. Соның салдарынан бюджетке түсуі тиіс қаражаттың орнын Ұлттық қор есебінен толтырып отырмыз. Бұл − бюджеттің 36 пайызы. Жалпы алғанда келер ұрпаққа қалуы тиіс ақшаны бүгін жарату эконо­микалық және бюджет саясатының дұрыс жүр­гізілмегенін көрсетеді. Осы ретте, мем­лекет жуық арада «көлеңкелі экономикадан» шығудың жол картасын әзірлеуі керек.

Түйін: Дамыған елдерде салық жүйесі жолға қойылған, экономикасы тұрақты, Ұлттық қорындағы қаражаты бү­гінгі күннің қамы үшін емес, келер ұрпақ­тың еншісіне деп сақталатынын көреміз. Ұлттық қор – айтып келмейтін апат кезінде халықты «асырауға», экономикалық дағда­рыс екі өкпеден қысып, тықыр таянғанда жұмсалуы тиіс қаражат. Бірақ мемлекет жыл сайын бюджет шығындарын жаба ал­ма­ғандықтан қор қаражатын сүлікше со­рып отыр. Осы ретте, әлемдік тәжірибе негі­зінде салық түсімдерін жүйелендіру, «көлеңкелі экономикаға» тұсау қою, эко­номиканы әртараптандыру сынды мәсе­лелер Үкіметтің күн тәртібінен түспеуі тиіс еді. Бұл бағытта ілкімді жобалар іске асқа­нымен, нақты нәтижені ел қазынасына тү­сер табыс еселенген кезде ғана сезінеміз.

Еркежан АЙТҚАЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары