Қостанай қаласының №2 сотында міндетті лицензиясыз заңсыз микрокаржылық қызметті жүзеге асырып, аса ірі мөлшерде табыс тапқаны және жеке тұлғаларға ірі мөлшерде залал келтіргені, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны (жылыстатқаны) үшін К-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2018 жылғы тамыз бен 2024 жылғы қараша аралығында сотталушы К. өзінің қылмыстық ниетінен хабарсыз А. мен Т.-ның көмегімен Т.-ның «Instagram» әлеуметтік желісіндегі кең аудиториясы бар аккаунтын пайдаланып, сондай-ақ «OLX» мобильді қосымшасында хабарландырулар орналастырған. Хабарландыруларда ол пайыздық үстемемен және мүлікті кепілге қою арқылы қарыз беруді ұсынған.
Кейін оған жүгінген азаматтарға ай сайынғы 8-10 пайыз сыйақымен қолма-қол ақша қарызға берген.
Осылайша, сотталушы нотариустар куәландырған 52 қарыз шартын жасаған.
Бұдан бөлек, К. жұмыссыз бола тұра және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, заңсыз жолмен алынған 35 миллион теңге көлеміндегі ақшаның шығу тегін жасыру мақсатында аталған қаражатқа жақын досы И.-дың атына «Mercedes-Benz G 500» маркалы автокөлігін сатып алған. Кейін сол күні көлікті мүгедектікке байланысты еңбекке жарамсыз туған әпкесінің атына қайта рәсімдеген.
Сотталушы К. өзіне тағылған айып бойынша кінәсін мойындамады.
Сот сотталушының жеке басын, жасалған әрекеттердің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, К.-ға түпкілікті 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеледі. Сондай-ақ ол 6 жыл мерзімге қаржылық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда кәсіпкерлік және микрокаржылық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.