ҰБТ-да 137 балл жинаған түлек мұғалім болуды армандайтынын айтты

ҰБТ-да 137 балл жинаған түлек мұғалім болуды армандайтынын айтты

ҰБТ-да 137 балл жинаған түлек мұғалім болуды армандайтынын айтты
ашық дереккөзі
311
"Ұлттық бірыңғай тестілеу әрбір түлектің өміріндегі маңызды қадам. Дегенмен, негізгі мақсат ҰБТ-ны жақсы тапсыру ғана емес, бастысы – өмірде өз орныңды тауып, табысты тұлға болу", дейді Қарағанды қаласындағы №61 жалпы білім беретін мектептің түлегі Әділсамат Абитаев. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.  Түлек ҰБТ-да 137 балл жинап, тестілеудегі бұл нәтижесі үшін мұғалімдеріне алғыс білдіреді. Әділсамат тестілеу алдында еш алаңдамағанын және «тестілеуде жақсы нәтиже көрсетемін» деп әуел бастан өзіне сенім артқанын атап өтті. Сұхбат барысында талапкер тестілеуге қалай дайындалу қажет екендігін айтып, пайдалы кеңестерімен бөлісті.
"ҰБТ-ның барлық сұрағы мектеп бағдарламасы бойынша дайындалған. Көптеген тест сұрақтарына оңай жауап беруге болады. Аудиторияда сізді алаңдатып, көмек сұрайтын балалардың болуы әбден мүмкін. Оларға айтар басты кеңесім: адам баласы қандай жағдай болмасын, тек өз күшіне ғана сенуі тиіс", – дейді Қарағанды қаласындағы №61 жалпы білім беретін мектептің түлегі.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ҰБТ электрондық форматта өткізіліп жатыр. Сондай-ақ талапкерлер тестілеуді екі рет тапсыра алады және мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына үздік нәтижесі бар сертификатты ұсына алады.
"Талапкерлер үшін тестілеу аяқталғанға дейін жауаптарын өзгертіп, алдыңғы сұрақтарға оралу мүмкіндігі бар. Егер бұрын тестіленушілер жауап парақтарын бояуға көп уақыт жұмсаса, қазір олай емес. Бұрын сканермен тексеру кезінде дұрыс толтырылмаған жауап нұсқаларының есептелмей қалуы сияқты жағдайлар орын алатын.  Электрондық форматтың арқасында біз өз нәтижелерімізді ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден білдік. Менің кейбір таныстарым тестілеу аяқталғаннан кейін бірден апелляцияға беріп, бұл олардың уақытын айтарлықтай үнемдеді. Ең бастысы – енді түлектер екі мәрте бақтарын сынай алады. Әрине, бұл жаңалықты біз үлкен қуанышпен қабылдадық", – деді Әділсамат Әбітаев.
Оның айтуынша, мақсатқа жету үшін тек армандау ғана жеткіліксіз, сондықтан көп еңбектену қажет.
"Өмір атты белесте «ҰБТ-ны жақсы тапсырсам болды» деген мақсатпен шектелмей, одан әрі белгілі бір жетістіктерге жетуге талпыныс жасау керек. Мен басқа да талапкерлер осындай ой түйгенін қалаймын. Ұлттық бірыңғай тестілеуді белгілі бір деңгейден өтуге көмектесетін көмекші құрал ретінде ғана қарастыруымыз қажет. Абай хакім «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» демекші, талапкерлерді тек өз күштеріне ғана сенуге шақырамын", – деді Әділсамат.

Серіктес жаңалықтары