Балқашта ауқатты қария қызынан алимент талап еткен

/
Балқашта ауқатты қария қызынан алимент талап еткен
istockphoto.com

Балқаш қаласының зейнеткері қызынан ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде өзіне алимент өндіруді талап етіп, сотқа жүгінді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Талапкер тұрмысқа қажетті шығындар мен дәрі-дәрмек сатып алу үшін материалдық көмекке мұқтаж екенін, алайда қызы оған қаржылай қолдау көрсетпейтінін мәлімдеген.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауға міндетті.

Алайда істі қарау барысында Балқаш қалалық соты зейнеткердің ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екенін анықтады.

Қызы талап арызбен келіспейтінін айтып, өзі екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын, олардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, 85 мың теңге жалақы алатынын түсіндірген.

Оның айтуынша, әкесі материалдық көмекке мұқтаж емес, өйткені ол коттеджде жалғыз тұрады, жеке көлігі бар, зейнетақы алады және дәрігерлер оған тек дәрумендер ғана тағайындаған.

Іс материалдарын зерттеген сот талапкердің материалдық көмекке мұқтаж азаматтар санатына жатпайтыны туралы қорытындыға келді.

Сот зейнеткердің емделуге тұрақты түрде шығын шығаратынын, үздіксіз күтімді қажет ететінін немесе қолындағы қаражаттың күнделікті өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз екенін дәлелдейтін нақты айғақтар ұсынбағанын атап өтті.

Сонымен қатар, ер адамға қосымша материалдық көмекті оның ұлы көрсететіні де анықталған.

Шешім шығару кезінде сот талапкердің зейнетақы мөлшері ең төменгі жалақыдан жоғары екенін және әкесі мен қызының арасында бұрыннан қалыптасқан араз қарым-қатынас барын ескерді. Соттың пікірінше, дәл осы жағдай талап арыздың берілуіне себеп болуы мүмкін.

Нәтижесінде сот алимент өндіру туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты. Шешімге шағым түсірілмеген және ол заңды күшіне енді.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары