298
"Сатпас бұрын бюджет ақшасына күрделі жөндеу жүргізген". Түркістан қаласының әкімдігінің ғимараты арзанға сатылып кеткен
"Сатпас бұрын бюджет ақшасына күрделі жөндеу жүргізген". Түркістан қаласының әкімдігінің ғимараты арзанға сатылып кеткен
Түркістан қаласы әкімдігінің қызметкерлері отырған ғимаратты қала басшылығы нарықтағы құнынан әлдеқайда арзан бағаға сатып жіберген. Оған қоса, әкімдік ғимаратты сатпас бұрын бюджеттің ақшасына оны күрделі жөндеуден өткізіп берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті прокуратураға сілтеме жасап.
4 қабатты ғимарат Есім хан алаңында орналасқан. Ал ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен небәрі 300 метр қашықтықта тұр. Қалалық әкімдіктің жүздеген қызметкері осылайша екі жылдан бері жалға алынған өзге ғимараттарды жағалап жүруге мәжбүр. Ал, қаланың қақ ортасындағы ғимараттың мемлекет меншігінен шығып кеткенін қалалық прокуратураның өкілдері анықтапты.
Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбектің мәліметінше, әкімдік электронды аукцион өткізгенде оған бір ғана адам қатысып, жеңімпаз болып шыққан. Талап бойынша аукционға қатысушы ұйымның саны екіден кем болған жағдайда конкурс өткізілмеуі тиіс. Қызығы, бұл қағида қаперден қалыс қалып, жеңімпаз болған әйел әлгі ғимаратты қонақ үйге айналдырмақшы болады. Алайда, шенеуніктердің әрекетін прокуратура біліп қойып, әкімдікті сотқа берген еді.
«Жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалау туралы 2020 жылғы 18 тамыздағы № 99 санды келісім-шарттын жарамсыз деп танып, күшін жою. «Бағалау және сараптама» ЖШС 2020 жылғы 18 тамыздағы № H10-08 жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есебін жарамсыз деп танып, күшін жою. 2020 жылғы 7 қазандағы электрондық аукционның қорытындысының № 163366 санды хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою. 2020 жылғы 8 қазандағы «Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімі» ММ мен жеке кәсіпкер Құлбибі Бектасова арасындағы ғимаратты сатып алу-сату туралы № 21408-ЭТП санды келісім-шартын жарамсыз деп танып, күшін жою. 2020 жылғы 19 қазандағы «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ мен жеке кәсіпкер Құлбибі Бектасова арасындағы № 1 санды мемлекеттік мүлікті сатып алу-сату бойынша қабылдау-өткізу актісін жарамсыз деп танып, күшін жою», - деп көрсетті Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбек.