Елордада «Отандастар» саябағы ашылады

Елордада «Отандастар» саябағы ашылады

Елордада «Отандастар» саябағы ашылады
ашық дереккөзі
338
Кеше «Отандастар қоры» КЕАҚ-тың ұйымдастыруымен Триатлон паркінде ағаш егу іс-шарасы өткізілді. «Отандастар қоры» ұжымы сенбілікке қатысып, ағаш отырғызып, қаламыздың көркеюіне өз үлестерін қосты. Бұл игілікті істің орындалуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл белдеу» елорда іші мен маңайындағы аймақтарды абаттандыру бағдарламасы мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы бес жыл ішінде елді мекендерде 15 млн. ағаш отырғызу туралы тапсырмасы негіз болыпты. Ағаш отырғызу – экологиялық, экономикалық, рухани және тәрбиелік мәнге ие. Әрбір ағаш қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асып, бір құс ұя салып, жемісін жесе, бір адам көлеңкесін саялап, кәдесіне жаратса, осының бәрі үлкен сауапты іс. Ағаштың экологиялық мәселені, ғаламдық жылынуды реттеуде және топырақты бекітуде де маңызы зор екені баршамызға аян. Тұрмыста қолданылатын қызметі өз алдына бір бөлек әңгіме. Осы орайда, «Бір тал кессең, он тал ек» деген керемет сөзді ұранымызға айналдырып, еліміздің экономикасын экологиямен қатар ұстау маңызды. «Мемлекет тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ағаш егу акциясын ел іші мен шетелдегі қандастарымыз белсене қолдап отыр. Былтырғы жылы Омбы, Ыстамбұл, Ташкент, Берлин, Киев қалаларында тұратын қандастарымыз үшін «Абай» мәдени-іскерлік үйлері ашылған еді. Аталған мәдени-іскерлік үйлері қандастарымыз тұратын алыс-жақындағы мемлекеттерді атажұртпен байланыстырушы алтын көпірге айналып келеді. Биылғы күзгі ағаш егу шарасына да белсене атсалысамыз деген жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігімен «Отандастар аллеясын» ашу жоспары пысықталып жатыр.  «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей шетелде тұратын 7 миллионға жуық барша қандастарды көшет отырғызу науқанына шақырамын», - дейді «Отандастар қоры» КЕАҚ-тың вице-президенті Мағауия Сарбасов. Іс-шара аясында 5 мемлекетте ашылған «Абай» мәдени-іскерлік үйлеріне де арналып бір-бір түп ағаш отырғызылды. Осы орайда дархан даламыздағы табиғатты қорғап, аялау әрбір Қазақстан азаматтың борышы екені белгілі.

Серіктес жаңалықтары