602
«Нұр Отан» партиясы: «Мәңгілік Ел» идеясы – дініміз бен тіліміздің беріктігін айқындайды
«Нұр Отан» партиясы: «Мәңгілік Ел» идеясы – дініміз бен тіліміздің беріктігін айқындайды
Қоғамда орын алған жайттарға талдау жасау – «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық кеңесінің басты міндеттерінің бірі. Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жиында «Мәңгілік Ел» идеясы негізіндегі дәстүрлі рухани құндылықтар мен ішкі тұрақтылық мәселелері назарға алынды. Бұл ретте экстремизм мен терроризмнің алдын алудың тетіктері және «Мирас» қоғамдық кеңесінің 2015 жылғы 5-шi қарашадағы ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысында айтылған ұсыныстар сөз болды.
Жиналғандар «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы қазақ елін жарқын болашаққа бастайтынын атап көрсетіп, аталмыш идея ұлттық бірлік пен бейбітшіліктің, халықты әлеуметтік қорғаудың һәм ұлттық қауіпсіздіктің темірқазығы екенін жеткізді.
Кеңес төрағасы биыл еліміз ширек ғасырға аяқ басып, тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өткелі отырғанын тілге тиек етіп, Қазақстан ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының түрлі қиындықтарына қарсы тұра білгенін баяндады. Ол еліміз тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырғанын, толағай жетістіктерге қол жеткізгенін және әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгенін атап көрсетті.
– Бүгінгі күн тәртібіне қойылған тақырыптар өте ауқымды. Оның бірі, «Мәңгілік Ел» идеясы негізіндегі рухани құндылықтарға, тұрақтылық пен келісімге, ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа арналады. Себебі «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы барша қазақстандықтардың ынта-жігерін қоғам алдында тұрған маңызды міндеттерді шешуге жұмылдыратын идея. Бұл идея Қазақстанды ел ретінде ғана емес, біртұтас ұлт ретінде танытады. Демек, біз, «Мәңгілік Ел» болудың даңғыл жолына түсу үшін болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыра отырып, елдің бірлігін, ынтымақтастығын, ауызбіршілігі мен татуластығына үлкен мән бере және түсіндіре отырып, алға қойған мақсаттарымызға бағыт алуымыз қажет. Сондай-ақ, біз дәстүрлі құндылықтарды қолдау, ұлттық барабарлықты анықтайтын адамгершілік бағдарларды қалыптастыру және дамыту, қоғамның зияткерлік әлеуетін күшейту арқылы «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратынымызға кәміл сенеміз. Мақсатымызды айқындап, өркендеу жолына бағыт ала бастағанда соңғы кездері еліміздегі ынтымақтастығымыз бен тұрақтылығымызға қарсы қырын білдіріп жүргендердің қарасы көбейе бастағаны баршамызға мәлім. Олар әрине, ислам діні атын жамыла отырып, елден тысқары жерден елдің ішкі тұрақтылығына балта шабуда. Соның дәлелі ретінде, биылғы Ақтөбе және Алматы қалаларында белең алған қанды оқиғаларды атап өтуге болады. Бір өкініштісі, сол оқиғаларды ұйымдастырған теріс діни ағымның жетегіне кеткен қандас бауырларымыз. Ұлтқа, жалпы елге қарсы лаңкестік шабуылдардың алдын алу, болдырмау, сонымен бірге олармен қарсы күрес мақсатында бірқатар шаралар жүргізіліп жатыр.
Соның бірі, ең алдымен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қоғам болып қайта қарап, заңды күшейту мәселесін қолға алып жатыр. Міне, осы тұста қалың бұқара, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдеріне осынау ауқымды жұмыстарды іске асыруда аса үлкен жауапкершілік артылып отыр, ̶ деді М. Әшімбаев.
Жиында «Мәңгілік Ел» идеясының жалпы тарихы мен әлеуеті туралы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбек сөз етіп, қазіргі жастар мәселесін де тілге тиек етті.
– Елімізде жастар саясатымен Мәдениет және спорт министрлігі, Білім министрлігі т.б ұйымдар айналысқанымен одан бірізділік, жүйе көре алмай отырмыз. Жасыратыны жоқ, көп уақытқа дейін ақпараттық қауіпсіздік мәселесі назардан тыс қалып келді. Елбасының арқасында осы салада жаңадан министрлік құрылды. Бұлай болмаса, көптеген дүниеміз жаудың қолында қалып кетер ме еді? Бұған қоса, дінге байланысыты да жеке министрлік құрылып отыр. Осы екі министрліктің атқарған жұмыстарынан жақсы нәтиже күтеміз.
Қазақ білетін, біз білетін ислам біреу еді. Соны қазір тоқсан тарауға бөліп отыр. Алдымен осы мәселенің шешімін тауып, тыйым салу қажет.
Қазақ жастары 1986 жылы алаңға шығады деп ешкім ойламаған-ды. Бұл оқиға емес, Кеңес өкіметін тас-талқан еткен көтеріліс болатын. Сондықтан, қазіргі уақытта ең алдымен жастарға жағдай жасауымыз керек. Өтірік сөйлеп, жастардың мейманасын тасытқанша, оларға іс жүзінде материалдық көмек көрсетіп, мемлекет өз қанатының астына алғаны дұрыс. Үйі-күйі жоқ жастар қаланың төңірегін, бұта-бұтаны аралап пана іздеп жүр. Сондықтан, қаржы бөліп, алдымен үй мәселесін шешуге тиіспіз. Қызметі бар, басында баспанасы бар, білімді жастар жұмыс жасап, шаңырақ көтеріп, ертеңі үшін еңбек етеді. Ал қуыс-қуысты паналағандары – әртүрлі ағымның етегінде жүріп, өзі адасады. Елді адастырады. Тіпті, айтуға ұят, студенттердің степендиясы да тым мардымсыз. Осыны Үкіметтің назарына іліктіру керек деп ойлаймын, ̶ деді М. Жолдасбек.
«Мәңгілік Ел» идеясының ұлтаралық қарым-қатынас құндылығындағы рөлі туралы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазахстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманұлы сөз алып, идеологияның мән-маңыздылығы турасында өз ойын білдірді.
Ал ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетенің төрағасы Ғалым Нұрмағанбекұлы өз баяндамасында 14-29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастардың әртүрлі көзқарастар мен деструктивті идеяларға сенетінін айтты. Оның мәлімдеуінше, террористік актілерді талдау қорытындысы террористердің 55 пайызы – 29 жасқа дейінгі, 35 пайызы – 30-39 жас аралығындағы азаматтар, тек 10 пайызы ғана 40 жастан асқан адамдар екенін анықтаған.
– Елдегі тұрақтылықты, қоғамдағы келісім мен бейбітшілікті сақтап, баянды ету үшін мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан қыруар игі шараларға қарамастан, соңғы уақытта жастардың шет ағымдағы көзқарастардың ықпалына ұшырап, экстремистік әрекеттерге бой алдыруы байқалуда. Өйткені ашық ақпарат кеңістігі мен ашық шекара саясатын өз мақсатына пайдаланған теріс пиғылды ағымдар еліміздің аумағына да тамыр жайып үлгерді. Жастардың қатысуымен Ақтөбеде орын алған келеңсіз жағдайлар – осының көрсеткіші. Саяси мақсатты көздеп, дін атын жамылған бұл ағымдардың еліміздегі алауыздық пен қақтығыстарды туындатқаны белгілі. «Жалған жиһадтың» жетегіне еріп, Сирия еліне аттанғандардың да басым көпшілігін жастар құрайды. Жалаң қағидаларға негізделген мұндай жат ағымдардың басты нысанасы ұлттың дәстүрлі құндылықтарын күйретіп, қазақ халқының рухани мұрасы мен мәдениетін жоққа шығарып, сол арқылы діни сананы өзгерту.
Жалпы жастардың экстремизмге бой алдырып, теріс пиғылды ағымдардың жетегіне ілесуінің басты себебі – діни сауатсыздықта болып отыр. Сондықтан осы бағыттағы күрестің негізгі тетігі – жастардың діни сауаттылығын арттыру керек.
Діни экстремизм мен терроризм әрекетіне қарсы тұрып, радикалды идеялар мен лаңкестік әрекеттерге қарсы иммунитет қалыптастырудың ең негізгі құралы алдын алу шараларын ұйымдастыру. Радикалды сипаттағы діни ағымдардың қақпанына түспеген жастарды арашалау, теріс пиғылды діни ағымдардан келетін қауіп-қатерді халық арасында кеңінен түсіндіру тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Өйткені экстремистік идеялар халықты өзінің ертеден келе жатқан бай рухани құндылықтары мен салт-дәстүрінен бас тартуға итермелеп, мәдени, тарихи, рухани санасын жойып жіберуді көздейді. Мұндай қауіпті идеология кез келген мемлекет секілді Қазақстан қоғамының да ішкі тұрақтылығына елеулі қатер төндіреді.
Мемлекетіміздің дін саласындағы уәкілетті органы Дін істері комитеті тарапынан экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарына қатысты түрлі бағытта сан алуан шаралар атқарылуда. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы қолға алынып, қарқынды жұмыс жүргізуде, – деді.
Оның сөзінше, жыл сайын Дін істері комитетінің жанынан құрылған Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, халықпен кездесу өткізеді. Аталған топқа елімізге белгілі дінтанушылар, исламтанушылар, имамдар және де сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Биылғы жылдың екінші жарты жылдығында комитет жанынан құрылған ақпараттық-түсіндіру тобы Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Жамбыл Солтүстік Қазақстан облыстарында болып, жергілікті халықпен оның ішінде жұмысшы, еңбек адамдары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және де жастармен кездесу өткізді. Бұған қоса, өңірлердегі жергілікті ақпараттық түсіндіру топтарына арнайы семинарлар да өткізілген.
– Ең алдымен жастармен жұмыс істеуге баса назар аударылды. Бұл ретте, мектеп оқушыларымен, орта және жоғары оқу орындарының студенттерімен және жұмыссыз жүрген жастармен ақпараттық-түсіндіру тобы кездесіп, олардың пікір алмасу өткізді.
Ағымдағы жылдың І тоқсанында түсіндіру жұмыстарымен 2 мыңға жуық әртүрлі пішіндегі тікелей іс-шаралар өткізілген.
–Дін істері комитетінің және оның құрылымдық мекемелерінің басшылығымен ақпараттық-түсіндіру топтары және де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғын халыққа үздіксіз түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жасөспірімдер, жастар және әйелдер аудиториясына арналған семинарлар жүзеге асырылуда, – деді комитет төрағасы.
Ал Ақтөбе облысында іс-сапарда жүрген «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы, наиб мүфтиі Серікбай Сатыбалдыұлы жиынға бейне конференция арқылы байланысқа шығып, аймақтағы атқарылып жатқан шаралар туралы мәлім етті. Сондай-ақ, Серікбай Ораз кешегі Құранды қолға ұстаудан қорыққан, намазды тығылып оқитын, жаназаны жасырын шығарған заман артта қалғанын айта келіп, еліміздің түкпір-түкпірінде зәулім мешіттер салынып, мұсылман жұртшылығының игілігіне беріліп жатқанын, азан шақыруға, намаз оқуға, бес парызымызды ұстанып жүруге барлық жағдай жасалғанына тоқталды.
– Мұның барлығы Елбасының асыл дінімізге жасаған қамқорлығы екені даусыз. Ендеше, осынау берекемізді баянды ете түсу үшін не істеуіміз керек? Менің ойымша, осынша игілікті сақтап қалу үшін қазақтың әр баласына терең білім, көркем мінез, мықты рух, өз қадірін білетін биік сана және ең бастысы тонның ішкі бауындай татулық керек. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте.
Өкінішке қарай, мәзһабты мойындамай, дәстүрді мансұқтап, бүгінгі бейбіт күн мен еркіндіктің игілігін жеке мүдделеріне пайдаланғысы келетін радикалды діни ағымдар ел ішіне бүлік тудырды. Олар Исламды саналы түрде жүрек қалауымен қабылдаған халқымыздың әдет-ғұрыптары мен дініміздің асыл құндылықтарын жоққа шығарғысы келеді. Радикалды діни ағым өкілдері: «Біздің ғана жолымыз дұрыс» – деген жалаң қатаң көзқарасты ұстанады. Бұл – дінде бөлшектенудің бір көрінісі.
Қазіргі заманда бір мәзһабты ұстану мәселесі де аса маңызды. Өйткені біздің діндегі құқықтық мектебіміз имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы, ал діни сенімдегі жолымыз – Матуриди ақидасы. Мәзһаб – дін саласындағы құқықтық мектеп, –деді «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы.
Мәулен Әшімбаев Астанадан арнайы дін мамандарын өңірлерге жіберіп, халықпен кездесулер өткізуді оң бастама санайтындығын жеткізді. Серікбай Сатыбалдыұлынан Ақтөбе өңіріндегі қазіргі жағдайды сұраған ол, қандай шаралар өткізіліп жатқандығына қызығушылық танытты.
– Ақтөбеде 200-ге тарта бірнеше саладағы мамандармен оның ішінде теологтар, дін ғалымдары сонымен қатар, әлеуметтік салада қызмет етіп келе жатқан жауапты мекемелердің орынбасарларымен кездесу, жиындар өткіздік. Алдағы уақытта ЖОО-да, мешіттер мен қоғамдық орындарда басқосулар өткізу жоспарда бар. Жалпы, алғанда өңірде діни ахуал тұрақты, – деді «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы.
Бүкіл әлемге қауіп төндіріп отырған экстремизм мен терроризмнің астарында жаңсақ идеология жатыр деп санайтын дінтанушы, теология докторанты Қайрат Жолдыбай лаңкестікті қандай да бір қанды оқиғамен ғана байланыстырмау керектігін айтты.
–Экстремизмді шектен шығу деп түсінсек, онда қоғамды бөліп, адамдар арасына іріткі салып, оларды қатыгездікке тәрбиелейтін, өзге адамдардың наным-сеніміне қол сұғып, пікіріне төзімсіздік танытатын, ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды мансұқтап, діни тарихымызды танымайтын кез келген идеология экстремизмге жатады. Міне, осындай идеологияны уағыздайтын ағымдар мемлекетіміздің болашағына қауіп төндіріп отыр. Бұл жерде салафизм ағымын ерекше айта кету керек. Ал салафизм дегеніміз – араб тілінен аударғанда «бұрынғылар» деген мағынаны білдірді. Ал діни термінде, ислам діні келгеннен кейінгі үш буын адамдарына «салиқалы бұрынғылар» делінген.
Ескеретін жайт, салаф пен салафия, салафизмді бір-бірімен шатастырмауымыз керек. Салафия – бұл дінді түсіну формуласын, діни көзқарастарын, салиқалы бұрынғылардың атымен бүркемелейтін, солардың атын жамылатын діни ағым. Салафизмнің ерекшелігі – буквализмде жатыр. Ол дегеніміз Құранның аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерін кімге, қандай жағдайда, қай уақытта, нендей мақсатта, не үшін айтылғандығына назар аудармастан тура мағынасында түсіну формасы. Ұлттың ерекшелігі мен жердің, елдің, заманның, қоғамның жағдайымен санаспай тіке шабатын, ақыл-есті шектеу формуласы. Бұл бойынша дінді түсінген адамға басқаша ойлау – тозаққа жетелейтін, діннен шығаратын әрекет болып көрінеді. Өздерінің діни түсінігімен, наным-сенімін ғана дұрыс санап, қалғандарын адасқанға шығарып, Алла мен жұмақты жекешелендіріп алған ақиқаттың монополистері десек, артық айтқандық емес. Осы тұрғыдан алғанда, салафизм ағымы біздің бүкіл идеологиямызды, бүгінде мемлекеттің бағдарына айналып отырған «Мәңгілік ел» идеясының негізі саналатын ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығарумен ерекшеленеді, – деді.
Осы орайда, ол салафизм ағымына заң тұрғысынан тыйым салу керектігін, бұл ретте бірқатар ұсыныстар әзірлегендігін де жеткізді.
– Мемлекетіміздің дінге қатысты заңында жазылған кіріспеде, «ханафи мазхабының тарихи рөлін таниды» деген сөз бар. Бұл ханафилікті мемлекетіміздің ашық мойындауы деген сөз. Бірақ бұл мойындаудың, құқықтық тұрғыдан ешқандай функциясы айқындалмағандықтан, құқықтық негізде түсініктемесі жасалмағандықтан салмағы да аз. Жаңа министрлік дайындап жатқан діни концепцияда осы жағын қарастырады деген сенімдеміз. Меніңше, заңда көрсетілендей мемлекетіміз ханафи мазхабтың тарихи рөлін танитын болса, оған ашық қолдау көрсетілуі керек. Оған қарсы шыққандарды, қарсы үгіт жүргізген кез келген ағымды тәртіпке келтіріп, оны экстремизм деп тануымыз керек. Ал салафизмге заң тұрғысынан тыйым салсақ, Араб мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынасымызға көлеңке түседі деген уәж айтылып жүр. Бұл негізсіз қауіп. Салафилікті мемлекеттік идеология ретінде ұстанып отырған Араб мемлекеттерінің беделді, тіпті, қасиетті саналатын бірқатар идеологтарының еңбектеріне экстремистік бағытта деген негізбен, соттың шешімімен елімізде тыйым салынды. Ал дипломатиялық қарым-қатынасымызға көлеңке түсетін болса, ол кітаптарға, авторларға тыйым салынбас еді.
Бұл бағыт кейбір елдерге тиімді болғанымен әр елдің жеке шындығы, өз жағдайы бар. Олар оны ескеруі керек. Бұл жағдайды дипломатиялық жолмен түсіндіруге болады деп санаймын.
Екіншіден, салафизмге тыйым салсақ, олар жаппай радикалданып, жарылыстар көбейіп кетеді деген қауіп бар. Бұл да орынсыз дәйек. Біз мемлекет ретінде сол жарылыстарды жасап жүргендерге заңмен қатаң тыйым салатын боламыз. Ал заңға да қарамай тыйым салатын болса, онда ол аса қауіпті ағым. Осыны кең көлемде белең алмай тұрып, заң аясында шешіп алуымыз керек деп ойлаймын.
Салафизммен күресу үшін ағартушылық жағына да аса мән бергеніміз дұрыс. Бұл мақсатта «Нұр-Мүбәрак» университетінің іргесінде ашылған «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу институтын қаржымен қамтамасыз етіп, еліміздің білікті діни мамандарын шоғырландырып, Ханафи мазхабы мен Матурида ақидасына қатысты барлық қажетті мұраларды қазақ және орыс тілдерінде жинақтап, жарыққа шығару керек. Салафизмде айтылып жүрген барлық уәждерге ғылыми тұрғыдан жеке-жеке жауап беру қажет. Бұл ретте, аудио, видео өнімдерді тарататын арнайы портал құрып, онда халықты толғандырған мәселелерге жауап ала алатындай деңгейге жеткізу қажет, – деді.
Жиын барысында еліміздегі өзге де облыстар онлайн режимінде байланысқа шығып, дінтанушы ғалымдар мен Дін істер комитетінен келген жетекшілерге өз сұрақтарын қойды.
Тақырыпты қорытындылау кезінде Мәулен Әшімбаев экстремизм және терроризммен күресті тек бір заң аясында шешу мүмкін еместігін айтты. Бұл ретте, министрліктер, партиялар мен әкімшіліктерге де артар жүк ауыр дегенді алға тартты. Айта кетерлігі, экстремизм мен терроризмге қатысты дайындалып жатқан заң жобасы қазан айының аяғына дейін екі оқылымда қабылданбақ.
«Мирас» қоғамдық кеңесінің күн тәртібінде бекітілген екінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жайында Тілдерді дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Сәрсенбайұлы баяндама жасады. Оның сөзінше, 2016 жылдың І жарты жылдығында мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі іс-қағаз жүргізудің үлесі 90 пайызға жеткен. Алайда еліміздің солтүстік өңірлерінде бұл көрсеткіш ілеспе хаттармен орыс тілінде әзірленіп, одан кейін барып қазақ тіліне аударылып, сол құжаттардың есебінен толтырылып отырған. Бұл мемлекеттік органдарда құжат жасайтын мамандардың жетіспейтіндігін көрсетеді.
– Елімізде қаржы, экономика, техника саласындағы құжаттар негізінде орыс тілінде әзірленетіндігі анықталып отыр. Бұған қоса, мемлекеттік тілде жүргізілген жарнамалардың қателері көп. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында облыстық тіл басқармалары жанынан сыртқы жарнама, тауарлардағы жапсырмалар, баға көрсеткіштері және т.б мәтіндердің сауатты жазылуын қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнес өкілдері мен жарнама агенттіктері үшін тегін консультациялық көмек көрсететін жедел желі қызметтері іске қосылды, – деді ол.
Тіл мәселесіне қатысты айтылған ұсыныстар мен талап-тілектердің орындалуы бұнымен шектелмек емес. Келесі 2017 жылғы «Мирас» қоғамдық кеңесінің жұмыс жоспарыда Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасының 2-кезеңі (2014-2016 ж.ж.) бойынша министрліктің есебін тыңдау жоспарға енгізілген. Министрлік есебінен тіл саясатына байланысты нақты қандай шаралар атқарылғандығын бағдарламаның жоспарында айқындалған көрсеткіштер (республикалық және аймақтық деңгейдегі) қаншалықты орындалып жатыр және тағыда басқа сұрақтар тыңдалатын болады.
Еркежан ЖҰМАТАЙ