Энергетикалық өзгерулерден Қазақстан да қалыс қалмайды

Энергетикалық өзгерулерден Қазақстан да қалыс қалмайды

Энергетикалық өзгерулерден Қазақстан да қалыс қалмайды
ашық дереккөзі
1076
Өткен аптада «Нұр Отан» пар­тиясының Саяси талдау және cтра­тегиялық зерттеулер орталығы өткізген шарада энергетикалық революция тақырыбы сөз болды. Жиынға қатысушылар Қазақстанда жасыл экономиканы қолдану мен жаңартылған энергия көздерін дамыту жайын талқылады. «Зерде» сараптама клубының отырысын партия хатшысы Фархад Қуанғанов жүргізді. Өз сөзінде ол дәл қазір әлем бойынша энергетикалық революция жүріп жатқандығын, бұл үдерістен Қазақстан да шеттеп қала алмайтынын айтты. – Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көмір, газ, мұнай секілді отын түр­ле­рінен жаңғыртылмалы энергия көздеріне бет бұрып жатырмыз. Осы ретте экономиканың даму болашағы жел, су, күн көзінен алынатын арзан әрі экологиялық таза қуат көздерін пайдаланумен тікелей байланысты екенін атап айтқым келеді. Жасыл экономиканы әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің инвесторлары белсенді түрде қарастыруда. Қазақстан да бұл маңызды қадамды қолдайды. Астанада өткелі отырған «Болашақтың энергиясы» тақырыбын арқау еткен ЭКСПО-2017 көрмесі осының айғағы, – деді ол.  Оның айтуынша, энергетикалық революция дәстүрлі қуат көздерінен бас тарта отырып, күн, жел, су сияқты баламалы қуат көздерінің күшін игілікке айналдыруды көздейді. – Әлемнің алдыңғы қатарлы инвесторлары баламалы қуат көздерін бекерден-бекер  болашақ индустриясы ретінде қарастырып жатқан жоқ. 2015 жылы жел электр станциялары адамзат тарихында тұңғыш рет атом электр станцияларынан басым түсті. Мысалы, Данияда пайдаланылатын қуат көзінің 40 пайызы жел электр станцияларынан алынады. 2050 жылға қарай бұл ел өзін дәстүрлі қуат көзіне тәуелділіктен босатып алмақшы, – деді партия хатшысы. Бұдан кейін ол жел электр стан­циялары қазірдің өзінде жер бетіндегі ең арзан электр қуатын пайдалану мүмкіндігін беріп отырғанын баяндады. – Қытайда 2012 жылдан бері жел электр станциялары  электр қуатын атом электр станцияларынан бірнеше есе көп беріп жатыр. 2014 жылы Қытай 21 гигаватт жел энергетикасының қондырғыларын құрды. Бұл өзгерістер мақсатты түрде даму даңғылына түсу үшін жасалып жатыр. 2030 жылы Еуропа Одағының стратегиясына сәйкес, электр қуатының 80-90 пайызы баламалы қуат көздерінен өндіріледі, –  деді Ф. Қуанғанов. «Зерде» сараптама клубының жиынына ғалымдар мен энергетика саласының мамандары қатысты. Әлемдегі энергетика жайы, жаңғыртылмалы энергия көздерін қолданудың маңыз­дылығы талқыланды. Энергия бағасының негізгі динамикасын анықтайтын саяси, экономикалық және технологиялық факторлар сарапқа салынып, болжамдар айтылды. Сонымен қатар, басқосуда Саяси талдау және cтратегиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Тимур Айсауытов пікір білдірді. Ол дүниежүзі бойынша мұнай бағасының күрт төмендеуі энергетикалық ландшафтқа үлкен құбылыс әкелгенін атап көрсетті. – Біз мұнай нарығындағы тенденциялар  мен трэндтерді назарда ұстай отырып, болашақ энергиясы үшін баламалы қуат көздерін қолдануға көшуіміз керек, – деді ол. Оның айтуынша, елімізде жаңғыртылмалы энергия көздерін қолдану үшін шет мемлекеттердің энергетика саласындағы озық тәжірибелеріне жүгіну қажет. Ал энергетика технологиясы ғылыми тұрғыда жаңғыртылуы тиіс.  

Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы

Серіктес жаңалықтары