Адасқандар әуелі дәстүрді мансұқтап, ғұламаларды жоққа шығарады

Адасқандар әуелі дәстүрді мансұқтап, ғұламаларды жоққа шығарады

Адасқандар әуелі дәстүрді мансұқтап, ғұламаларды жоққа шығарады
ашық дереккөзі
400
Діни жат ағымның жетегіндегі адам ұлттық сипатынан айырылады. Бұл мемлекет тұтастығына қауіп төндіреді, демографиялық ахуалды қиындатады. БҰҰ жариялаған есеп бойынша Сирияға әлемнің әр түкпірінен 171 400 адам келген, оның 51 910-ы өлтірілген. Ал соғысқан, хабар-ошарсыз кеткендер – 119 490 адам. Сарапшылар Қазақстаннан Сирияға жалпы саны 800 адам аттанғанын айтады. Жихадшылардың соңында жылап қалған ата-анасы, бауырлары қайғыдан қан жұтып, шарқ ұрды. Тіпті баласын іздеген кейуана мен күйеуінің соңынан соғыс аймағына аттанған әйелдер де болды. Қазақстан – Сирияның соғыс аймағынан өз азаматтарын алып шыққан жалғыз мемлекет. Отандастарымыз қақтығыс аймағынан үш кезеңнен тұратын «Жусан» операциясы бойынша елге жеткізілді. Атап айтқанда, 2019 жылдың қаңтар айында «Жусан-1» операциясы нәтижесінде Қазақстанның 47 азаматы Сириядан оралды. 17 және 9 мамыр күндері «Жусан-2» операциясымен 231 азамат елге қайтарылды. Оның 159-ы – балалар. Ал 28-31 мамыр күндері жүргізілген «Жусан-3» операциясының шеңберінде 67 әйел мен 171 бала Отанымен қауышты. Елге оралған ересектердің біразы терроризмге қатысы бар деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жалпы Сириядан қайтарылғандардың бәрін ұзақ психологиялық, идеологиялық оқытудан өткізу мәселесі күтіп тұрды. Қазір Қазақстанда Сирия мен Ирактағы қақтығыс ошақтарынан оралған азаматтарды оңалтумен айналысатын ондаған орталық бар. Ол мекемелер Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Көкшетау, Атырау, Жезқазған, Қаскелең қалаларында ашылған. Құқық қорғау қызметкерлері, теологтар, психологтар мен педагогтар қақтығыс аймағынан келгендерді қоғамға қайта бейімдейді. Жат ағымның жетегінде кеткендердің барлығының көзқарасын өзгерту мүмкін емес шығар. Алайда бір адамның жан дүниесін жаңартып, санасын жат ағымның салдарынан айықтыру – тұтас қоғамның жеңісі. Бүгінде Дін істері комитеті заңды түрде жұмыс істейтін діни бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайтты. Діни ғибадатханалар мен діндарлар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Имамдардан құралған арнайы топ жат ағым өкілдерімен жеке-жеке әңгімелеседі. Мамандар интернет арқылы ағартушылықпен айналысады. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаевпен аз-кем әңгімелескен едік.  width= Сириядан келгендердің қоғамға бейімделуіне уақыт керек – Елімізде жат ағымның жетегінде кеткендердің нақты саны белгілі ме? – Жат ағымның жетегінде кеткендердің санын нақты айту мүмкін емес. Олардың ішінде ислам дініне тиістісі бар, қатысты емесі де көп. Бізде жат ағым өкілдері деп тек уахабилік бағытты ұстану­шылар ескеріліп жатады. Ал олардың саны 10-20 мыңнан асып жығылады. – Теріс ағымдар мен террорлық ұйымдар­дың сипаты мен жұмыс істеу тәсілі қандай? – Зерттеушілердің айтуынша кез келген ағым мен террорлық ұйымдардың негізгі сипаттарының бірі ақиқатты монополизациялау. Бұл дегеніміз, тек өздерін ақиқат жолында санап, қалғандарын адасуда, қателік жасап жүр деп есептеу. Яғни, өз­дерінен басқасын кәпір санап, Тозаққа кірушілер санатына жатқызады. Ал олардың жұмысына келсек, кез келген жат ағымның жұмыс істеу тәсілі бірдей десек болады. Нақты уахабилікті алатын болсақ, кезінде, олар әуелі белді ислам ғұламаларының рөлін төмен­детіп, мәзһаб ұғымын теріске шығарды. Осындай әрекет арқылы өздерінің ғалымдарының атын шы­ға­рып, соларға еруге шақырды. Әдет-ғұрып­тары­мызды жоққа шығарды. Діннің негіздерін біл­мейтін жастарға бұл қызық көрінді. Осылайша жас­тар соларға ерді. Олар бұл мақсатта әлеуметтік желінің күшін өздеріне тиімді пайдаланды. Барлық мессенджерлер арқылы жұмысын жүргізді. Облыс орталықтарында, үлкен қалаларда орта­лық­тарын ашты, өзге тілден еңбектер аударылды, кітап­тары таратылды. Насихат жұмыстарын осы­лай жүргізді. – «Жусан» операциясы бойынша елге орал­­ғандар туралы айтсақ. Оңалту жұмыс­тары қандай нәтиже беріп жатыр? – Аталған операция аясында елге орал­ған­дар­мен ҚМДБ қызметкерлері мемлекеттік құзырлы орын­дармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұ­мыс атқарып келеді. Әйел азаматтар және ба­ла­лар­мен жұмысты оңалту орталықтары жүргізеді. Имам­дар теологтармен қатар оларға діни дәрістер жүр­гізіп, діни оңалту жұмыстарына атсалысуда. Оралғаннан соң темір торға қамалған азамат­тар­мен де теологиялық жұмыс жүргізілуде. Олардың басым бөлігі бұрынғы райларынан қайтып, ради­кал­ды көзқарастарынан бас тартуда. Бірлескен жұ­мыстың нәтижесі бар деп нақты айта аламыз. – Сирия мен Ирактан оралған әйелдер мен балалардың жағдайын бақылап оты­ра­сы­з­дар ма? Олардың еліміздегі қалыпты өмір­ге үйренуіне қанша уақыт қажет? – Жоғарыда айтқанымыздай, шетелден орал­ғандармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. ҚМДБ өз тарапынан теологиялық көмекпен қатар, қол ұшын созып, қайырымдылық шараларын жасауда. Қайырымдылық аясында ұйымдастыры­латын барлық шара, акцияларға қатыстырылып, әйелдер мен балаларға қамқорлық көрсетілуде. Кей­бірінің баспаналы болуына да ұйытқы бол­ғанымызды атап өтсек болады. Ал қалыпты өмірге үйреніп кету уақыты әрқайсысының қаншалықты радикалданып, психологиялық соққы алуына бай­ланысты әртүрлі болады. Бұған қоса, оңалту жұ­мыс­тарының дұрыс және жүйелі ұйымдас­тырылуына байланысты екенін де ескеруіміз қа­жет. – Елге оралған кейбір ер адамдар адасқан үстіне адасып, райынан қайтпай жатады, ал әйелдерді рухани дағдарыстан шығару оңайы­рақ дейді. Мұның себебі неде? – Шынымен де, елге оралған ер адамдар ішінде бұрынғы көзқарастарынан бас тартқысы кел­мейтіндер азаймай отыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Ал әйелдерді рухани дағдарыстан шы­ғарудың оңайырақ болуы олардың күйеулері сол жақта қайтыс болып, солардың ықпалынан шығуы­ның нәтижесі деп айтсақ болады. Кей жағ­дайда олар күйеулеріне анық сеніммен «ермеген» болып шығады. Ал елге оралған соң тәуелділіктен шығып, имам-теологтардың, психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби һәм жүйелі де кешенді жұмысының арқасында әйелдер рухани дағдарыстан тезірек шығып жатады. – Әйелдердің басым бөлігі Сирияға күйеуі шақырғандықтан кеткенін білеміз. Бұдан өзге себеппен кеткен әйелдер бар ма? – Сирияға аттанғандардың басым бөлігі күйеуінің ықпалының нәтижесінде кеткендер. Десек те, керісінше, әйелдердің күйеулеріне ықпал ету мүмкіндіктерін де жоққа шығармаймыз. Өйт­кені ондай фактілер тіркелген. – Экстремизм және терроризм баптары бойын­ша жазасын өтеп жатқандардың түр­медегі ықпалын шектеу мақсатында қандай жұ­мыстар атқарылып жатыр? – Ондай азаматтардың түзеу мекемесінде үгіт-на­сихат жүргізуіне қатаң тыйым салынған. Тәр­тіпке бағынбаған жағдайда жазаға тартылып, беріл­ген мерзім үстіне мерзім алуы ықтимал. Бас­қа да жазалау түрлеріне тартылуы мүмкін. Сон­дықтан аталған баптар бойынша жазасын өтеп жатқандар үгіт-насихат жүргізуден бойын аулақ ұстайды. P.S. Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бар. Оның жалпы бюджеті – 270 миллиард 148 миллион теңге (696,389 миллион АҚШ доллары). ҰҚК 2013 жылдан бастап 38 террористік шабуылдың тамырына балта шапты. 380 қазақстандық күмәнді шетелдік оқу орындарынан қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары