293
Кейкі батырдың басы Қостанай облысына жерленеді
Кейкі батырдың басы Қостанай облысына жерленеді
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі көсемдерінің бірі Кейкі батырдың бас сүйегін зертханалық зерттеулер жүргізу үшін Астанадан Алматыға әкетті.
Бұл туралы Қазақпарат қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасай отырып хабарлады. «Нұрсан ағамыз Кейкі батырдың бас сүйегін Алматыға алып кетіп барады. Аэропорттың тексеруінен өтті Отбасымызбен Батыр мен ағамызды шығарып салдық. Астанадан (сағат) 22.30-да ұшады. Алматы қарсы ал!», - деп жазды саясаттанушы.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, антрополог мамандар батырдың бет келбетін жасап болғасын, шамамен 1-2 ай көлемінде бас сүйек Қостанай облысының Амангелді ауданындағы арнайы салынған мазарға жерленеді.
Кейкі батырдың басы қыркүйектің 6-сы күні Санкт-Петербургтен Астанаға жеткізілген болатын.
Кейкі батыр 1916 жылы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан.
1871 жылы Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Нұрмағамбет.
Кейкі Жыланшық болысының алпауыты Р.Шашамбайұлының малын қорып, дұшпанға қарсы салатын батыры болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен танылады. Құралайды көзге атқан мергендігінен ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сөз қалған.
Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының қазақтан әскерге адам алу туралы 1916 жылғы маусым жарлығынан кейін көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі болды. Ол көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарады. Ең қауіпті тапсырмаларды орындап, барлауға шығып тұрған. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті.